Ауыл

Аралтоғай ауылында кооператив құрылды

 Республикада тұңғыш рет

 

Сөз бен іс

Өткен жылдың қазан айында Президент «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» Заңға қол қойды. Бұл ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының қызметін кешенді түрде реттеуге бағытталған маңызды құжат еді.
Осы заңды асыға күткен азаматтардың бірі Аралтоғай ауылының тұрғыны Абзал Нығметов болатын. Ол 1997 жылы Орал қаласындағы аграрлық колледжді ветеринарлық фельдшер мамандығы бойынша бітірген, одан кейін Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінен экономист-бухгалтер мамандығын алып шыққан. Он жылдан астам уақыт бойы ауылда ветеринарлық пунктке жетекшілік етеді. Яғни осы өңірдің төрт түлік малының амандығы, түрлі ауру-дерттерден сақтандырылуы осы Абзалға байланысты екен. Басқа округтермен салыстырғанда екі-үш фельдшерді қажет ететіндей ауқымды шаруаны осы жігіттің жалғыз өзі-ақ атқарып жүргенге ұқсайды.
Абзал сонымен бірге осы кезге дейін бауыры Асқардың иелігіндегі «Рахат» деп аталатын шаруа қожалығының да бүкіл тірлігін ұйымдастырып, дем берушісі болып шықты. Осы кезге дейін 268 гектар жері, сонымен бірге бағымдарында 268 сиыры бар ағайынды Нығметовтер ауылдағы көш басында жүрген азаматтар екені байқалады.
Алайда Абзалдың көңілі көншімейтін бір жай — мал тұқымын асылдандыру, мемлекеттен субсидия алып, шаруаны кеңейту, мал өнімдерін молайту ісіндегі қолбайлаушылықтар екен. Оның да әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, шағын шаруасы бар қожалықтарға несие беріле бермейді, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда да шегіншектейтін жайлар баршылық.
Осының бәрін қалай реттеуге болады, ілгері бастайтын жол қандай деп ойланып жүргенде, «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» Заңның жарыққа шығуы оның алдынан бір бағытты көрсеткендей болады. Осы тақырып төңірегінде бұған дейін де ақылдасып, ойласып жүрген ауылдастары өздерінің арасындағы сөздің іске айналатын күні қашық емес екендігін сезгендей, бұрынғыдан да біріге түседі.
Негізінде бұрынғы кездері кеңшар орталығы болған Аралтоғай селосы аудан орталығынан 105 шақырым қашықтықта. Осы селолық округке қарасты Аралтоғай, Милысай, Қияқты және Ұлғайсын елді мекендерінде қазіргі уақытта 1825 адам тұрады.
Селолық округтің әкімі Рахила Сейітованың айтуынша, ауыл бұрынғы қалпын сақтаған. Яғни байырғы тұрғындар тіршіліктерін жасап, малдарын бағып, өзге де кәсіптерін өрбітіп, нәпақаларын алыстан іздемей, туған жер төңірегінен табуды жөн көрген. Бұған осы өңірдің шұрайлы табиғаты, құнарлы жайылымы да өз ықпалын тигізген сияқты. Ауыл аумағындағы жеке тұрғындар иелігінде төрт мыңнан астам ірі қара, алты мыңдай қой-ешкі, 181 жылқы бар. Ал ұзын-саны отыздан асатын жекелеген шаруа қожалықтарының үлесі түліктің кейбір түрінен бұдан да қомақты.
Бір кездері ауылдың айналасы жасыл жайлау, шөбі сол күйінде қара күзге дейін сақталады екен. Ал беріректе жеке адамдардың малы көбейген соң айнала шаңға бөгіп, жердің берекеті кете бастапты. Бұрынғы нудың орнын қамыс басып кеткен. Бұл жағы да тұрғындарды алаңдата бастапты.
Ал бұдан құтқаратын бір жол тағы да кооператив құруға қарай бағыттайды. Өйткені, алдын ала жасалған жоспар бойынша, бұл кооперативтің малы жаз бойы жайлауда бағылады.

Алғашқы қадам

Абзал Нығметов былтыр «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ауылға 20 асылтұқымды ақбас бұқа алып келіпті. Ондағы ойы — мал тұқымын асылдандыру. Бұл алғашқы қадам ауылдастарының көңілін аударған. Кім қорасындағы малының күйлі болғанын, ертең етке тапсырғанда мол өнім бергенін жек көреді? Осындай ниет жетегіндегі ауылдастар ауыл шаруашылығы кооперациясын құру жөніндегі ұйымдастыру жиналысына да бір кісідей жиналыпты.
Сонымен, қаңтар айындағы жиын көп мәселенің түйінін шешіп берді. Осында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Рахат» тұтынушылық кооперативі негізінде ауыл шаруашылығы кооперациясы құрылатын болды.
Алғашқы кездесуде бірігуге талаптанушылар арасында туындаған сауалдар аз болған жоқ. Мәселен, ауыл тұрғындары «Тұтынушылық және өндірістік кооперативтер арасындағы айырмашылықтар қандай?», «Тұтынушылық кооперативке қанша мөлшерде субсидия тиесілі?», «Ауыл шаруашылығы кооперативінің қандай құқықтық ережелері бар?», «Қажет болып қалғанда кооперативтен малды алуға бола ма?» деген секілді көкейлеріндегі күмәнді сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Ал ақпан айында өндірістік-өткізу бағытындағы кооператив өзінің төлқұжатына ие болды. Оның негізгі бизнес-процесі аясында асылтұқымды мал, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, мал азығындық базамен, жер учаскесімен қамтамасыз ету, машина-трактор стансасының қызметін ұсыну, мамандарды оқыту, өнім өткізу жұмыстары атқарылады. Қазіргі уақытта ірі қара өсіретін бұл ұжымға 54 жеке адам малдарын біріктірді. Олардың барлық малы 603-ке жетті.
Олардың арасында сиырлары саны оннан асатын Сырым Байшолақов, Қазыбай Отаралин, Сәтжан Құрмашев, Ерік Қуанышев, Алпысбай Жұмабаев, Қазыбек Көшеров секілді тұрғындар бар.
Сонымен, Аралтөбе ауылынан отыз шақырымдай жердегі, Қыналы, Соналы деп аталатын өңірдегі құнарлы жерден 5 мың гектар аумақ жаңа кооператив иелігіне берілді. Жайылымдықты сумен қамтамасыз ету мәселесі лизинг арқылы шешілмекші. Сонымен бірге, мал бақташыларын көлік атымен қамтамасыз ету, басқа да тұрмыстық жағдайларды шешу қарастырылуда.
Кооперативте әзірге бір трактор, бір автомашина бар. Таяу маңда техника санын көбейту көзделуде.

 

 

 

 

 

Жекеменшік жетістіре ме?

Біздің қоғамымызда бір кездері жекеменшіктен бірігуге көшу, яғни колхоздасу шаралары жүргізілген. Одан кейін арада біраз жыл өткенде жекешелену басталды. Енді бір белесті өткергенде бірігу қажеттігі тағы білінді. Сондықтан тұрғындар арасында азды-көпті қобалжулар орын алғаны рас. Олар табысты бөлу, кооператив шығындарын көтерісу, кооперация құрамындағы сауын сиырларды үй жағдайында ұстағандағы субсидия төлемі жөнінде мамандардан түсінік алып барып, көңілдерін бірлеген сыңайлы.
Дегенмен, жекеменшіктің бұған дейінгі түрі кең қимылдауға мүмкіндік бермейтінін түсінген тұрғындар бекерге бас қосқан жоқпыз деп отыр. Мәселен…
Хайролла Аяпбергенов: «Өзіміздің жеке ауламызда өсіріп отырған малымыз бар, былай қарағанда тіршілігіміз жаман емес. Бірақ шаруа бірқалыпты тұра беруі тиіс пе? Жас балалар өсіп келеді, ертеңгі күнді ойлауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда қолымыздағы санаулы қара-құраға қарап отыра бермей, оларды көбейтуіміз керек, өнімдерін пайдаланғанымыз жөн деген секілді ойлар мені де мазалап жүрген. Ауылымыздағы бас көтерер азаматтарымыздың бірі Абзалмен ақылдастым. Оған «менің жасым жетпіске келіп қалды, бұрын ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар механизатор болып еңбек еткенімді, басқа да жұмыстардың тізгінін ұстағанымды білесің, біраз тәжірибем бар, бірігіп бір шаруа істейік те» дедім. Ол да өзінің көкейінде жүрген біраз ойларын ортаға салды. Қатарымызға басқа да ауылдастарымызды тарттық.
Менің өзімнің бағымымда 11 сиырым, ұсақ баспақтарым бар, соларды ортаға салмақшымын».
Тайбек Ибрашев: «Мен өзім бұрын құрылыс саласында жұмыс істедім. Әрине, ауылда тұрған соң негізгі тіршілік көзіміз — мал. Оған тіпті де дау жоқ. Сондықтан соңғы жылдары отбасымыз болып мал басын көбейтуді көздедік. Бірақ қалай? Қазір мен кооперативке 16 сиырымды қосқалы отырмын. Өзімнің жеке трактор-машинам бар, сонымен жаз бойы шөп дайындап, кооперация мүшелерінің қажетті қыстық мал азығын дайындауға көмектеспекпін. «Көп түкірсе — көл» деген бар, бірікпесек, бұрынғы өгіз аяңмен жүре беретінімізді ұқтық.
Өз басым бұл бірігуден үлкен үміт күтемін. Ең алдымен мал басын асылдандыруға мүмкіндік бар. Одан мол өнім алуға жол ашылады. Яғни ет, сүтті көп өндірсек, оның қандай зияны бар? Қазір де қыс қарсаңында мал семіртіп, сатып пайдасын көріп отырмыз.
Тағы бір ұтатын жеріміз — біз кооператив болған жағдайда мемлекеттен әр сиырға жылына 18 мың теңге субсидия беретінін білдік. Бұл үлкен көмек емес пе?! Оның үстіне еркек бұзауларды «АкТеп» фирмасына кооператив атынан тапсырып және субсидия алады екенбіз».
Ауыл шаруашылығы кооперативінің сенімді басқарушысы болып табылатын Абзал Нығметов республикалық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абай Мырзахметовтың өзі Аралтоғай ауылы тұрғындарының бастамасымен танысып, қолдап отырғанын қуанышпен айтты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы кооперативтің құрылған алғашқы күнінен-ақ оны ұйымдастыру, әділет органдарында заңды тіркеуден өткізу, жағдайлар жасау, бизнес-жоспар әзірлеуге көмектесу, әртүрлі сипаттағы кеңес беруді ұйымдастыру, жалпы жобаны қолдау бағытында ауыл тұрғындарының оң жағынан табылуда.
— Біздің мақсатымыз — облысымызда ғана емес, жалпы республика бойынша да қанатқақты жоба ретінде танылып отырған ауыл шаруашылығы кооперативінің табысты жұмыс істеп кетуіне көмектесу, қолдау көрсету, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкері Сағынғазы Құрманалин.
Тағы бір айта кетер жай — кооператив болашақта «АкТеп» серіктестігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істемекші. Осындағы ет комбинаты «Рахат» кооперативінің ірі қарасын тиімді бағамен сатып алмақшы.

* * *
…Ауыл адамдарымен біраз әңгімелестік. Бәрінің де ниеті түзу. Малдарын біріктіріп бағып, берекеге кенелгісі келеді олар.
Сөз арасында әзілдеп, «Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» секілді болып, ертеңгі күні әрі тарт-бері тарт болып кетпейсіздер ме?» дегенбіз, оның жауабын осындағы жасы үлкен Хайролла ағамыз берді. «Біз жекеменшік — Жексен секілді болып та көрдік, одан ұтарымыз жоқ екенін білдік, ендігі жол — осы»,— деді ол.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button