Білім

12 жылдық білім беру жүйесі: 2 мектеп. 357 оқушы. 47 мұғалім

Жаңа оқу жылынан бастап біздің облыстағы екі мектептің 1-сынып оқушылары 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алады. Бұл мектептер: Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназия және қалаға қарасты Жаңақоныс ауылындағы Новый орта мектебі. Жаңа жүйе бойынша                1-сыныпқа 357 оқушы қабылданады деп жоспарланып отыр.

Жалпы 12 жылдық білім беру жүйесінің пилоттық жобасы еліміздегі 30 мектепке енгізіледі.

2016-2017 оқу жылынан бастап республика бойынша мектеп табалдырығын аттайтын барлық бала жаңа стандарт бойынша білім алатын болады.

Біз облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен 12 жылдық білім берудің ерекшеліктері, жаңа жүйені енгізуде жасалып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелескен едік.

 

12 жылдық білім беру бағдарламасының басты ерекшелігі — баланың жан-жақты дамуына, өз ой-пікірін ашық жеткізуіне, әр баланың табиғатынан берілген шығармашылық әлеуетінің толық жүзеге асуына ықпал етеді.

Былтыр шілденің 4-і күні Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын (12 жылдық оқу бағдарламаларын) апробациядан өткізу туралы бұйрығы шықты. Соған байланысты жаңа жүйе қыркүйектің 1-інен бастап пилоттық жоба ретінде еліміздегі 30 мектепте енгізіледі. Бұл мектептердің арасында қазақ мектептерімен қатар, орыс, аралас, тіпті ұйғыр мектептері де бар. Астана мен Алматы қалаларында бір-бір мектепте, еліміздің 14 облысының әрқайсысында екі-екі мектепте пилоттық жоба енгізіледі. Олардың бірі — қала, екіншісі — ауыл мектебі.

Жаңа жүйе бойынша міндеттелген жұмыстардың орындалуы ел Үкіметінің бақылауында тұр, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Жаңа стандарт бойынша білім беретін мектептер үшін жаңа оқу бағдарламасы дайындалды. Оқулықтар дайын. Барлық оқушыға тегін таратылады. Мұғалім үшін қажетті көрнекілік құралдар, оқу-әдістемелік материалдар жинақтары да әзір. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ пилоттық мектеп мұғалімдеріне көмек ретінде арнайы әдістемелік әдебиеттер, жүйелі-әдістемелік кешен, апробациялау процесінің мониторингін жүргізу әдіснамасын әзірледі.

Жаңа стандарт бойынша оқулықтар үш баспадан шығырылады. Олар: «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының баспасы, «Алматыкітап» және «Атамұра» баспалары.

Осы үш баспаның оқулықтары да бір мектепте қатар пайдаланылады. Мысалы, бір мектепте 1-сынып үшін 9 сынып-коплект ашылса, соның үшеуі «Атамұра», үшеуі «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген оқулықтармен оқытса, қалған үшеуі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы әзірлеген оқулықтармен білім алады. Осы үш баспадан шыққан оқулықтардың қайсысының сапалы білім беруде септігі көп, оқушының оқу бағдарламасын игеруде қай баспаның оқулығы тиімді екені биылғы оқу жылында өткізілетін эксперимент барысында анықталады. Оқу жылы аяқталған соң 30 пилоттық мектеп бойынша қорытынды шығарылып, келесі оқу жылында нақты қай баспаның оқулығы қолданысқа енгілітетіні мәлім болады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

12 жылдық білім беру жүйесі бойынша кімдер сабақ беретіні бұдан бір жыл бұрын анықталыпты. Ақтөбедегі екі пилоттық мектепте 1-сынып оқушыларына 47 мұғалім сабақ береді. Олар Астана қаласында өткізілген арнайы курстарда, семинарларда дәріс алды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің де жаңа жүйе бойынша жауапты мамандары курстарда оқып, білімдерін жетілдіріп келіпті. 2015-2017 жылдары жаңа стандарт бойынша елімізде 205 мың педагог білім алады.

Айта кету керек, 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша сабақ беретін мұғалімдердің әрқайсысының жалақысына 25 пайыз үстемеақы қосылады.

Жаңа оқу жылында апробациядан өтетін екі мектепте 1-сыныпқа 357 бала қабылданады деп жоспарланып отыр. Бұл мәлімет өзгеруі де мүмкін. Екі мектепте 16 сынып-комплект ашылады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты енгізілетін республикадағы 30 мектептің де материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Мысалы, біздің облыстағы пилоттық жоба енген екі мектептің (№9 мектеп-гимназия мен Новый орта мектебі) материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 7 миллион 095 500 теңге бөлінеді.

 

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ. ЖАҢА ПӘНДЕР. БАҒАЛАУДЫҢ ЖАҢА ТҮРІ

 

12 жылдық білім беру жүйесі бойынша сабақ оқитын 1-сынып оқушыларының оқу жоспарына екі жаңа пән енгізілді. Олар: орыс тілі мен жаратылыстану пәндері. Жаратылыстану пәнінде оқушылар ғарыш әлемі туралы көп мәлімет біледі. Аспан денелерінің сырын ұғып, түсінеді.

Жаңа жүйенің 2012 жылы тамызда бекітілген білім беру стандартынан, яғни қазіргі қолданыстағы стандарттан ерекшелігі, сауат ашу (әліппе) пәні бір сағатқа қысқарған. 2,3,4-сыныптарда ағылшын тілі бір сағатқа артық оқытылады.

Бастауыш білім берудің жалпыға міндетті білім беру стандарты 2016-2017 оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде кезең-кезеңмен енгізіледі. 2-сыныптар үшін пәндерді оқытуда, сағат санында еш өзгеріс жоқ. Ал 3-сыныптан бастап оқушылар ақпараттық коммуникациялық технологиялар пәнін оқиды. Бұл пәнді оқу арқылы балалар компьютерді пайдалану негіздерін меңгереді. Олар түрлі мәтін, кесте, деректер жиынтығы түрінде берілген ақпараттарды іздеу, алу, ұсыну жолдары мен тәсілдерін үйренеді.

Жаңа стандарт бойынша, балалардың білімін бағалауда да өзгеріс енгізілген. Қолданыстағы стандартта оқушының үлгерімі 5-ке дейін бағаланса, 12 жылдық білім беруде 10 балдық жүйе қолданылады.

 

 

ЖАҢА МЕКТЕП. ЖАҢА ЖҮЙЕ

 

Айгүл ӘБЖӘЛОВА, Новый орта мектебі директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары:

— Жаңа оқу жылында сән-салтанаты келіскен, еңселі ғимаратқа қоныс аударамыз. 1 қыркүйек — Білім күні 600 орындық жаңа мектептің ашылуы салтанатты түрде өтеді.

Жоспар бойынша жаңа оқу жылында біздің мектепте 1-сыныпқа 179 бала қабылданады. Сол себепті, 9 сынып-комплект ашылады. Осы 9 сыныптың 9 сынып жетекшісі Астанадағы педагогикалық шеберлік орталығында арнайы курстан өтті. Сонымен қатар, ағылшын тілі, дене шынықтыру, музыка пәндерінің де мұғалімдері білімдерін жетілдіріп келді. Жалпы біздің мектептегі 29 мұғалім жаңа жүйе бойынша білім беруге дайын.

Пилоттық мектеп болғандықтан, біздің мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 4 миллион 600 мың теңге бөлінді. Бұл қаржыға 1-сынып оқушылары үшін интерактивті тақта, планшет, ноутбук, сканер, принтер, басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады.

Жаңа оқу жылындағы жаңалықты ата-аналар жылы қабылдады. Олар балаларының Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесімен білім алатынына мәз. 1-сыныпқа баратын балаларын көршілес Оңтүстік-батыс ауылынан қатынап оқытқысы келетін ата-аналар да бар.

 

Біздің дерек

Әлемде жалпы білім берудің 12 жылдық мектепке арналған халықаралық стандарты бар. Мәселен, АҚШ, Канада, Жапония, Швеция, Франция елдерінде оқушылар мектепте 12 жыл білім алады. Кейбір мемлекеттерде оқу жылы бұдан да ұзақтау. Мысалы, Гермения, Чехия, Италия, Швейцарияда — 13 жылдық, Голландияда — 14 жылдық жүйе қабылданған.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button