Ауыл

Шалғайдағы шаруалар

Қар жамылған қыстақтар

Бұл өңірде қысқы жол биыл қай бағытқа да жеңіл емес екен. Біз Жарқамыс тасжолының бойына орналасқан «Мұңал» шаруа қожалығының «Құлақши» базына екі жаңа «УАЗ» автокөлігінің арқасында ғана шақ жеттік. Даланың сіреу қары бұдан өзге жеңіл көлікті қия бастыратын емес. Тіпті осы қыстақтан қозы көш жерде көрініп тұрған «Жұрымбай» қыстағына барарда көлігімізді қинамай, түйе шанаға отырсақ па деген де ой болды. Ал одан әріректегі Көпір қонысына бүгінгідей боранды-шашынды күндері жолға шығуға жүргізушілердің де жүректері дауаламады.
Осы аталған үш қоныс та жоғарыда аталған шаруа қожалығына қарайды. Олардың иесі жас болғанмен, күллі Байғанин ауданының жұртшылығы жақсы білетін ағайынды азаматтар — Елеусін мен Ғазиз. Ең үлкен ағалары Қанат та кәсіпкер, бірақ ол өз алдына бөлек бизнес құрып отыр. Алайда үшеуі де негізінен мал өсіреді. Қожалықтың иесі ең кіші ұл Ғазиз болғанмен, шаруаның тізгіні ағасы Елеусіннің қолында сияқты. Сондықтан бізге шаруаның түйінін айтқан да сол болды.
Боранды күнде бізді екі қыстаққа осы ағайынды екі жігіт және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жаңабай Ержанов бастап келді. Бірінші қыстақта екі отбасы отыр. Осы екі үйден жең сыбанып 10 азамат мал арасында жұмыс істеп жүр. Шаруалары — еркек қойды бордақылап семірту. Қазір семіртілген малдың дені сатылып кеткен. Әлі де бордақылауда 500-дей қой тұр. Бұл шаруаның ұйымдастылуы жөнінде Елеусін:
— Осы жұмысты қолға алғанымызға 15 жыл болды. Әкемізден қалған 50 қой, 10 сиырдан бастап едік. Шаруамыз жүріп, малымыз көбейді. Тек биыл қысқа 2 мыңдай қоймен түстік, оның 1 мыңы — саулық. Ол «Жұрымбай» қыстағында. Ал сиырларымыз «Көпір» деп аталатын қоныста бағылады. Жылда еркек қойларды семіртіп, желтоқсаннан сәуірге дейін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына өткіземіз. Ол жақта бұрын әр қойды 30 мың теңгеден көтеріп алатын еді. Биыл дағдарыстың әсері тиді ме, 25 мың теңгеден қабылдады. Бұған да ризамыз. Ірі қара да семіртеміз. Бірақ оны алысқа тасымаймыз, аудан орталығындағы, көрші Шұбарқұдық кентіндегі базарларға шығарамыз, — дейді.
Екі қыстақтың жұмысымен танысқанда байқағанымыз, бұл жерлерде тұрақты еңбек ететін негізінен кәсіпкерлердің өз туыстары, ағайындары екен. Қыстақ басына көшіп келіп отырғандар да солар. Әрине, бас шопан, көмекші, механизатор азаматтар да бар. Әр қыстаққа екіден отбасы бала-шағасымен көшіп барып отыр. Көпірдегі сиыр базында да отбасылы адамдар еңбек етеді. Бір қызығарлығы, он бес жылдан бері солардың бәрі тұрақты көрінеді. Себебі, оларға жақсы жағдай жасалған. Жоғары еңбекақы төленеді, азық-түліктен жәрдем жасалып, қыста соғымдары сойылып, қыста малдарына тегін шөп беріледі.

Еңбекке сүйенгендер ешкімге қол жаймайды

Мұнда тек осы үш қыстақтағы жұмыспен қожалықтың шаруасы шектелмейді. Далада тебінде жылқы бағылады. Ауданның орталығы Қарауылкелдіде азық-түлік, тұрмыстық және құрылыс дүкендері бар. Шаруа қожалығының 2 тракторы, 3 «КамАЗ» көлігі қысы-жазы тыным таппайды. Өйткені осы көліктер арқылы 1200 шақырым жердегі Жаңаөзен қаласына семіртілген мал тасылады, малға жем жеткізіледі. Бұған қоса, көптеген ауылшаруашылық техникаларымен жаз бойы мал азығы дайындалады.
Тек осы ағайынды екі азаматтың бизнесі арқылы ағайындарын қоспағанда 20 адам жұмыс тауып отыр. Жазғы науқандық жұмыстар кезінде бұдан да көбейеді. Мұнда еңбек ететін әр адам орта есеппен ең кем дегенде 60-80 мың теңге аралығында жалақы алады.
Бұл азаматтар шаруаны өз инвестициясын салу арқылы кеңейтуде. Кеңес кезінде иесіз қалған қоныстарды сатып алып, қалпына келтірген. Бір ғана осындай «Жұрымбай» қыстағына мал қорасын, ауласын салуға 7,5 млн теңге қаржы жұмсалған. Құрылыстар берік материалдан салынған. Бейнеуден 10 мың ұлутас вагонмен жеткізіліпті. Осындай қора-қопсы, тұрғын үй қашықтағы «Көпір» сиыр фермасына да салынған. Шаруашылық тек бір жазда өз күшімен 4-5 мың рулон шөп дайындап алады. Осы жұмыстарды қысы-жазы шаруаның тікелей басында жүріп ұйымдастыратын Дамил Орынбасаров, Құлмырза Қолдасбаев сынды азаматтар екен.
— Өздері айтқандай, 50 қой, 10 сиырдан бастап, он бес жылдың ішінде, бұл шаруа қожалығы асылтұқымды қой шаруашылығына айналып, мәртебесін алды, — дейді аудандық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Жаңабай Ержанов, — Былтырғы жылдан бастап өздері де асылтұқымды мал сатып жатыр. Айналадағы шаруашылықтарға өткен жылы 300 тұсақ сатты. Биылғы жылдан бастап асылтұқымды қошқар шығарып сатады. Алда ол үшін субсидия алатын болады.
Бұл кәсіпкер жігіттер негізінен өз еңбектеріне сүйеніп, үкіметке де қол жаймайды екен. Сонша техниканы да қолма-қол ақшаға алған. Бір рет қана «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 3 миллион теңге несие алған. Сол кезде инфрақұрылым ретінде «Жұрымбай» қыстағына жел және күн қуатымен жүретін жарық беру қондырғысын орнатып берген екен, өкініштісі, бір айдан кейін ол істен шыққан. Қазір пайдаланылмай текке тұр. Мұны да олар біз сұрағасын ғана айтты. Әйтпесе шағымданудан да ұялатын сыңайлы. Жалпы, аудандағы осындай он шақты қондырғының қазір екеуі жұмыс істемейді. Оған кім кінәлі, біле алмадық.
Ағайынды үш жігіт жоғары білімді мамандық иелері болғанмен, өз жүрек қалауларымен осы атакәсіпті қуған. Қанат, Елеусін — агроном, Ғазиз — есеп қызметкері. Әкелері Мұңал Сауытов өмір бойы мал дәрігері болған, бірнеше кеңшарда өз мамандығы бойынша қызмет атқарған. Кеңшардың жұмысынан ығыр болғаны сондай, балаларына малға жоламаңдар деп өсиет қалдырған.
— Әкеміз 2004 жылы дүниеден өтті, 2005 жылы біз әкеміздің есімін беріп, осы шаруаны бастадық. Ұзақ жылғы әкеміздің бейнетті еңбегінің зейнетін қайтаруды ұйғардық. Өйткені ол кісіден көргеніміз, үйренгеніміз көп еді, — дейді кіші ұлы Ғазиз.

Электр желісі жетсе, шіркін…

Ағайынды кәсіпкерлердің сұрайтын көп тілегі жоқ. Тек үш қоныста да электр жарығы жоқ. Жоғары қуатты электр жүйесінен Жұрымбай — 16, Құлақши — 10, Көпір — 5 шақырым жерде. Осының соңғысына электр желісін тартуға болатын сияқты. Өйткені жақын, көп қаржыны тілемейді. Егер сондай жағдай жасалса, шаруа қожалығы бар сиырды сауып, сүт өндірісін дамытуға, түйе шаруашылығын қолға алып, шұбат дайындауға мүмкіндік болар еді.
— Біздің қоныстарымыз шағын моторды пайдаланып, бір мезгіл электр жарығын көреді. Шамды да пайдаланады. Әрине, қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде алыс жерге желі тарту оңай емесін де білеміз. Дегенмен, сиыр фермамызға, 5 шақырым жерге электр желісін тартуға жәрдем сұраймыз. Біз ол кезде әлгіндей көп жоспарымызды жүзге асырар едік. Мал өнімдерін өңдеумен айналысар едік. Сүт өнімдерін сақтайтын тоңазытқыштар алар едік. Жылда мыңдаған қойды қолмен қырқып келеміз. Егер электр қуаты жетсе, бұдан да құтылар едік, — дейді Елеусін Сауыт.
Елеусін мен Ғазиздің әңгімесінен түйгеніміз, мал шаруашылығын нығайтып, қосалқы шаруашылықтарды жүргізу үшін бизнестің өзге де жолдарын ұстанғандары жақсы қолдау болып тұр. Қожалықтың басшысы Ғазиз үнемі шараның басы-қасында жүргенде, Елеусін алыстан құрылыс материалдарын жеткізумен де айналысады екен. Мысалы, Ресейден ағаш, басқа да құрылыс материалдарын жеткізген. Оларды өздерінің дүкендері арқылы сатуға шығарады.
— Көп жағдайда жұмысшыларға жалақыны кешіктірмей, уақытында беріп тұрғанымыз бизнес саласындағы осындай жұмыстарымыздың да нәтижесі, — дейді Елеусін.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button