Әлеумет

Исламның ұлтқа көзқарасы

 

Полиэтносты Қазақстан халқы үшін дәстүрлі исламның рухани әлеуеті мен құндылықтарының ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәдениетіне ықпалы зор екені белгілі. Себебі, ислам осы дінді ұстанатын халықтардың рухан-имани өрлеуі мен қайта жаңғыруында басым және жетекші рөл атқарады.
Белгілі ғалым М.Орынбеков «Духовные основы консолидации казахов» еңбегінде исламның қазақ қоғамындағы орны мен маңызын былай деп баяндаған: «Мұсылман бейнесі халықтың басым көпшілігі үшін өте тартымды. Ислам жоғарғы биліктің басындағылардан бастап, төмендегі кедейлер мен жарлы-міскіндерді қамтыған әрбір әлеуметтік таптың түсінігі мен ұстанымына лайық әрі дұрыс келді».
Исламның ұлт мәселесіне қаншалықты көңіл бөлетініне және өзге ұлттармен бейбіт ғұмыр кешуге шақыратынына келсек, Ата Заңымызбен сәйкес келіп жататын тұстарын да байқауға болады.
Сонымен, мамандардың айтуынша «ұлт» — ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі. Сонымен бірге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады.
Біраздан бері ұлт, қоғам, дін және мемлекет сияқты өзекті мәселелерге қатысты зерттеу жасап жүрген ғалым — Амангелді Айталы ағамыз да, өзінің «Ұлт дегеніміз — ұлы ынтымақтастық» атты мақаласында: «Ұлт» терминін әртүрлі анықтауға болар, бірақ оның терең әлеуметтік, тарихи тамырын, тіл бірлігін, мәдени ерекшелігін, дәстүрлері мен салтын көрмеу мүмкін емес», — деп топшылайды. Демек, әрбір ұлттың тілі, тарихы мен мәдениеті, салты мен дәстүрі және діні болады. Ал енді Исламдағы «ұлт» ұғымы бірнеше мағынада келуі мүмкін: біріншісі, «шағб» — аймағы мен мәдениеті және тілі ортақ халық, ұлт; екіншісі, «қабилә» ру, жүз мағынасында келеді; үшіншісі, «умма» — рухани және діни сенімі бір, соның арқасында бір-біріне жақын адамдардың тобы, үлкен қоғам, үмбет.
Құранда бұл туралы былай делінген:
«Ей, Адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың — тақуаларың» (Шуғара: 13).
Осы аятты қағида етіп ұстанған Ислам ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды, жақсырақ санамайды, барлығы тең. Артықшылық тек — құдайшылдықта, тақуалықта. Бұған қатысты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар:
«Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Немесе қара түстінің ақ түстінің алдында артықшылығы бар ма, әлде керісінше бола ма? Артықшылық тек тақуалық пен жақсылықта ғана болады!». Жоғарыдағы аят пен хадистен көргеніміздей, Ислам адамды ұлтына, жынысына, дініне немесе нәсіліне, мансабы мен қызметіне қарап бөлмейді. Бірін бірінен артық көрмейді. Артықшылық тек — жақсылықта. Егер біз Исламдағы осы ереженің мазмұнын қазіргі тілмен баяндайтын болсақ, онда: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», — деп, Ата Заңымызбен үндесіп жатқан жерлерін де көруге болады.
Исламда адамның тегі мен нәсіліне қарағанда, рухани жақындық пен тақуалық бірінші орынға шығады. Сондықтан да Құранда «үмбет» сөзі жиі айтылады:
«Сендердің үмбеттерің бір-ақ үммет. Мен Раббыларыңмын…» (Әл-Әнбия: 92). Бұл аят барлық мұсылмандардың бір үммет екенін айтып отыр. Бұлардың барлығы тең. Ал енді басқа дін өкілдеріне келер болсақ, олар да өз үмметтеріне жатады:
«Мұхаммед! Егер Раббың қалағанда адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Ал олар қайшылықта түсулерін үнемі жалғастыруда. Бірақ Раббыңның рақым еткендері ғана одан аман қалуда. Алла оларды осы үшін жаратты…» (Һуд: 118-119).
Себебі, әрбір үмметтің өз елшісі бар:
«Әр үмметтің елшісі бар. Олардың елшілері келген кезде, араларына әділдікпен үкім шығарылады әрі оларға зұлымдық қылынбайды» (Жүніс: 47).
Ислам қандай да бір ұлтқа оның ұлты үшін қарсы шықпайды және басқаларды да соған үндемейді. Себебі, Ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді. Бұл ұстанымның түсіндірмесі — тағдыр концепциясы, яғни Алла адамдарды түрлі ұлт етіп Өзі жаратты. Демек, адам оны өзгерте алмайды. Оны өзгертуге адамның құқығы да жоқ, құдіреті де жетпейді. Мұсылман ғалымдары осы тұжырымды басшылыққа ала отырып, адамдардың ұлттарға, тайпаларға бөлінуі ақыр заманға дейін жалғаспақ деп біледі.
Ислам жай ғана ережелер жиынтығы емес, оның ішінде мәдениеттер мен алуан түрлі дәстүрлер бар. Сондықтан Ислам жер бетіндегі этникалық мәдени дәстүрлерді жоққа шығармайды, керісінше, оларды өз ішіне қамтиды. Британдық тарихшы, философ Арнольд Джозеф Тойнби өзінің «Цивилизация перед судом истории» атты жинақтамасында Ислам дініндегі татулық пен бірлікке қызыға отырып, былай сипаттайды: «Мұсылмандар арасындағы нәсілдік сананың жойылуы — Ислам мен қазіргі әлемнің керемет жетістіктерінің бірі».
Кейбір исламның атын жамылған «мұсылманшыл» ағымдардың насихатынан естіліп, шет мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарынан көрініп қалатын «Мұсылмандық ұлтшылдық», «Исламшыл нәсілдік» немесе «Діни ұлтшылдық» сияқты ұрандар шынайы исламның доктринасында жоқ. Бұлар — мемлекет ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті бұзуға және Исламды «құбыжық» етіп көрсетуге бағытталған теріс пиғылды ағымдардың, дін дұшпандарының жасайтын айла-тәсілдері. Шынайы Ислам қоғам мүшелерін өзара достық орнатуға, бір-бірін құрметтеуге үндейді. Мұның айқын мысалын халықтың жетпіс пайызын мұсылман халқы құрайтын өзіміздің полиэтносты қоғамымыздан көріп отырмыз. Тарихи және мәдени қалыптасқан Ислам діні адамгершілік пен рухани құндылықтар арқылы халықтың әлеуметтік, идеялық тұрғыдан ұйысуына негіз болып, елді бірлікке, татулыққа шақырып келеді. Құдай Тағала бізді осындай бірлік пен татулықтан айырмасын.

Жалғас САНДЫБАЕВ,
дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button