Ауыл

Игілік қиырға да барды, бірақ…

Бүгінгі ауыл мал бағуға қиналып, әрең шығатын болған. Біз кездескен шаруа қожалықтарының жетекшілері осылай деп мұң шағатын болған. Ал енді баратындары еңбегіне «әкесінің құнын» сұрап, міндетсіп болады екен. Баяғыда ферма «управтары» «қойыңды санап ал» деп шіренген қойшыны, «керегің тракторың ба, міне» деп бәлсінген тракторшыны арқаларынан қағып, талаптарын орындап, әрең жұмсайтын. Сол әдет әлі қалмаған. Кейбіреулер «байға малай» болғанша, қолма-қол 2 мың теңге алып, «құдасы келіп» қалған ауылдасының орнына қой кезегіне барғанды пайда көреді. Үлкендер осындай әңгімені естігенде: «Әйелдерінің ала қап арқалап, бала-шаға қамы үшін базар жағалағанын ұмытқан екен» — деп кейбір еркектерге күйінеді.
Қызылорда, Қарағанды және Қостанай облыстарының түйісіндегі жер кіндігі — «Тәуіп» мыңғыртып мал өсіруге өте жайлы өңір. Торғай мен Ырғыз өзендері тасымай қалған жылдары Жезқазған және Арал аймақтары жағынан жерасты атпа су көздері табылды.
Әу баста тәуекелге бел байлаған алғашқы шаруа қожалықтарының онынан қазір екі-үшеуі ғана қалды. Бірден Хамит Өтеуов немесе Ибрагим Сәрсенбаев бола алмайтындығын көбі кейін түсінді. Тәуіптік Сұлтанбек Қаражанов балағын түріп, маңдай терін бұршақтатып бақша салды. Өнімін өткізе алмай қатты қиналды. Алған бетінен қайтпай, қазір мал өсіріп жатыр. Сақманға ауылынан адам «табылмағасын» 600 шақырым Ақтөбедегі құдасы Махмұтты көмекке шақырады. Жайсаңбайлық Абзал Бәйтілеуұлы қойшы мен бақташы шықпағасын мал басын азайтты. Көмекшісі Мейірхан Қалмашев бірде трактор айдап қысқа пішен дайындаса, ретіне қарай басқа шаруаларға да араласады. Қорасында шөбі жинаулы, соғымы союлы. Абзалға өкпесі жоқ. Қонысбек Қоянбаев, Ергентай Мизамбаевтар да шаруа қожалықтарының қиындығына төзіп, бүгінде зейнетін көріп отыр. Ал әбден қажыған Махмұт бар малын сатып, Ақтөбеден екі қабат үй алып, көшіп кетті.
Ауылға жақындағанда әдемі салынған шағын үйге көзім түсті. Айналасы қаптаған мал. Жайсаңбай ауылдық округінің әкімі Ғалымбек Қалмағанбетұлының айтуынша, бұл —«Мұқасан» деп аталатын Мешітбайұлы Қасымның былтыр құрылған шаруа қожалығы. Ауыл әкімі ірі қара саны 1700-ге жеткенін айтты. Жеке үйлері, 11 шаруа қожалығы, 2 ЖШС-ны қоса есептесек, мал басы аздау. Жайсаңбайдың шекарасында аралдық 4 жас отбасы мал бағып отыр. Астарында қос-қос жеңіл көлік. Электр жарығы, байланыс құралдары орнатылған.
Аралдықтар Жайсаңбайға келіп, көліктерін қораға тіреп қойып, мал тиеп әкетеді. Арзандау болса да, қолма-қол ақшамен қызықтырады.
Облыс шетіндегі ауылда болған екі күнде мемлекет мойнындағы бұрынғы кеңес кеңшары ауылының еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылда өскенін көрдім. Құйылыста үш жыл бұрын екі қабатты мектеп салынған. Бірақ соның айналасы айтақыр, бір тал шыбық отырғызылмаған. Кезінде айбыны асқан «селсәбеттің» қос қабатты биік кеңсесі азып-тозып ауыл ұсқынын кетіріп тұр. Шынын айтсақ, қиырдағы ауылдарға да игілік жеткен, бірақ соған ие бола алмай жатыр.
Мемлекет көшбасшысы бізге Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын табанды түрде өмірге енгізу қажеттігін қадап айтты. Бүгінгі ауыл осы қағиданы естерінде мықтап ұстаса екен дейміз.

Айдос ШӨКІШҰЛЫ,
журналист.
Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button