Білім

Назарбаев мектебі алғашқы түлектерін ұшырды  

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі алғашқы түлектерін ұшырды. 2013 жылы ашылған бұл оқу ордасы еліміздегі осы бағыттағы 21 мектептің ішіндегі үздіктерінің қатарында.

12 жылдық білім беру моделі тәжірибесін алғашқылардың бірі болып енгізген білім ордасының 135 оқушысы биыл мектеп бітірді. Мамырдың 12-22-сі аралығында өткзілген мемлекеттік сыртқы жиынтық бағалау емтиханынан түлектер үздік нәтиже көрсеткен.

— Білім ордамыз өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі 21 Назарбаев зияткерлік мектептерінің ішінде білім сапасы жөнінде үздік ондыққа кіреді. Бұл мектеп директоры Сәуле Рақымқызы бастаған ұжымның және оқушыларымыздың еңбегінің жемісі. Мемлекеттік сыртқы жиынтық бағалау емтиханы деп аталатын Кембридж емтиханынан түлектеріміз үздік нәтиже көрсетті. Биыл мектеп бітірген түлектеріміздің көбі Назарбаев университетіне оқуға түсті. Сондай-ақ, Америка Құрама Штаттары, Чехия, Болгария, Ресей, Малайзия, Қытай сынды алыс-жақын шетелдерге оқуға түскен түлектеріміз бар, — дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Ниязалина.

Түлектердің бірі Камила Ахметова қолына мектеп бітіргені туралы аттестатын алған соң жолға жиналады. Ол енді Гонконгтағы политехникалық институттың студенті. Оқу орнына үздік оқушыларға берілетін грант бойынша қабылданып та қойылған.

— Бұрын қаламыздағы №24 лингвистикалық мектепте оқыдым. 9-сыныптан бастап Назарбаев мектебінің оқушысымын. Бұл мектеп бізге үлкен мүмкіндіктердің есігін ашты. Сабақтар үш тілде өтеді. Соның нәтижесінде ағылшын тілінде еркін сөйлеуге қол жеткіздім, бірнеше байқауларға, олимпиадаларға қатысып, жүлде алдым. Міне, жатпай-тұрмай оқығандығымның арқасында Гонконг политехникалық институтына қабылдандым. Болашақта құрылыс саласындағы инженер боламын. Шетелге кететінім үшін ата-анам қобалжып жүр. Бірақ бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Ата-анамның,  ұстаздарымның үмітін ақтауға тиіспін, — дейді мектеп түлегі Камила Ахметова.

Осындай түлектердің бірі Жандос Жұмағазиев Санкт-Петербургтегі политехнкиалық университетке грант бойынша оқуға қабылданған. Болашақ энергетик жігіт өз достарына алдағы үлкен жолда сәт-сапар тіледі.

Соңғы қоңырау салтанаты кезінде оқушыларды мектеп директоры Сәуле Өмірбекова құттықтап, жыл бойы өткен түрлі додаларда мектеп намысын қорғаған оқушыларға арнайы дипломдар табыс етті.

Қазір Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 700-ден астам бала білім алып жатыр. Алдағы оқу жылында мектептің 7-сыныбына 120 оқушы қабылданбақ.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button