Жаңалықтар

Үздіктердің бірі — Мейрамгүл!

Байқау

Еліміздегі экономиканың дамуы, кәсіпкерлік саласындағы түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы, жалпы аталған саланың тыныс-тіршілігін ел тұрғындары бір білсе, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біледі. Еліміз үшін экономиканың дамуы, бизнес саласының өркендеуі қаншалықты маңызды болса, ол туралы шынайы ақпараттарды халыққа дер кезінде жеткізу соншалықты маңызды. 

Республикалық «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры жылдағы дәстүрі бойынша биыл да журналистер арасында «Қазақстандағы кәсіпкерлік — БАҚ назарында» атты байқау жариялаған болатын.  Жақында байқау өз мәресіне жетіп, ұйымдастырушылар жеңімпаздарды марапаттады. «Даму» қорының Алматыдағы кеңсесінде өткен салтанатты шараға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, «Даму» қорының бұқарамен байланыс бөлімінің басшысы Алмас Жұмағұловтар қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараға еліміздің 24 қаласынан 109 тілші қатысқан. Газет-журналдарда жарияланған, радио және телеарналарда жарық көрген мақалалар мен сюжеттердің ұзын саны 400-ден асады.

— Байқау жеңімпаздарын сегіз номинация бойынша анықтадық. Бір қуаныштысы, өткен жылдары ақпараттар, ұсақ хабарлар сынды байқау жұмыстары өте көп болған-ды. Биыл атүсті жазылған ақпараттар емес, зерттеу материалдары, сараптама мақалалар мол болды. Алдағы жылы бұдан да жақсы жұмыстар болады деп сенеміз, — дейді  А.Жұмағұлов.

Байқау қорытындысы бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі «Мерзімді баспасөздегі үздік жарияланым», «Үздік телесюжет», «Ғаламтордағы үздік мақала», «Үздік радиосюжет» номинациялары бойынша жүлделер тағайындалды. Қазақ тілінде шығатын «Мерзімді баспасөздегі үздік жарияланым» номинациясы бойынша өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуы жөніндегі мақалалар топтамасы үшін облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің тілшісі Мейрамгүл Сатаева жүлдеге ие болды.

Ал орыс тіліндегі үздік телесюжет номинациясы бойынша «Жастар Корпорациясы» атты тележобаның авторы «Рика-ТВ» арнасының тілшісі Марина Васильева алдына жан салмады. Сондай-ақ,  «Даму» қоры тағайындаған «Кәсіпкерлікті қолдауды белсенді насихаттағаны үшін» арнайы сыйлықтары да берілді.

Жеңімпаздардың барлығына дипломдар мен қомақты қаржылай сыйақы табысталды.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button