Білім

ҰБТ осылай өтті

Маусымның 3-і, 5-і, 7-сі күндері біздің облыстың түлектері ұлттық бірыңғай тест тапсырды.  Тестілеуге 4621 түлек қатысты. Олардың үшеуі: Рахила Тулина, Назкен Үмбетова, Айдана Тәңірберген  124 ұпай жинады. Облыстың орташа көрсеткіші — 82,68 балл.

Білім сапасы жоғары үш аудан: Хромтау (95 балл), Алға (89 балл), Ойыл (86,8 балл). Ауыл мектептерінің арасында Хромтау ауданындағы Бөгетсай гимназиясы алдыңғы қатарда  тұр: 112,3 балл.

340 «Алтын белгіден» үміткердің 153-і білімдерін дәлелдеді. Мектеп бітірушілердің «Алтын белгіні» қорғауы жөнінен облыс орталығы алдыңғы қатарда: 115 түлектің 54-і сенімді ақтады.

Шектеулі балл (50 ұпай) жинай алмаған түлектердің саны — 741. 191 бала «екілік» алды.   

Біз тестілеудің қалай ұйымдастырылғандығы және сынақ қорытындысы жөнінде мамандармен тілдескен едік.

 

Түлектің тағдырын тест шешпейді

 

Лаура МЫЛТЫҚБАЕВА, Білім және ғылым министрлігінің, білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басқарма басшысы, министрлік өкілі:

— Ұлттық бірыңғай тестілеу Ақтөбе қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылды деуге болады. Бізге Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базасында орналасқан №715 тестілеу өткізетін пункт бекітілді. Мұнда сынақтың бастапқы күні  511 бала (12 мектеп) тест тапсырды. Орташа балл — 84,67. Ең жоғары балл — 120. Ең төменгі көрсеткіш — 35. Сонымен қатар 58 оқушы шектеулі балл (50 ұпай) жинай алмады. «Алтын белгіден» үміткер 22 түлектің 10-ы білімдерін дәлелдеді.  Екінші кезеңде сынаққа қатысқан оқушылардың саны — 492 (11 мектеп).

Тестілеу кезінде ұялы телефон, «шпаргалка» қолдануға болмайтындығын балалар өте жақсы білсе де, аудиторияға бұл заттарды алып өтпекші болғандар кездесті. Дегенмен тестілеу өткізілетін пунктке кіреберісте түлектердің қолындағы заттар мұқият тексерілді. Соның нәтижесінде екі кезеңде де кейбір балалардан ұялы телефондар, Altel 4G роутерлер, «шпаргалкалар», есептеуіш құралдар алынды. Аудиторияларда бейнекамералар, ұялы телефонның дауысын сөндіретін құралдар үздіксіз жұмыс істеді.

Бірінші кезеңде апелляциялық комиссияға өтініш жазғандар болған жоқ.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсыру  — түлек үшін өте маңызды. Бұл ата-ана үшін де  үлкен қуаныш. Мұғалімнің де мерейін үстем етіп,  мектептің абыройын арттырады. Дегенмен тестілеуде жинаған балл мен алған баға баланың тағдырын шешеді деп ойлау — үлкен қателік. Сол себепті, әсіресе, ата-аналар баласы төмен балл алса, уайымдап, күйзеліске түсудің еш қажеті жоқ. Өмірдегі сәтсіздіктердің бәрі құрдымға кету емес. Кейде кейбір келеңсіздіктер жақсылыққа бастайды. Егер бала биыл төмен балл алса, келесі жылы кешенді тестілеуге тыңғылықты әзірленіп, емтиханды сәтті тапсырып мемлекеттік грантқа ие болуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан сабырлылықпен сол уақытты күткен дұрыс. Қандай жағдайда да жақсылықтан үміттену керек. Бұл үшін ата-ана өзін, баланы, мұғалімді немесе басқаны кінәлауға болмайды. Осыны, ата-аналар түсінсе екен…

 

Қатысым көп. Екілік аз

 

Аудандардың арасында  түлектердің «Алтын белгіні» қорғауы жөнінен Шалқар көш бастап тұр. Мұндағы 43 түлектің 23-і «Алтын белгі» аттестатын алады. Жалпы 340 «Алтын белгіден» үміткердің 153-і сенімді ақтады. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, бұл дерек әлі де өзгеруі мүмкін. Өйткені қазір республикалық апелляциялық комиссия жұмыс жасап жатыр.

30 үміткерге «Алтын белгі» аттестатын алу үшін 1 балдан жетпей  қалды. Олар үздік аттестат алады. Дегенмен олардың арасында республикалық апелляциялық комиссияға өтініш жазғандар бар. «Алтын белгі» иегерлерінің нақты саны аталған комиссияның жұмысы  қорытындыланғаннан кейін белгілі болады, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде облыстардың орташа балын есептегенде түлектердің тестілеуге қатысымы, аудиториядан шығарылғандығы, жұмысының жойылғаны ескеріледі.

Қуаныштысы, биыл біздің облыстың түлектерінің тестілеуге қатысымы жақсы. Өткен жылы  мектеп бітірушілердің 69,3 пайызы қатысқан еді, биыл сынақ тапсырғандардың үлесі — 71,8 пайыз. Аудиторияларға орнатылған бейнебақылауды тексеру барысында оқушының жұмысын жоятындай дерек тіркелген жоқ. Өкініштісі, бір түлек аудиториядан шығарылды. Ол оқушы аттестатты келесі жылы алады, — дейді бөлім басшысы.

Бұған дейін өткізілген ұлттық бірыңғай тестілеулерде төмен деңгейде болған Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз аудандарында биыл ілгері жылжу бар. Мысалы,  Әйтеке би ауданында «Алтын белгі» иегерлері өте аз болатын. Кей жылдары мүлде болмайтын. Биыл бұл ауданда  «Алтын белгіден» үміткер 7 баланың 3-еуі білімдерін дәлелдеген. Орташа балл — 72,32. Ал Байғанин ауданының көрсеткіші — 76,8 балл. «Алтын белгіден» үміткер болған 10 түлектің 2-еуі білімдерін дәлелдеді. Ырғыз ауданының орташа балы — 81,4. Бұл ауданда 10 мектеп бітірушінің 8-і «Алтын белгі» алады.

— «Екіліктердің» саны — 190. Жұмысы «2»-ге бағаланған түлектердің саны азайды. Бұдан 3 жыл бұрын 333 «екілік» болған еді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Биыл 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша эксперимент алаңдарында білім алып жатқан 23  түлек мектеп бітірді. Бұл — Ақтөбе қаласындағы  №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, Мұғалжар ауданындағы Сағашилі орта мектебі, Мәртөк ауданындағы №1 мектептің  оқушылары.

— Бұл балалардың да тестілеудегі көрсеткіші жақсы. Әсіресе, Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназияның мектеп бітірушілері жоғары білім сапасын көрсетті. Бұл мектептегі 12-сынып оқушыларының орташа балы — 93,2. Ең жоғары балл — 112 болса, ең төменгі балл — 78, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

Білім сапасы жоғары мектеп

 

Облыстағы білім сапасы жоғары мектептердің бірі — облыстық физика-математика мектеп-интернаты. Биыл аталған білім шаңырағын 24 түлек бітірді. Оның 8-і халықаралық ғылыми жобалар жарыстарының жүлдегерлері.

Сол себепті 8 түлектің 8-і де Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің бұйрығымен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан босатылды.  Тестілеудегі орташа көрсеткіш — 93 балл, — дейді облыстық физика-математика мектеп-интернатының директоры Қарагөз Еңсегенқызы.

Жалпы мектепте 197  бала білім алады. Олардың көпшілігі халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада, конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Мысалы, оқушылардың зерттеушілік жұмыстары мен шығармашылық жобаларының облыстық «Зерде» конкурсына 12 бала қатысып,

2-еуі жеңімпаз атанса, қалған 8 бала да жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иеленген. Ал республикалық конкурсқа 2 оқушы қатысып, 2-еуі де жүлдегер атаныпты.

Бұл білім ордасының оқушылары облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда да жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Мысалы, 8-сынып оқушысы Алтынбек Қайсар 10-сынып оқушылары арасында математика пәні бойынша ұйымдастырылған жарыста ІІІ орынды иеленіпті.

Облыстық ғылыми жобалар сайысына 20 бала қатысып, 5 бала І орын алса, 11 оқушы ІІ, ІІІ орындарды иеленді.

Биылғы оқу жылында 9-сыныпты 40 оқушы бітірді. Оның 8-і үздік куәлікке үміткер.

Облыстық физика-математика мектеп-интернаты 1996 жылы ашылды.

19 жылда 80  түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 90-нан астам оқушы «Үздік аттестатқа»  ие болды. Барлық түлектеріміздің 95 пайызы мемлекеттік гранттарды иеленіп, жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Оқушыларымыздың осындай жетістіктерге жетулеріне, біздің мектептегі білім сапасының жоғары болуына ұстаздардың еңбегі зор, — дейді Қарагөз Тілеумағамбетова.

 

Назкен 124 балл алды!

 

Облыстағы ең жоғары 124 балл алған үш түлектің бірі — Благодар орта мектебінің (Ақтөбе қаласы) оқушысы Назкен Үмбетова.  Ол «Алтын белгі» иегері атанды.

Назкен ҰБТ-ға 10-сыныптан бастап мұқият әзірленгенін айтады:

Тынбай еңбектеніп, ізденгенім зая кеткен жоқ. Бір ғана жауап дұрыс болмады. Математикадан бір қате кетті. «Мүмкін, жауабым дұрыс болар» деп апелляциялық комиссияға өтініш жазған едім. Дегенмен босқа күдіктеніппін.

ҰБТ — маңызды сынақ. Сәтті тапсырса, сенімді ақтап, «Алтын белгіні» қорғайды, әрі қалаған жоғары оқу орнының студенті атанады. Назкен тестілеуге бар ықылас, ынтамен дайындалғанымен ҰБТ тапсырар алдында қобалжыпты.

— Дегенмен тест сұрақтарын көріп қуанып кеттім. Тезірек барлық пәндердің сауалдарына көз жүгіртіп өттім. Бәрінің жауабын дұрыс белгілейтініме, ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 балл алатыныма нық сенімді болдым. Сөйтіп, жауаптарды белгілеуге кірісіп кеттім. Ең соңынан математиканың есептерін шығардым. Уақыт мол жетті. Қате — өзімнің аңғармағанымнан болды. Әйтпегенде, қиын есеп емес еді, — дейді Назкен. Ол мектепте ұйымдастырылған бақылау тестілеулерден де үнемі жоғары көрсеткіш алыпты. Соңғы сынақ тестілеуде 122 балл жинаған.

Тестілеуді сәтті тапсырғаным үшін ең алдымен әкем Абдулманап пен анам Ажарға шексіз алғысымды айтамын. Олар менің сынаққа алаңсыз дайындалуым  үшін барлық жағдай жасады. Сонымен қатар мектеп директоры Нұрилла Пенаевқа, сынып жетекшім Айзат Айтеноваға және  тестілеуге дайындаған ұстаздарыма ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың математика пәнінің мұғалімі Бауыржан Жылкелдіге  рақмет айтамын, — дейді Назкен. Ол қандай мамандыққа құжат тапсыратынын әзірге шешпепті. Дегенмен Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына құжаттарын тапсыруға дайындалып жатыр.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button