Жаңалықтар

«Табыс» тұрғындарды шақырады

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Қыр астында тұрған қыс қамы қала тұрғындарын қазірден бастап-ақ  ойландыра бастаған секілді. Өйткені, өткен сенбі күні қаладан Қобдаға шығар жол бойында жаңадан ашылған «Табыс» коммуналдық базарына барушылардың арқаланып қайтпағаны кемде-кем.

Мұнда өткізілген күзгі кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне облыстың барлық аудандарынан да өз өнімін өткізушілер келді. Олар қала жұртшылығына ет-сүт өнімдерінен бастап көкөніс түрлерін молынан ұсынды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов қыркүйектің алғашқы сенбісіндегі базар жайымен танысып, тауар өндірушілермен пікір алысты, сондай-ақ тұтынушылардың көңіл-күйін білді. Базаршы жұрт негізінен мұндағы азық-түлік қоры молшылығына, бағасының қалтаға оншалықты салмақ түсірмейтіндігіне, сауда орындарының ыңғайлы орналастырылғандығына ырзашылықтарын айтты.

Қала тұрғындары үшін «Табыстың» ең басты тиімділігі – тауарларының арзандығы болып отыр. Мәселен, «Бизнесті дамыту орталығы» ЖШС сатқан картоп пен көкөніс өнімдері қала базарларына қарағанда екі есеге дейін арзан болып шықты. Олар саудаға салған 15 тоннадан астам картоп, сондай-ақ жеткілікті мөлшерде жуа, қырыққабат, қызылшаны әрбір килограмын 30-40 теңге аралығында сатып жатты.

Біз облыс орталығына жақын болған соң шаруа қожалықтары үшін осында келу қай жағынан да тиімді болып отыр, – дейді Алға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Қайрат Қазбағамбетов, – «Табысқа» келіп табысты оралып бара жатырмыз.

Мәртөктік өнім өндірушілер де бұл күнгі жәрмеңкеге «ауыр» келіп, жеңіл қайтты. Олар өздерінің өнімдеріне де қай кезде де сұраныс аз болмайтындығын айтады.

«Садик», «Владимир», «Влэна» деп аталынатын шаруа қожалықтарының өнімдері таңертеңнен-ақ қолдан-қолға жұқпай өтіп жатты.

Жалпы жәрмеңкеге жиынтығы 8,5 тоннан ет және ет өнімдері, 6,1 тоннан сүт, қаймақ, сары май, айран, шұбат, 43 тонна картоп, 28 тонна көкөніс, 1,5 тонна балық шығарылды. Жүз жиырмадан астам әр түрлі деңгейдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары осылайша өз еңбектерінің жемісін көрді.

– Жәрмеңкеге келушілер үшін оның қала шетінде орналасуы аздап қиындықтар тудыратындығы байқалды, – дейді «Табыс-Қала» ЖШС директоры Кеңес Боқаев, – біз бұл мәселеге қатысты арнайы автобус маршрутын ашу туралы тиісті орындар алдында мәселе қойып отырмыз. Ал базардың ашылуы жұртшылық қажетін өтеудегі үлкен бір оңтайлы шаруа болды ғой деп ойлаймын.

… «Табыс» алдағы сенбіде де жәрмеңке өткізуді жалғастырады. Қала тұрғындарының қамбаларын арзан да сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге бағыт ұстап отырған жаңа базар өз «базарын» қыздыра бермек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button