Білім

Соңғы қоңырау: 300 мектеп. 6335 түлек  

Кеше облыстағы 300 мектепте 6365 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылды. Оның 23-і — 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша эксперимент алаңдарында білім алған түлектер.  

Жалпы облыстағы 444 мектепте 122 мыңнан астам оқушы бар.  10607 оқушы 9-сыныпты бітіреді. Бастауыш сыныпта білім алатын 53 825 баланың

12 054-і бастауыш сыныппен қоштасты. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 15 101 балдырған алғаш рет соңғы қоңырау рәсіміне куә болды.

— Дүйсенбі күні облыстағы барлық мектепте соңғы қоңырау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күні салтанатты жиындар, мерекелік концерттер, тал отырғызу акциясы, ашық есіктер күні, мектеп бітірушілер мен білім беру ұйымдарының жетістіктерін жариялайтын кездесулер ұйымдастырылды, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова. Оның айтуынша, соңғы қоңырау салтанатты мерекесін өткізуге және басқа шаралар үшін мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алуға оқушылар мен ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынады.

6365 түлектің 4960-ы (78 пайызы) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіріпті. Олар 3, 5, 7 маусымда сынақ тапсырады.  ҰБТ Ақтөбе қаласындағы 3 пунктте ұйымдастырылады. Бұған дейін Қарғалы, Алға, Мәртөк аудандарының оқушылары облыс орталығындағы пункттерде сынақ тапсыратын. Биылдан бастап бұл аудандардың орталықтарында тестілеу өткізілетін пункттер ашылды.

Түлектердің 351-і —  «Алтын белгіден» үміткер. Бұл оқушылардың 116-сы — Ақтөбе қаласындағы мектептердің  түлектері.

ҰБТ-ға қатыспайтын түлектер (тестілеуден босатылғандарды қоспағанда) мектептерде 31 мамыр мен 20 маусым аралығында емтихан тапсырады.

Түлектердің мектеп бітіру кештері маусымның 20-сы күні ұйымдастырылады.

 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button