Ауыл

Дербес дәріхананың арзан бағасы

Байғанин ауданында бұған дейін арнаулы салынған дәріхана құрылысы болған емес. Аудан орталығында үш дәріхана жұмыс істегенмен, олардың барлығы да шағын бөлмелерде орналасқан еді. Сондықтан өткен жылдың соңына қарай Қарауылкелдіде дербес дәріхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенде, жұртшылық тегіс қуанды. Ақтөбе қаласындағы «Желдорфармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дәрі-дәрмек бөлшек сауда желісіне қарайтын бұл дәріхана ауданға үлкен сый болды. Серіктестік мұндай дәріхананы бұған дейін еліміздің батыс аймағында Ақсайда, Қарабұтақта, былтыр күзде Сағызда пайдалануға берді. Әрине, құрылысты тендер бойынша жеңіп алған құрылыс компаниясы салған.
Дәріхана сатушысы Алтын Арыстанғалиева:
— Ауылдан шеткері көшеде болғанмен, жаңа аурухана құрылысына жақын орналасқан. Бұл сырқаттардың аяқтай келіп, дәрі-дәрмек алуына мүмкіндік береді. Еңселі, сәулетті, газбен жылытылады. Дәріханада арнайы дәрі-дәрмек маманы жұмыс істейді. Мен сатушымын, — деп жаңа денсаулық сақтау ғимаратының артықшылығын да айтып өтті.
Мамандығы медбике болғанмен, осыдан он жыл бұрын ауданның орталық дәріханасына жұмысқа ауысқан Алтын бұл салада да тәжірибе жинақтап, маманданып алған.
Аталған серіктестіктің бөлшек дәрі-дәрмек саудасы желісі арқылы келетін дәрілер мен медициналық құралдар бұл ауылда өзге дәріханаларға қарағанда салыстырмалы түрде арзан. Ардагерлер мен зейнеткерлерге дәрі-дәрмек арнайы жеңілдіктермен сатылады.
— Өйткені арада делдал жоқ, біз дәрі-дәрмекті серіктестіктен тікелей аламыз, — дейді сатушы.
Шынында да, мұнда дәрі-дәрмектің көпшілік түрлері Ақтөбе қаласындағы дәріханалардан да арзандау көрінді. Соны байқап, біз де іздеп жүрген бірқатар дәрімізді осы жерден сатып алдық.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button