Ауыл

Коттеджін балабақшаға берді

Кәсіпкер

Жағдайдың жақсарып, сәбилердің дүниеге келуінің молаюымен байланысты қайда да балабақшаға деген сұраныс артып отыр. Жақында ғана аяқталған барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру жиналыстарында да негізгі мәселелердің бірі осы болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балабақша тапшылығын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдану арқылы шешуді ұсынды.Өйткені бюджет қаржысы есебінен жаңа балабақшалар құрылысын салудың аясы қазіргі кезде тарылып отырғаны белгілі. Мұны Астана, Алматы сынды ірі қалаларда кәсіпкерлердің жеке коттедж үйлерін балабақшаларға ыңғайлап бере бастағанынан да аңғарамыз. Осындай игілікті бастама жақында алыстағы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде жалғасты.
Құрылысы бірер жылдықта аяқталған, су жаңа коттеджін ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Нұрдәулет Сейілханов пен Айнагүл Ізімова балабақшаға берді.
— Бұдан басқа да үйіміз болғасын, коттеджімізді балабақша мекемесіне айналдыруды дұрыс көрдік. Қазір құжаттары толық жасақталды. Облыстық санитарлық -эпидемологиялық басқармасының комиссиясы қарады. Балабақша талабына сай ішкі құрылыстарын өзгертуге енді кірісеміз. Біздің отбасылық бизнесіміз жыл сайын кеңейіп келеді. «Әсем» деп аталатын сауда үйіміз бар. Есік-терезе, басқа да құрылыс бұйымдарын шығаратын цех жұмыс істейді. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың төбе жабындыларын дайындаумен айналысамыз. Осындай өндірістік бұйымдар өндіретін шаруашылықтармен өзім айналысамын. Сауда үйі мен балабақша жолдасым Айнагүлдің атында, оларға басшылықты да сол жасайды, — дейді отағасы.
Бізді осында бастап келген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Ердәулетов аудан халқының үздіксіз өсіп келе жатқанын, соңғы санақ бойынша 23 мың халық болса, соның 11 мыңы осы Қарауылкелді басында тұратынын айтты. Бұл 75 орындық жаңа балабақша аудан орталығындағы төртінші мектепке дейінгі мекеме болмақ. Алайда қазіргі кезде балабақша кезегінде 240 бала тұрғанын ескерсек, мұның өзі де мәселені толық шеше алмайды екен.
— Жаңа мектеп құрылысы салынумен байланысты бұрынғы интернат үйі босады. Балабақшаға ыңғайланып осы құрылыс қайта жарақтандырылмақ. Жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Бұл құрылыс аяқталғанда балабақшамен кезекте тұрғандар толық қамтылады, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Мұндай әріптестіктің екі жаққа да тиімді жағы көп екен. Бұрынғы жылдары 75 орындық тап осындай балабақша салынған. Тек сол құрылыстың өзі мемлекетке 60 млн теңгеге түскен. Ал бұл істі жеке кәсіпкер қолға алғанда, ғимарат, төсек орын, жиһаз, балабақшаға қажетті басқа да керек-жарақ кәсіпкердің өзінен болады. Балабақша іске қосылған кезде біраз жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жерде мемлекет әр балаға 23-24 мың теңге шамасында қаржы ғана береді. Әрине, осы әріптестік арқылы жеке кәсіпкердің бизнесін дамытуға мемлекет кең жол ашып отыр.
«Істің адамы сөзге жоқ болады» деген рас сияқты. Нұрдәулет те, Айнагүл де көп сөзге жоқ. Телеграф тілімен шаруаларын тақ-тұқ айтады. Елбасы саясатына ризашылығын білдіреді. Бас-аяғы жеті жылда кәсіпкерлікте осындай табыстарға жетуі саяси тұрақтылықтың, қамқорлықтың арқасы деп біледі. Сондықтан мемлекетке қазіргідей экономикалық қиын кезде қолдау көрсету парызымыз деп есептейді.
Ауылдастарының бизнес иелеріне беріп отырған бағасы да биік, алғысы да шексіз. «Екеуі де керемет еңбекқор. Жиырма бес жастарында дүкен, отызға жетпей үй салды. Өз еңбектерімен игілікке жетіп отырған жастар» дейді. Қарауылкелділік әр жас осылардай болса екен деп армандайды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button