Жаңалықтар

«Қолжетімді баспана» жақындай түспек

Елбасы Жолдауында айтылған халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау жұмысы басталып кетті.

«Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын құрылысшыларға түсіндіру мақсатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәжіліс өткізді.

Жиында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі  АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бішімбаев, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ басқармасының төрағасы Азамат Ибадуллаев қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін құрылысты жүргізу тәсілдері мен жолдарын түсіндіріп берді.

Қолжетімді баспана тұрғызу мақсатында Үкімет құрылыс компаниялары салған үйлерді сатып алатын болады. Сатып алынған үйлер болашақта иесі толық сатып алу құқығымен жалға беріледі. Пәтерлерді бөлу кезінде сатып алынған пәтерлердің 30 пайызы мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік салада істейтіндер, әскери қызметшілер секілді санаттарға беріледі. Содан кейін 20 пайызы мемлекеттік заңды тұлғаларға, үкіметтік емес ұйымдарға, ғылым, білім, мәдениет және басқа салаларға бөлінеді. Бұл топқа журналистика саласының қызметкерлері де енгізілген.

Пәтермен қамтамасыз етудің тағы бір жолы ірі-ірі компаниялар, өндірістік кәсіпорындар арқылы жүргізіледі. Біздің облыста «Қазхром» АҚ зауыттары мен Дөң кен-байыту комбинаттарына өз қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз ету ұсынылып отыр. Яғни мүмкіндігі мол кәсіпорындар құрылыс компаниялары салған үйлерді сатып алып, жұмысшыларына пәтер құны жалақы есебінен ұсталатын етіп беріледі.

Облыста «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ бағдарламасы арқылы жүргізілетін болады. Ол үшін «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 8,2 гектар жер бөлінген.

Ал жалпы биылғы жылы облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері салған тұрғын үйлерді қосқанда 465,0 мың шаршы метр пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ал қазан айына дейін 335,1 мың шаршы метр тұрғын үйдің кілті тапсырылды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button