Жаңалықтар

Өркенді өріс. Өскен пайыз

«Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан.

 

Әлемдегі дамыған елдердің шағын және орта бизнеске сүйенетіні көпке мәлім жағдай. Біздің елімізде де ішкі жалпы өнімнің басым бөлігін осы құрылымдар еңсереді.  Және жыл сайын бұл саланың белсенділігі ұлғайып келеді. Осының арқасында ел экономикасы дағдарыс жағдайында да мығым отыр. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жұмысты жалғастыруды тағы да айрықша атап көрсетті. Президенттің Жарлығымен шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге осы жылдың соңына дейін мораторий жарияланғаны белгілі. Кәсіпкерлікті дамытуға қатысты осы және басқа да мәселелер төңірегінде біздің тілшіміз таяуда облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Бағжан Тілегеновпен әңгімелескен еді.

 

— Елбасы өзінің Жолдауында ел экономикасының қозғаушы күші саналатын  салаға зор сенім артып, оның қарыштап дамуына жол ашты. Алдағы үш жылда шағын және орта бизнес үшін аса қомақты несиелік қаржы бағытталып отыр. Бұған біздің кәсіпкерлеріміз дайын ба?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол—болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауымен мұқият таныстым. Бұл стратегиялық маңызы бар құжат. Ол әлем экономикасы тығырыққа тіреліп отырған қазіргідей шақта, елімізге дағдарыстан зардап шекпей шығудың жолдарын нұсқайды. Бұған дейін де біз Елбасының тәжірибесіне сүйеніп талай қиындықтарды еңсергенімізді әлем біледі. Мен 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларды айтып отырмын.

Енді сіздің сауалыңызға оралайын. Елбасының Жолдауын зерделеп оқыған адам еліміздің бизнес-қауымдастықтарының Мемлекет басшысы жүктеп отырған міндеттерді жүзеге асыратынына күдік келтірмес деп ойлаймын. Себебі Елбасының Жолдауында айтылғандай, бүгінде Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге қаржы толықтай игерілген. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Және бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түскен. Бұлай болатын реті де бар. Өйткені бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Жолдауда көрсетілгеніндей, мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес.

Президент аталған маңызды құжатта бізге шағын және орта бизнесті экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастыруды міндеттеп отыр. Шағын және орта бизнес үшін қомақты несиелік қаржының бөлінуі де осымен байланысты.

— Биылғы жылдың басында кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий алдағы жаңа жылдан бастап күшін жояды. Кәсіпкерлерге қамқорлықтан туған бұл шараның жергілікті жерлердегі нәтижелері қандай болды?

— «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 27 ақпандағы Жарлығы, менің ойымша, мейлінше оң және, ең бастысы, дер кезінде алынған шара болды.

Егерде біз бүгінгі күні еліміздің инвестиция тарту мүмкіндігін арттыруға, бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылатын болсақ, оған мейлінше бөгет жасамауды қамтамасыз етіп, бизнесті қолдауға байланысты еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерінің өсуіне бастайтын нақты қадам — осындай шаралар қабылдау қажет еді. Әйтседе, қандай жағдайда да  кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің заңдылықты сақтауын,  бақылаушы органдардың тапсырмаларының жергілікті жерде орындалуын естен шығаруға болмайды.

Әрине, Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен қабылданған кешенді және жүйелі шаралар, шағын және орта бизнесті дамытуға қуатты серпін бергенін атап айтуымыз керек. Сондай-ақ, қабылданған шара кәсіпкерлерді артық әкімшілік салмақтан құтқарды және елімізде бизнесті дамытуға оң әсер етті.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, мораторий басталғаннан бері Бас прокуратура Жарлықтың талабы бойынша көрсетілген шағын және орта бизнес субъектілерінің 10 мың тексеруін тоқтатуды қамтамасыз етті.

Тұтастай алғанда, осы жылы 40 мыңнан астам кәсіпкерлер тексеруден босатылды. Бұл  еліміздегі бизнестің дамуын елеулі түрде жақсартты.

Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізу кәсіпкерлерді қолдаудағы мейлінше маңызды шаралардың бірі болды. Мұнымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуге  2014-2015 жылдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 1 триллион теңге қаржы бөлінді. Мұның 500 миллиард теңгесі осы жылы бөлінді, қалғаны 2015 жылы беріледі.

Шағын және орта бизнесті қолдауда өңдеу өнеркәсібі жобалары бойынша қазірдің өзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалы арқылы 6 пайыз жылдық ставкамен 10 жыл мерзімге 100 миллиард теңге несие берілді, банк секторын сауықтыруға 250 миллиард теңге, үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың екінші мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 150 миллиард теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың тоғыз айының қорытындысымен 2,3 миллиард теңге көлемінде 24 жоба несиеленді.

Елбасының тапсырмасына сәйкес 2013 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Барлық облыстарда аймақтық кәсіпкерлер палатасы ашылды. Біздің басқарма Ақтөбе облысының кәсіпкерлік палатасымен тығыз байланыста жұмыс жасап, кәсіпкерлікті дамытуға және аймақтағы іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған бизнес қатынастарды оңтайландырудағы  жұмыстарды белсенді жүргізуде.

Ақтөбе облысы әкімдігі мен Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасы арасында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мәселелеріне байланысты әріптестік пен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында отандық өндірісшілердің мүдделерін қорғау және қозғалысқа келтіру жөніндегі біріккен іс-қимыл жоспары жасалды.

Сондай-ақ, меморандум аясында кеңесушілік органдарын құрылымдау бизнес өкілдерінің 50 пайызының қатысуымен өткізіледі.

— Мораторийдің пайдасы бар ма, жалғастыру керек деп есептейсіз бе, пікіріңіз қандай?

— Әрине, мораторий қажет. Себебі ол кәсіпкерлерге бірінші кезекте көп уақытын өз бизнесін дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді, сондай-ақ, артық әкімшілік қысымнан құтқарады. 2015 жылдың бірінші қаңтарынан бастап тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс.

— Аталған шара арқылы мемлекет шағын бизнестің өркендеуіне жол ашып отыр. Бүгінгі таңда облыста шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын қанша кәсіпорын тіркелген? Олардың облыс экономикасына қосып отырған үлесі қандай?

— Бизнестің дамуына қолдау көрсетуде мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай туғызылып отыр. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда ақпараттық-кеңес берушілік қызметті қамтамасыз ететін бірыңғай бизнес-құрылымдарын құруды жүзеге асыру, сондай-ақ, облыстың жаңа іс бастаған кәсіпкерлеріне бизнес оқытуды ұйымдастыру мақсатында аймақта кәсіпкерлерді қамту орталығы құрылды. Оған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының филиалдары, «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының құрылымдық бөлімшелері мен облыстың қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған және жаңа іс бастап отырған кәсіпкерлерге кеңестік қызметтер көрсететін басқа да қаржылық институттары кірді. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан кәсіпкерлікті дамыту орталығы ашылды.

Орталықта «бір терезе» принципі бойынша бизнес ашу және оны дамыту үшін кәсіпкерлерге қызметтер көрсететін  толық жүйе ұсынылады. Мұнда кәсіпкерлер ақысыз негізде кеңестер, сондай-ақ, бизнестің түрлі мәселелері бойынша ( ЖШС-ты тіркеу, бухгалтерлік есеп жүргізу, бизнес-жоспар жазу, бизнесті дамытудың маркетингтік жоспары, меншік құқын жасақтау және басқа) тиісті жәрдемдер ала алады. Орталықтың базасында қызмет үстіндегі және жаңа іс бастап жатқан кәсіпкерлер үшін тегін оқыту курстары ұйымдастырылады. Үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысымен орталық 4500-ден астам кеңес беру қызметтерін көрсетті.

Осы мерзімде тіркелген шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің саны 54,1 мың бірлік құрады. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға жоғары. Немесе осы салада жұмыс жасайтындардың саны 132,7 мың адамнан асып, 1,5 пайыз өсті.

Егер шағын және орта бизнестің үлесі жалпы аймақтық өнім құрылымында 2013 жылы 23,7 пайыз болса, үстіміздегі жылдың жарты жылдығында 25,7 пайыз құрады. Шағын және орта бизнес көрсеткішінің жақсаруы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру мораторийінің белгілі дәрежеде ықпалы болғанын көрсетеді.

— «Бұл мораторийге азық-түлік және дәрі-дәрмек секілді тауар өндірумен айналысатын кәсіпорындар кірмейді. Мұндай кәсіпкерлік нысандарды біз тексеріп, бақылап отыруға міндеттіміз», — деген  еді Президент. Кәсіпкерлерді тексермеу олардың тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін төмендетпей ме?

— Мораторийден тұтынушылар жапа шекпеуге тиіс. Бұл жерде олардың мүддесін тұтынушылардың құқын қорғайтын арнаулы мекемелер бақылайды. Сосын, менің ойымша, бұл шара шексіз созыла бермеуге де тиіс. Өйткені Елбасы кезінде тек мораторий жариялап қана қоймай, кәсіпкерлерді тексеру жұмысын түбегейлі реформалауды тапсырған болатын. Алдағы жылы кәсіпкерлік қызметке қатысты жаңа заң күшіне енеді. Сонда бұл мәселе де бір жағына шығуға тиіс.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button