Әлеумет

«Ауыл» партиясы үміткерлерінің кездесуі

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан тізім бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлермен кездесу өткен сенбі күні «Анди» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт-тауар фермасы мен «Айбек» ет комбинаты ұжымдарында өтті.
— Біздің партияның өкілдері облыстарды аралап сайлауалды науқанын жүргізуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорын ұжымдарымен, ауыл еңбеккерлерімен кездесуге ықыластымыз. Біз үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің үлкен-кішісі жоқ. Мақсатымыз — партияның сайлауалды бағдарламасын, алға қойған мақсаттарын ұғындыру, алдағы уақытта ауыл тұрғындарының жалпы жағдайын жақсарту. Мемлекет, Үкімет тарапынан бұл салаға көңіл бөлініп, қамқорлықтар жасалып отырғанын білеміз. Дегенмен осылардың барлығын бүгіні ауыл еңбеккерлерінің талабына сәйкес бір жүйеге келтіретін уақыт келді. Ал ол біздің партияның бағдарламасында нақты көрсетілген, — деді өзінің кездесулерде сөйлеген сөзінде «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлердің бірі Бөрібай Жексембин.
Сондай-ақ кездесуде осы партиядан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер, «Көктас-Ақтөбе» акционерлік қоғамы бас директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Жанат Жақыпова болды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button