Жаңалықтар

Ауылдағы амбулатория

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Алға ауданының Үшқұдық ауылында дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Үшқұдық ауылында бір жылдары Алға ауданының батыс өңіріндегі тұтастай 12 ауылдың адамдарын қамтитын аурухана болған еді. Бірақ аурухана беріректе жабылып қалып, амбулаторияға айналды. Соның өзінде 1956 жылы салынған көне ғимаратта Үшқұдық округіне қарасты үш ауылдың және көршілес жатқан алты ауылдың тұрғындарына қызмет көрсетіліп келді.

Жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратын тапсыру салтанатына облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

— Облыс көлемінде әлеуметтік маңызы зор нысан іске қосылып отыр, — деді Сара Қайыржанқызы. — «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жыл сайын оннан астам дәрігерлік мекемелер салынуда. Материалдық-техникалық базалары нығайтылған жаңа ғимараттарда медициналық қызмет көрсету сапасының артатыны анық.

Сара Нұрқатова амбулаторияның бас дәрігері Шәмшат Дәнімоваға ғимараттың кілтін және «Динар-электромаш» ЖШС-ның демеушілік ретінде берген компьютерін табыс етті. Сондай-ақ, аудандық аурухана үшін реаномобильді «Жедел жәрдем» машинасы тапсырылды.

Тұрғындар атынан ауыл ақсақалы Жарқынбек Кеңесбаев сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді.

Дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 40 науқасты қабылдай алады, 5 кереуеттік күндізгі стационар жұмыс істейді. Мұнда 2 дәрігер, 10 орта медициналық қызметкер еңбек етеді. Жаңа ғимаратты салуға 36,6 миллион теңге қаржы жұмсалыпты.

— Мынадай жаңа ғимараттың салынғанына өте қуаныштымыз, — дейді амбулаторияның бас дәрігері Шәмшат Дәнімова. — Амбулатория бүгінгі күнгі құрал-жабдықтармен жабдықталды. Енді біз электрокардиограмма, дифибрилятор, глюкометр, ларингоскоп секілді аппараттар арқылы науқастарды мейлінше ауылда емдеу мүмкіндігіне ие болдық. Фтизиатрдың бөлек бөлмесі бар. Адамдарды науқастардан қорғау үшін өкпе ауруына байланысты анализ тапсыратындар бөлек есіктен кіреді. Сондай-ақ, физиоемдеу кабинеті жұмыс істейтінін де айта кету керек.

Шәмшат Дәнімованың айтуынша, тегін берілетін дәрі-дәрмектер мерзімінде жеткізіледі. Тұрғындарға сапалы қызмет ету үшін барлық жағдайлар бар. Тек бүгінгі күні автокөліктің тозығы жетіп, істен шығып отыр. Ал амбулаторияға қарайтын кейбір елдімекендер Үшқұдықтан 40-50 шақырым жерлерде орналасқан. Енді жедел жәрдем көлігі берілсе, ешқандай проблема болмас еді.

Бердібай КЕМАЛ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button