Әлеумет

Азаматтық қорғаныс — әркімнің және баршаның ісі

Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының IX Бас ассамблеясы қарарларына сәйкес жыл сайын 1 наурызда Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күні аталып өтіледі.
Азаматтық қорғаныстың тарихы өзінің тамырын 1931 жылдан бастау алады. Ол кезде француздық хирург, генерал Жорж Сен-Поль бірнеше елдердің бастамасы бойынша Парижде «Женевалық аймақ» ассоциациясын құрған болатын. «Женевалық аймақ» ұғымына соғыс кезінде қарапайым халықтың белгілі бір санаттары паналай алатын бейтарап аймақтар немесе ашық қалалар енді. 1958 жылы «Женевалық аймақ» ассоциациясы Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы (ХАҚҰ) мәртебесін иеленді, бұл азаматтық қорғау саласындағы халықаралық деңгейдегі жалғыз ұйым болатын.
1 наурыз күні де тегіннен тегін таңдалып алынған жоқ. Осы күні 18 мемлекет мақұлдаған ХАҚҰ Жарғысы күшіне енді. Бұл мереке ХАҚҰ мүшелері болып табылатын елдерде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан және заманауи зақымдау құралдарынан қорғану құралдары мен әдістері туралы білімді халық арасында насихаттау және тарату мақсатында аталып өтіледі.
Ал 1997 жылдың 31 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес біздің мемлекетіміз Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының толыққанды мүшесіне айналды.
2016 жылы Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күні «Халықты, мүлікті және қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында өтеді. Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күнін өткізу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі және туындауы кезінде халықты қорғау бойынша шаралардың маңызын арттыруға үлкен септігін тигізеді.
Қай мемлекет болса да қандай да бір авариялардан, дүлей табиғи апаттардан және террористік актілерден толық қауіпсіздендірілген емес. ТЖ ұлттық ерекшелікке қарамайды, ал оның масштабы, күрделілігі, экономикалық залалы күн санап өсе түсуде, сондықтан да халықты, аумақты және шаруашылық жүргізуші объектілерді қорғау проблемасы күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отыр. Әрбір азаматтың және оның меншігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің айрықша құзыреті, десек те азаматтық қорғау іс-шараларын орындау Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері болып табылатынын ұмытпау керек.
Елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюдың мемлекеттік жүйесі қалыптасқан және табысты түрде іске асуда. Оның басты міндеттері – Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу, адамдардың өмірі мен денсаулығын, материалдық және рухани құндылықтарды, қоршаған ортаны қорғау болып табылады.
Әрбір азамат тұратын, жұмыс істейтін және оқитын аумағында қандай төтенше жағдайлар болуы мүмкін екендігін білуі тиіс. Біздің төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюды табысты жүргізуіміз халықтың дұрыс және епті іс-қимылдарына тікелей байланысты.
Сонымен қатар үйлерімізде не жеке қорғаныс құралдары, не өрт сөндіргіш жоқ, сондай-ақ ТЖ орын алған жағдайдағы қарапайым жүріс-тұрыс қағидаларын біле бермейміз. Сондықтан да бұл жағдай халық арасында алдын алу шараларын белсенді түрде жүргізуді талап етеді.
Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күнінің шеңберінде ағымдағы жылдың 15 ақпанынан бастап 15 наурызына дейін Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері «Ашық есік күндерін», облыстағы оқу орындарында интерактивті сабақтар, жарыстар, викториналар, дәрістер мен сұхбаттар өткізуді жоспарлауда. Бұл шаралардың басты мақсаты — азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау, апатқа ұшыраған адамдардың өмірін құтқару және денсаулығын сақтау. Адам өмірі – басты құндылық екенін естен шығармайық!

Ақтөбе облысының ТЖД
Азаматтық қорғаныс бөлімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button