Ауыл

Еңбек ерінің баласы қоян бағып, құс өсіреді

Қарауылкелділік азамат Хайролла Шалқарбаевтың үйі шетте, Ақтөбе-Атырау- Астрахан тасжолына жақын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, бірінші топтағы мүгедек апасы Мәнеттің атына берілген осы баспанада қазір төрт отбасы тұрып жатыр. Бұлар бір кездері осы жерде маңдай терін төгіп еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері атағын алған Хафиз Шалқарбаевтың балалары, немере, шөберелері. Сол әке қанымен келген қасиет бұларды да өз еңбегімен күн көруге, тырбынып өз нәпақаларын табуға жетелейтін сияқты.
Үй алдындағы шағын қора-қопсы аула шаруашылығының әлденеше түрінің басын біріктіреді. Отыз шақты қой, сиыр өз алдына, осы шағын ғана аула мен сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек буынтық қораларда қоян, құс шаруашылығын құрып отыр. Ол бірнеше шағын фермалардың басын құрайды десек, қателеспейміз. Осыны естіп барған біз, Хайролланы «жау киімін» киіп шаруа жайлап жүрген жерінен ұстадық. Әуелі ыңғайсызданған кейіп танытып, «Менікі әзір шағын нәрселер. Ақшам болмай діңкем құрып тұр ғой» деп бір кіжініп алып, аулаға бастады.
Ауланың шағын бір бөлігінде қоян өсіретін тұрақ тұр. Қоян осы жерде туып, көжектері аяқтанып, далаға шықпай өсіп-өне береді екен. Өз қолымен жасаған бұл қондырғыны өзі «бункер» деп атайды. Жем-шөбі осының ішінде беріледі.Оның қалдығы, қиы өздігінен төмендегі қоқыс жәшігіне төгіледі. Осы арнайы қондырғыны қолы шебер жігіт интернеттен үлгісін алып, өзі құрастырып жасапты. Қазір бағымдағы аналық қояндар, 10 көжек осынау бөлек-бөлек клеткаларда тұр.
Жақында ғана 9 көжекті 1,5 мың теңгеден сатып жіберіпті. Алушы алыстан келмеген, қоян өсіруге талаптанған өзінің көршілері көрінеді. Жалпы ауданда қоян өсіруге ынталылар көп деседі. Өйткені қазіргі кезде қоян пайдалы болып тұр. Оның үстіне өсімтал. Біз қоян үш ай сайын туады деп білетінбіз. Ал Хайролла «45 күнде туады, көжегі 15 күнде отығып, аяқтанады» дейді. Ол бағып отырған қоянның тұқымы да әртүрлі. Бұл шаруамен өткен күзден айналыса бастаған. Қоянның өсімтал ерекше тұқымын интернет арқылы іздестіріп, сол жерлерден арнайы барып сатып алып отырған. Бастапқыда бұл қояндар 4 көжектен өсіпті. Қоянның корегі шөп, көкөніс. Екі асылтұқымды аталық қоян өз алдарына аулада еркін шауып жүр.
— Бизнестің көзін мен біліп тұрмын, бірақ қолым қысқа. Мысалы, мынадай қоян өсіретін қондырғы жасап бер деп келушілер өте көп. Бірақ, оған материал сатап алатын қаржым жоқ, — дейді Хайролла.
Ашық аула ішіндегі қоян өсіретін қондырғы жанынан бізді кәсіпкер қораға бастады. Мұнда құстың түр-түрін көруге болады. Еттік бағыттағы үнді үйрегі. Ірі болумен бірге, бұл құс өзге үйректер сынды суға түспейді. Бройлер күркетауықтар тіпті ірі көрінеді. Қазірдің өзінде екі күркетауық ұяда жұмыртқа басып жатыр. Ал Хайролланың тауықтары қазірдің өзінде ұя басып, балапанын өргізіп жүр. Мен тауықтың қыста балапан өргізгенін осында алғаш көрдім. Тек балапан емес, таңғалғанымыз көп, тауықтың сан түрлі тұқымы бар. Әтештері де, тауықтары да сирақты, балақ жүнді, ірі. Тауық бағудың шеберіне айналған азамат мұның әрқайсысының қандай тұқым екенін, қасиеттерін сағаттап әңгімелейді. Қазір базарға жұмыртқасын шығарып, бір данасын 25-30 теңгеден пұл қылады. Әрине, жұмыртқасы ірі, сапалы болғасын тұтынушылар алады. Өйткені кәсіпкер мұндай жұмыртқа туатын асылтұқымды тауықтарды өзі аяқтай жүріп, Астрахань, Орынбор қалаларынан, өзіміздің облыстың ішінен сатып алады.
— Мына тауықты жақында 2,5 мың теңгеге Қандыағаш қаласынан сатып әкелдім. Мұның қасиеті — жұмыртқа туғыш. Қазір арзан, ертең 5 мың теңге болады. Ақшам болмай, көп ала алмадым. Шеткі тауықтың тұқымы былтыр 15 мың теңгеден болды. Қазір 4 мың теңгеден бар. Астрахань қаласынан таптым. Бір шаруамен барғанда пойызбен барып, алып келдім. Қайда да құстың осындай тәуір тұқымын іздеп жүремін, — дейді әңгіме арасында кәсіпкер.
Бір мезгілде «Бері жүріңдер» деп тағы бір шағын қораға кіргізді. Мұнда қабырғаға қонақтап, кәдімгі 4 көгершін тұр.
— Мен көгершін де өсіремін, — деді. Бұл енді хоббиі болар деп ойлап, мұның қанша қажеті бар, қандай пайда дегендей сыңай байқаттық.
— Көгершіннен пайда көп болып тұр. Оннан асырып едім, сатып жібердім, қазір төртеуі ғана қалды. Қосақ көгершін — 10 мың теңге. Сұраныс көп, — деді.
Хайролланың кәсіперлікті дамытуға келгенде жоспар-жобалары тіпті көп. Осы ойларын айтып, аудан әкіміне де барған. Ол арнайы цехтардан қоян, құс өсіруге қолайлы тор жасатып беруге, тиісті орындар ақылы несие қарастыруға уәде берген. Алайда Хайролла несие алуға онша құлықты емес, кепілдік сұрайды деп, қашқақтайды. Кәсіпкердің әзір кепілдікке қоятын мүлкі жоқ. Кепілдіксіз осылай да біраз шаруаны тындыратынына сенімді. Елуді еңсеріп қалған азамат бұған дейін талай қиындықты басынан өткерген. Кешегі кеңестік заманда орта мектепті бітіре сала бір отар қой баққан. Алайда одан да опа таппаған. Оған қарағанда қазіргі бейнетті еңбектің зейнетін мол көреді. Өйткені ол өзінің жекеменшігі, халқына, еліне тигізетін игілігі. Алғашқы қадамымен-ақ өзінің, баласының, бірінші топтағы мүгедек апасының отбасын, немересін бағып отыр. Осы сезім оның жүрегін әрдайым жылытып тұрады. Үлкен кәсіпкерлік жолға қарай жетелейді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button