ЖаңалықтарЭкономика

Басты мақсат — инвесторларды молынан тарту

Ертең Ақтөбе қаласында «AKTOBE INVEST-2015» III халықаралық инвестициялық форумы өтеді. Бүгінгі күні транзиттік аймаққа айналып, тоғыз жолдың торабында орналасқан, көліктің қай түріне де қолайлы өңірдің экономикасындағы оң өзгерістер кім-кімді де елеңдетпей қоймасы анық.
Біз осы үлкен жиын қарсаңында облыстық индустриялық-ИННОВАЦИЯЛЫҚ даму басқармасы басшысының орынбасары Рақымжан НИЗАМУТДИНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

 

— Ең алдымен соңғы жылдары дәстүрге айналған бұл форумды өткізудің негізгі мақсатына тоқталсаңыз.
— Форумның басты мақсаты — Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру, сонымен қатар, экономиканың нақты секторына инвесторларды тарту. Бұл жиынға экономикалық және инвестициялық қызметте мол тәжірибесі бар шетел және қазақстандық мамандардың, әлемнің ірі компанияларының өкілдері — әлеуетті инвесторлардың және қаржылық институттарының басшылары немесе өкілдері қатысуы жоспарлануда.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев осы аптада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінде болған селекторлық жиында сөйлеген сөзінде осы форум барысында 1 миллиард АҚШ доллары болатын оннан астам жобаға қол қойылатындығын айтты.
Осы арада айта кететін бір жай бар. Ол инвестициялар көлеміне қатысты. Қазіргі уақыттағы деректерге қарасақ, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда біздің облысымызда экономикаға инвестиция тарту 37 пайызға азайып кеткені мәлім болып тұр. Бұның себебі мынада: былтыр өңірде газ өңдеу зауыты, рельс-арқалық зауыты құрылысы жүрді, сондай-ақ «Қазхром» акционерлік қоғамы ферроқорытпа зауытында жаңа цех салынды. Дегенмен біз бұл межеде тоқтап қалмаймыз, жаңа мүмкіндіктерді қарастыра беретін боламыз. Ал бұл ретте форумның оң ықпалы тиетіні сөзсіз.
— Енді «AKTOBE INVEST-2015» III халықаралық инвестициялық форумы аясында көрмеде ұсынылатын инвестициялық жобалар туралы айтып берсеңіз.
— Әдетте инвесторлар жеті рет өлшеп, бір рет кесуге бейімделген адамдар болып келеді. Олар ұсынылған жобаларды терең зерттейді, қайтарымын ойлайды. Сондықтан да біз бұл мәселеге үлкен жауаптылықпен қараймыз.
Қазіргі уақытта біздер үшін өнім өндірумен бірге, оның өңдеу, шикізатты өзімізде пайдалану маңызды мәселеге айналуда. Сондықтан да осы жағына да ерекше көңіл бөлдік.
Енді кейбір жобаларға тоқталып өтейін. Көрмеде никель-кобальтты концентратын өндіретін Бадамша никель зауыты, темір рудасы концентратын шығаратын «Vertex Holdinq» ЖШС, катодты мыс өндірісін ұлғайтуды көздеп отырған «KazCopper» таныстырылымы өтеді. Сондай-ақ, титан-цирконий рудасын өндіріп және өңдеуді ұйымдастыратын «Экспоинжиниринг» компаниясы, кальцийленген сода өндірісі, қатты қалдықтарды өңдеу жұмыстары жұртшылыққа ұсынылады.
Жаңадан іске қосылып жатқан «Ақтөбе» индустриалды аймағы жұмысы да көпшілік көңілінен шығады деген ойдамыз. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында орналасқан, сондай-ақ облыс орталығына да жақын бұл жобаның мүмкіндігі ауқымды болмақшы. Қазіргі уақытта мұнда инфрақұрылымдық желілер тартылды. Қысқаша айтқанда, инвесторлардың жұмыс істеуіне мол мүмкіндіктер бар.
Биылғы көрмеде аграрлық-индустриалдық жобаларға да ерекше мән берілмекші. Бұл ретте ет дайындау бағытындағы «Запад АПК» ЖШС жобасын атап өтер едік. Онда құс фабрикасы жұмыс істемекші.
Сондай-ақ Бақытжан Ержанов қолға алып отырған «Жантізер» шаруа қожалығының ет комбинаты құрылысы да инвесторлар назарын аударады деп ойлаймыз. Бұл жоба бойынша қой етін тереңдетіп өңдеу жүзеге асырылмақшы.
Агроөнеркәсіп саласы бойынша Жақсыбай Талаев, Марат Құбиев, Қали Исмайылов секілді құрылтайшылар мен кәсіпкерлер жаңа жобалар ұсынбақшы. Сондай-ақ Бақтияр Қасұмов бізде әлі күнге дейін дұрыс қолға алынбай келе жатқан бір шаруа — ірі қара терісін өңдеу комбинаты жұмысын жолға қоюға ұмтылыс жасап отыр.
Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы балалар бақшалары мен мектепке дейінгі мекемелер құрылысын салуды жоспарлауда.
— Форумға кімдер қатысады? Шақырылушылар мен қатысушылар аясы бұрынғыдан кеңейе ме? Негізінен қандай шаралар ұйымдастырылады?
— Ең алдымен көршілес әріптестеріміз Ресей облыстарынан, нақты айтқанда, Орынбор, Ульянов, Орск өңірлерінен үлкен делегация келмекші. Сондай-ақ Орталық Азиядан, Сингапурдан, Дубайдан өкілдер келеді деп күтіп отырмыз.
Инвесторлар үшін барлық жағдай жасалмақшы. Яғни олар өңірдің мүмкіндіктерімен молынан таныса алады. Оларға мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер, қолдаулар нақты айтылады.
Форумға қатысуға ҚР Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері басшылары келмекші.
Форум алаңында «Экономикалық ынтымақтастықтың жаңа Жібек жолы» тақырыбы бойынша пленарлық отырыс барысында аталған жол жобасының мәні, қазіргі сыртқы экономикалық жағдайлардағы жеке инвестициялардың маңызы қаралады. Сондай-ақ, аймақты мамандандыру, Ақтөбе облысының минералды-шикізат базасы, инвестиция үшін жобалар, «Ақтөбе» индустриалдық аймағы, жаңа форматтағы инвесторларды қолдау орталығы жұмысы туралы сөз болады.
Қазақстандағы франчайзинг тәжірибесі, ұлттық валютада ұзақ мерзімді қаржыландыру мен экспорт алдындағы қаржыландыру мәселелерін талқылау жүреді.
Ақтөбе облысының мұнай өндіруші, газ өңдеуші, химиялық өнеркәсіп, сондай-ақ, қара және түсті металлургия саласы инвестициялық жобаларының көрмесі өтеді. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіндегі қайта тереңдеп өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс материалдарын өндіру, энергетика және транспорттық логистика жобалары таныстырылады.
Форумның бағдарламасына «Қазіргі жағдайдағы қалалық агломерацияны құру» тақырыбында пленарлық отырыс, «Жергілікті қамтуды дамыту» және «ҚР инвестицияларды қолдаудың мемлекеттік шаралары» тақырыптарында секциялық отырыстар, Ақтөбе облысының инвестициялық жобаларының көрмесі және келісімдерге қол қою кіреді.
— Бізде мұндай форум өткізудің белгілі бір тәжірибелері жинақталып қалған сияқты. Осыған екі форумның жай-жағдайына тоқталып, олардан алынған тәжірибе жөнінде де айта кетсеңіз.
— 2013 жылғы 1-2 қазанда Ақтөбе қаласында «AKTOBE INVEST – 2013» Iші халықаралық инвестициялық форумы өтті. Алғашқы жиын болған соң қобалжулар болғаны рас. Соған қарамастан, оны күткен деңгейде өтті деуге болады. Ең бастысы, өзіміздің кәсіпкерлер өздері өндіретін өнімдерді жұртшылыққа ұсыну, таныстыру, яғни жарнамалау тәжірибесін терең игеруі тиіс. Осы бағытта алғашқы форумда көптеген жұмыстар жүргізілді.
«AKTOBE INVEST-2014» халықаралық инвестициялық форумы аясында барлығы 140,9 млрд. теңгеге 17 меморандумға қол қойылды. Бұл шара аймақтың экономикалық ахуалына айтарлықтай үлес қосуға негіз жасады. Ресей, Қытай, Түркия және Қазақстанның көптеген бизнес өкілдері жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button