Әлеумет

Сайлау-2016

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы

Облыста ҚКХП-ның 5 мыңнан астам мүшесі бар

Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы облыстық филиалының штабы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.
Филиал төрағасы Жанат Молдашевтің айтуынша, саяси науқанға әзірлік, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтау үшін екі рет жиын өткізілген. Партия жұмысын насихаттау мақсатында Ақтөбе қаласында екі көрнекі жерде және Хромтау ауданының орталығында баннерлер ілініпті. Сондай-ақ, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Қарғалы, Ойыл аудандарына үгіт-насихат материалдары таратылып жатыр.
— Ақтөбе қаласындағы «ASB Батыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде де үгіт-насихат материалдары таратылды. Сонымен қатар қаладағы арнайы орындарға плакаттар ілінуде, — дейді Жанат Молдашев. Оның айтуынша, штабтың Ақтөбе қаласы мен қалаға қарасты Қурайлы, Қарғалы ауылдарында және Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Қарғалы, Ойыл аудандарында бөлімшелері жұмыс істейді. Қазір Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясының облыста 5 мыңнан астам мүшесі бар.
— Саяси шараға бәріміз қатысып, өз таңдауымызды жасап, мемлекет алдындағы азаматтық борышымызды орындауға шақырамын, — дейді Жанат Молдашев.

«АҚ ЖОЛ»

Зауыттағы кездесу

Ақпанның 26-сы күні «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Азат Перуашев бастаған үгіт-насихат тобы Ақтөбе қаласындағы «КазТеплоЭнергоМонтаж» зауытында сайлаушылармен кездесті.
Басқосуға аталған партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, партияның Орталық Кеңес хатшысы Берік Дүйсембинов, Ақтөбе облысынан Мәжіліс депутаттығына үміткер Дания Еспаева және басқа да азаматтар қатысты.
Жиын барысында Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен жоспарлары туралы баяндады.
— Біз бейбітшілікті таңдап, тұрақтылық пен ынтымақты қолдаймыз. Мықты ел болу үшін экономикамыз қарқынды дамып, отандық тауар өндірушілерді қолдауымыз қажет, — деді Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Азат Перуашев.
Жиында ақжолдықтар қазақстандықтардың басты мақсаты ел тәуелсіздігін сақтап, ұлттық мүддемізді қорғау керектігін баса айтты. Сондай-ақ басқосуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мүлікті заңдастыру шарасының дұрыс шешім екені де айтылды.
Зауыт жұмысшылары «Ақ жол» партиясына сайлауда сәттілік тіледі.

«БІРЛІК»

Саяси науқан сенімді нығайтады

«Бірлік» саяси партиясының облыстық филиалы да қарқынды жұмыс жасап жатыр.
Партияның ұраны: «Таза ниет! Адал қызмет! Таза орта!». Осыған байланысты партия құрылтайында қабылданған сайлауалды бағдарламасының басты ұстанымдары: ата-бабамыздан мирас болған халқымыздың рухани игілігін жаңғыртып, ел игілігіне жарату, әділетті ашық қоғам орнатып, халыққа адал қызмет ету, қоршаған ортамыздың, қоғамымыздың, ниетіміздің таза болуына қажетті шартты қалыптастыру. Аталған партия осының бәрін халықпен бірлесіп, жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қазір партия тарапынан еліміз бойынша, соның ішінде біздің облыста да, сайлауалды іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Партияның сайлауалды штабы құрылды. Сенімді өкілдер тобы жасақталып, тиісті сайлау комиссияларында тіркеуден өтті. Оларға тиісті кеңестер берілді. Партия қолдаушылары үгіт парақшаларын жер-жерге таратуда.
Филиал төрағасы Бағдат Алдабергеновтің айтуынша, облыстық маслихатқа партия ұсынған үміткерлер Қарғалы ауданының елдімекендерінде сайлаушыларымен кездесті. Партия алғашқы кездесуге қатысушылардың қолдауына ие болды. Сол себепті партиялық тізім бойынша, партия атынан сайлауға түсетін үмікерлер алға қойған мақсаттары орындалып, Мәжіліс пен маслихаттардың депутаттары болатынына сенімді.
«Бірлік» партиясы сайлаудың әділ өтуін қолдайды және сайлаушыларды партия өкілдеріне дауыс беруге шақырады.
ЖСДП

Сайлау — сыналар шақ

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының сайлауалды штабы сайлауға қызу дайындалып жатыр. Аталған партия филиалының облыстағы 12 ауданда өкілдері бар. Партияның облыста 8 мыңға жуық мүшесі бар.
— Ақтөбе қаласында бізге бекітілген арнайы 23 орынға үгіт материалдарымызды іліп жатырмыз. Сондай-ақ, еріктілер де адам көп шоғырланатын орындарда үгіт-насихат материалдарын, «Социал-демократ» газетін таратуда. Үгіт-насихат жұмыстары үшін әлеуметтік желілерді де пайдаланып жатырмыз, — дейді филиал төрағасы Мейрамбек Камалов.
Сайлауалды штабтың мобильді тобы Темір, Ойыл аудандарында сайлаушылармен кездесіп, жиын өткізді. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз аудандарында да жалғасып жатыр. Облыстағы қалған аудандарда да мүмкіндігінше кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
26 ақпанда Ақтөбе қаласында Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығынан үміткер Мейрамбек Камалов бір топ ақтөбелікпен кездесті.
Жалпы партиялық тізімге ЖСДП атынан 23 үміткер енгізілген. Партияның ұраны: «Ел таңдауы — халық билігі». ЖСДП-ның алға қойған мақсаты — билікке халық бақылауын орнату, Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ету.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button