Білім

Кәсіптік білім — экономиканы дамыту кілті

«Алдымызға қойған стратегиялық мақсаттарға жету үшін бізге кәсіби біліктілігі жоғары мамандар керек».

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

Мемлекет басшысы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлаудың білім беру жүйесіндегі орны мен маңызын бірнеше рет атап көрсетті. Сондықтан білім берудің бұл деңгейі Мемлекеттің Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына белсенді қатыстырылуда.

Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі Халықаралық қайта құру және даму банкі қаржыландыратын «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасы арқылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің гранттық қолдауына биыл екінші рет ие болды. Біз колледж директоры Жанкелді ҚАЛҚАМАНМЕН жаңа оқу жылы қарсаңында сұхбаттасып, оқу орнының елімізге қажетті кәсіби маман жұмысшылар даярлаудағы ізденістері мен жаңалықтары туралы ой бөліскен едік.  

— Ақтөбе өңірінде үдемелі индустриалды жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы білікті мамандарды қажет ететіні белгілі. Осы бағытта сіз басқаратын колледжде қазірдің өзінде қалыптасқан тәжірибе, белгілі бір жүйе бар екенін байқалады. Қазіргі ахуал туралы тарқатып айтып берсеңіз.

— «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту» жобасы шеңберінде республикалық байқауға екі рет қатысып, екі мәрте жеңімпаз атанып, қомақты грант иегері болуымыз біздің жаңа заман ағымына сай білікті мамандар даярлауымыздағы ұмтылыстарымызды көрсетеді деп ойлаймыз.

Бұл ұшқыр жоба бойынша «Дәнекерлеу ісі» мамандығын жетілдіруге арналған институционалды даму жоспарын жүзеге асырудың екінші кезеңінде Аркадий Шкляр басқаратын Беларусь Республикалық кәсіптік білім институтымен халықаралық келісім жасап, дәнекерлеуші мамандығы бойынша мамандар даярлауға бағытталған бірлескен іс шаралары атқарылуда.

Атап өтерлік мәселе, ТМД елдерімен халықаралық байланыс орнатқан облыстағы бірден-бір оқу орны болып саналамыз.

Екі жыл бойы шетелдерде, оның ішінде Германия, Франция, Польша, Белоруссияда біліктілікті арттыру курстарынан өткен біздің педагогикалық және басшы қызметкерлер саны 28-ге жетті.

— Биылғы грантқа ие болу колледж басшылығына қандай міндеттер жүктеп отыр? Биылғы жаз айында батыс елдерінде болып, тәжірибе алмасып қайтқаныңызды білеміз…

— Аталған жоба аясында 2015 жылғы грант иегерлері — республика бойынша 15 колледж басшылары қатарында өзім және институционалды даму жоспары жобасының жұмыс тобы мүшесі, оқу ісі жөніндегі орынбасарым Е. Газизулина екі жетіден астам уақыт Франция, Германия, Польша елдерінің кәсіптік білім беру жүйесімен танысу мүмкіндігіне ие болып, тағылымдамадан өттік.

Әлемдік үздік тәжірибелерді зерделеген шетелдік сапарымыз мазмұнды, пайдалы болды. Ең алдымен Польша елінің кәсіптік білім беру жүйесімен танысу барысында өзімізге ұқсастық пен айырмашылықтарға мән бердік.

Әрі қарай Варшава қаласындағы польшалық оқытудың жоғары педагогикалық мектебі одағында біздерді Польша кәсіптік білім беру жүйесімен таныстырып, модульді және дуалды оқыту жүйесін енгізу проблемалары бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізіп, саяхат жасаумен жалғасты.

Үздіксіз кәсіптік білім беруді іске асырып отырған Познань орталығында басқару жүйесі, қаржыландыру, оқу орнының бизнеспен байланысы, еңбек рыногымен ынтымақтастық, біліктілікті беру мен емтихан алу орталығы қызметімен таныстық.

Брюссель қаласында Марсель де Пре атындағы лицейде болып, Францияның кәсіби білім беру жүйесімен танысып, Париж қаласындағы халықаралық TOTAL компаниясында дәнекерлеушілердің барлық деңгейін халықаралық сертификаттау жүйесін көрдік. Аталған лицейде халықаралық жеке тағылымдамадан өтіп, Франция кәсіптік оқу орындарымен әріптестік байланыс орнату мәселелерін талқыладық.

Бұдан басқа Сорбон қаласында кәсіптік білім беру қызметкерлері және студенттерімен кездесіп, сертификат тапсыру рәсіміне қатыстық. Студенттердің диплом қорғау дефмлесі (дизайнері) зор әсер қалдырды.

Әрі қарай сапарымыз Германияның Бонн қаласындағы федералдық кәсіптік білім беру институтында жалғасып, Германияның кәсіптік білім беру жүйесінде дуалдық оқыту жақсы жолға қойылғанын көріп, кәсіптік білім беруді жетілдіру дуалдық білім беру бойынша іс-тәжірибе алмасу сұрақтарын сөз еттік.

Сапар соңында Минск қаласында «ҚР кәсіптік білім беруді жаңғыртуды жетілдіру жолдары және Беларусь кәсіптік оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеу мәселелері» бойынша қорытынды кездесу өткізіліп, жоба аясында институционалды даму жоспарын іске асырудағы білім беру бағдарламалары мен ресурс орталықтарын құру мәселелері қаралып, ортақ мәмілеге келдік.

Барлық жерде біз Ресурстық орталықтардың жұмыс тәжірибесінде көбірек назар аудардық, өйткені біздің колледжде Ресурс орталығын құру мәселесі бірінші кезекте тұр.

Қай оқу орнында болсақ та, Қазақстан Республикасы кәсіптік білім беру саласын жаңғырту қадамдарын шетелдік әріптестерге жеткізу мүмкіндігіне ие болдық, әрі бұл бір жағынан біздің кәсібилігімізге сын болды.

Басты олжамыз — шетелде біліктілік арттыру жөнінде арнаулы сертификат пен әлемдік тәжірибе материалдары, ол туралы түрлі басқосуларда, тамыз конференциясында ой бөлісетін боламыз.

«Көп естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей, көргеніміз біздің пайдамызға шешіліп, оқу-тәрбие жұмысында көп көмегін тигізері сөзсіз.

Біздің колледждің халықаралық байланысты орнатуға талпынысы мен табысты қадамдарының Республикалық институционалды даму жоспары жетекші тобының назарына іліккені бізді қуантады, қолға алған істі аяғына дейін жеткізу басты міндетіміз болмақ.

Әрине, әлемдік тәжірибелер бізге тың идеяларды өрбітуге мүмкіндік береді. Жаңа оқу жылында көптеген ойларымыз жүзеге асады деп ойлаймыз, оны уақыт көрсетеді.

— Осы пікіріңізді нақтылай түссеңіз.

— Колледждің даму жоспарын іске асыруға бағытталған жұмысын қолдау мақсатында облысымыздағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы, облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Нектар» өнеркәсіп кооперативі, облыстық білім басқармасы біздің оқу орнымен бірлесіп қызмет ету туралы келісім жасауда, одан ұтарымыз көп.

Тараптардың өздеріне алған міндеттемелері негізінде халықаралық ынтымақтастықты орнатуды жалғастыру, құрылыс салаларына кадрлар даярлауда қызметкерлердің біліктілігін арттыру, оқытудың дуалды технологиясын енгізу, өндірісте тағылымдамадан өту, оқу-әдістемелік бағдарламаларды жасақтауға, құруға көмектесу, тағы басқа ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылмақ.

Өткен оқу жылы жеңіске, абыройға жетелеген табысты жыл болды. Тапсырысты дер кезінде орындап келеміз.

Халықаралық ынтымақтастық орнату жүзеге асырылды, институционалды даму жоспарын жүзеге асыруда «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша материалдық-техникалық база заманауи құрал-жабдықтармен толық жасақталды, мамандардың біліктілігі арттырылды, колледждің оң имиджі қалыптасып, танымалдығы артты, «Дәнекерлеу ісі» бойынша мемлекеттік тапсырыс 125 адамға көтерілді, яғни жаңа оқу жылында бес топ ашылмақ.

Кәсіби білім берудің тартымдылығы арттырылып, білім алушылардың таңдауына ие болудамыз, соның арқасында жыл сайын мемлекеттік тапсырысты дер кезінде орындап келеміз.

Республикалық байқауда жеңімпаз атану құлшыныс туғызуда. Қазірде колледжде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша жаңа технологиялы оқу зертханалары, арнаулы пән кабинеттері, оқу өндірістік шеберханалары талапқа сай жасақталды.

Жаңа оқу жылында аймақтық Ресурс орталығын құрып, «Дәнекерлеу ісі» бойынша мамандар біліктілігін сертификаттау қызметімен айналыспақпыз.

Біздің басымдығымыз — кәсіби білім алу тегін, стипендия беріледі, бір мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі, сондықтан әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балаларына тиімді, қолжетімді.

Өңірдегі байырғы колледждің бірі Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжіне оқу жастарға еңбекке тікелей араласу, сапалы кәсіби білім алу мүмкіндігін береді.

Колледждің кәсіптік білім беруді жаңғырту бойынша жұмыстары шетелдік оқу орындарынан кем емес, өз ерекшеліктерімізге қарай әлемдік тәжірибе элементтерін енгізетін боламыз. Айта кетер проблемамыз — жоғары разрядты газ, электраргон дәнекерлеуші мамандардың қажеттілігі.

Шетелдік оқу орындарының басты артықшылығы кәсіптік бағдар беру жұмысы балабақша жасында басталып, 9-сынып түлегі бірден нақты мамандыққа түсетіні және жұмыс берушілердің қажетті мамандарға тапсырыс беруі мен әлеуметтік әріптестіктің жолға қойылуы.

Бұндай мәселелер біздің елімізде де уақыт сынынан өтіп, оңтайлы шешімін табады деген ойдамын.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button