Білім

Жаңа оқу жылы мен жаңа оқулықтар

Жаңа оқу жылында 4, 5, 6,11-сыныптарға арналған оқулықтар жаңадан жарық көреді. Соған байланысты біздің облыстың мектептеріне 300 мыңға жуық оқулық сатып алынады.

Біз облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратовамен оқушылардың оқулықтармен қамтылуы туралы сөйлескен едік.

Білім және ғылым министрлігінен бұйрық келді. Онда жаңадан басылып шығатын оқулықтардың тізімі бар. Мұнда қай сынып қай баспадан шығатын оқулықтармен оқытылатындығы, оқулық авторлары  көрсетілген.

4, 5, 6, 11-сынып оқушыларына арнап жаңа оқулықтар жарық көретінін балалары осы сыныптарда оқитын ата-аналар жақсы біледі. Бұл туралы оқу жылы аяқталарда хабарланған болатын. Бұл үрдіс бұрыннан бар. Оқулықтар төрт жылда бір рет кезең-кезеңмен өңделіп, толықтырылып басылып шығады, — дейді Ж.Самұратова.

Қазір облыстық білім басқармасы тиісті баспаларға облыс мектептері үшін 300 мыңға жуық оқулық қажеттігі туралы тапсырыс беріп қойды. Бұл оқулықтар түрлі санаттағы балалар үшін тегін таратылып беріледі.

Ауыл мектептерінде оқулық жеткілікті. Аудандардың бәрінде бірдей оқушылардың барлығы толықтай оқулықтармен қамтылады деп айтуға болады.  Мысалы, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандарында балаларды оқулықпен қамтуда қиындық жоқ.

Әзірге бұл мәселе Ақтөбе қаласындағы мектептерде ғана бар. Өйткені облыс орталығында бала саны жыл сайын артып келеді. Болашақта бұл мәселе толық шешіледі. Әзірге тапсырыс бойынша алынатын және мектеп кітапханаларындағы оқулықтар ең алдымен көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға таратылады. Олардан ауысқаны жеткенінше басқа балаларға беріледі, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Облыстың бас мұғалімінің пікірінше, кейбір оқулықтарда кемшін тұстар бар. Бұл туралы Жанат Самұратова былай ой түйіндейді:

Қазір технология пәнінің де, дене шынықтыру пәнінің де оқулықтары бар. Бұрын технология пәнінің оқулығынсыз қыз балалар ас әзірлеуді, іс тігуді үйренген еді. Дене шынықтыру пәні үшін оқулық шығарудың қандай қажеттілігі бар? Мұғалімге арналған әдістемелік құрал ретінде шығарылған кітап болса сөз бөлек. Бұл оқулықтарды арқалау бала үшін жеңіл жүк емес.

Филолог болғандықтан, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндерінің оқулықтарына қатты мән беремін. Меніңше, 5,6-сыныптардан бастап-ақ орыс әдебиеті оқулықтарына орыс тілінде жазатын авторларды қосу керек. Мысалы,  Олжас Сүлейменовтің,  Герольд Бельгердің және басқа да ел құрметтейтін ақын, жазушылардың  шығармаларын орыс әдебиеті оқулықтарына енгізу керек.  

Жалпы, 5, 6, 7-сыныптарға арналған оқулықтарға патриоттық рухтағы шығармаларды мейлінше көбірек енгізіп, балалардың Отанға, елге деген сүйіспеншіліктерін арттыра түскен жөн. Сонымен қатар, осы кезден бастап ата-ананы, үлкенді құрметтеуді, кішіге қамқор болуды баланың  санасына құйып, тәрбиелеуіміз қажет. 8,9-сыныптарда да патриоттық, тәрбиелік  тақырыптардағы материалдар көбірек болғаны дұрыс. Дегенмен 14-16 жас — өтпелі кезең. Бұл жаста балаларға ешнәрсені  міндеттеп үйрете алмайсың. Ал орта буын сыныптардағы балаларға патриоттық рухты мықтап санаға сіңіре білсек, оқушылар өтпелі кезеңде қиындықтарға бой ұрмай, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата білер еді.   

Қазір балалар көркем әдебиет, өлең оқымайды. Өлеңдерді жаттап өспеген бала рухани жұтаң болады. Поэзияны сүйіп оқыған баланың дүниетанымы кеңейеді, адамдармен қарым-қатынасы жақсара түседі, баланың ішкі мәдениеті қалыптасуына да ықпалы көп.

Соңғы жылдары мәтіндері түсініксіз шалажансар әндер көбейіп кетті. Жастар сол әндерді айтып, әуен ырғағымен билеген болады. Ал поэзияны бала жастан оқып өскен жастың талғамы жоғары болатыны анық. Мұндай жастар мағынасы, мазмұны жоқ әндерді тыңдамас та еді.

 

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button