Жаңалықтар

Картоп қоймасы ашылады

Жыл соңына дейін Ақтөбе қаласының Кеңес Нокин ауылында сыйымдылығы 3000 тонна картоп  сақтайтын заманауи үлгідегі қойма іске қосылады.

 

Бірлескен жоба, әмбебап бөлік

 

Ақтөбе қаласының Кеңес Нокин ауылында бой көтерген «Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Соңғы үлгімен салынған қойма заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда қыс айларында бір мезгілде 3000 тонна картоп пен көкөніс сақтауға мүмкіндік бар. Серіктестік басшысы Ермек Жұмағазиннің айтуынша, қойма құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылады. Қазір бұл мақсатқа бөлінген 400 миллион теңге көлеміндегі қаражат тиімді  жұмсалған.

Биыл біздің компания «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, облыс әкімінің қолдауымен инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Көкөніс сақтау қоймасының құрылысын салып, іске қосуды белгілеген уақытта аяқтайтын боламыз. Заманауи үлгіде салынған қойма голландиялық технология бойынша жұмыс жасайтын болады. Сол үшін шетелден арнайы құрылғыларды алып келдік. Мұнда картоп сақтауға арналған аумақтың көлемі — 3000 тонна, — деді Е.Жұмағазин.

Серіктестік басшысының айтуынша, қойма іштей 6 бөлікке бөлінген. Әрбір бөлікте 500 тонна өнім сақтауға мүмкіндік бар.

Қойманың бір бөлігін әмбебап етіп жабдықтадық, яғни бұл жерге 500 тонна картоп, болмаса пияз сақтауға болады. Егер біз пияз өсіріп, оны қысқа сақтайтын болсақ, онда қоймаға 2500 тонна картоп пен 500 тонна пияз ғана орналастыра аламыз. Қойманың бір бөлігін әмбебап етіп бөлуіміздің сыры да — осында. Өйткені әрбір көкөніс өзінше сақталады. Оларды қысқы, көктемгі мезгілде сақтаудың қалыптасқан өзіндік температурасы бар, — деді Е.Жұмағазин.

 

«Tolsma» мен  «Miedema»

 

Қойма ресми түрде ашылғаннан кейін мұнда 14 адам тұрақты жұмыс жасайды. Голландияның әйгілі «Tolsma» және «Miedema» фирмалары өндірген құрал-жабдықтар компьютердің көмегімен басқарылатын болады. Айталық,  «Tolsma» фирмасы шығарған желдеткіш-салқындатқыш жүйесінің картоптың көлемі мен сапасын жоғалтпауға, сондай-ақ өнімнің зақымданбауы үшін тигізер пайдасы зор.  

«Miedema» фирмасының құрылғысымен жабдықталған қойма өнімді ұзақ уақыт әрі ешбір шығынсыз сақтауға мүмкіндік береді. Болашақта өз тұтынушыларымызға жоғары сапалы өнім ұсыну арқылы мойнымызға үлкен жауапкершілік алып отырмыз. Алайда мемлекеттің қолдауынсыз мұны орындау қиынға соғатын еді, — дейді серіктестік жетекшісі.

Қысқа сақталатын картоп қоймада қапқа салынбайды, әрбір бөлікте 4 метр биіктікке дейін үйіледі. Картоп сақталатын бөліктердің төменгі қабатына арнайы туннель жасалған. Қойманың төбесі мен қабырғалары, едені үш қабаттан тұратын сэндвич-панельмен, яғни жылытқыш материалдармен қапталған.

Сырттан келетін таза ауа іштегі камерада жылы ауамен араласып, туннель арқылы желдеткіш-салқындатқыш жүйенің көмегімен фильтрден өтіп, үйілген картоптың арасына ауа жібереді. Ал пайдаланылған ауа өзге клапан арқылы сыртқа шығарылады. Осылайша, бұл жүйе үздіксіз жұмыс жасап, қалыпты температураны ұстап тұрады. Бұл өз кезегінде қыс, көктем мезгілдерінде картоптың құрғақ әрі таза күйінде сақталуына жағдай жасайды.

 

Баға және кепілдік

 

Жаңа қойманың жалпы аумағы — 4800 шаршы метр, биіктігі —  12 метр. Ермек Жұмағазиннің айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарының көбісі картоптың элиталы тұқымын егеді. Яғни жергілікті жерге төзімді голландиялық сорттың шығымы да тәуір.

Картоптың голландиялық сортына деген тұтынушылардың да сұранысы жоғары. Мұндай сорттың өзі іштей бірнешеге бөлінеді, яғни ерте, орташа және кешігіп шығатын түрлері бар. Сондықтан көкөніс сақтау қоймасына жеткізілген өнімдерді сақтаудың да өзіндік тәртібі, уақыты болады. Сондықтан біз әртүрлі сорттағы өнімдерді сұрыптап, жеке-жеке сақтауға мүмкіндік жасадық. Қоймадағы әрбір секция белгілі бір температурада өнімді қалыпты сақтайтын болады, — дейді ол.

Қойма басшысы мұндағы өнімдердің мамыр айының орта тұсына дейін жоғары деңгейде сақталатынын айтады.

Біз облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін картопты тұқымға алуға да жағдай жасаймыз. Картоп құрғақ, таза күйінде сақталатын болғасын, жоғары деңгейде өнім беретініне кепілдік береміз. Екіншіден, облыс тұрғындары үшін  бұл қоймада азық-түлік картобы жоғары деңгейде сақталады. Бұған дейін облыста жоғары деңгейде  картоп сақтайтын қойма болған жоқ. Сондықтан бұл өнімнің бағасы қыс, көктем айларында күрт өсіп кететін. Енді жаңа үлгідегі көкөніс сақтайтын қойма картоптың сапасын жоғалтпай, бағасын да тұрақты ұстайтын болады. Маусымаралық кезеңде облыс тұрғындарын сапалы, арзан картоппен қамтамасыз етуге кепілдік береміз, — дейді Е.Жұмағазин.

 

Алғашқы жоба — ақтөбеде!

 

Биыл «Пригородный» ЖШС-ы инвестициялық жобаны жүзеге асырумен қатар, 80 гектар алқапқа картоп еккен. Нәтижесінде 2 мың тонна картоп жиналыпты. Қазір бұл өнім жаңа қойманың жанындағы кеңес дәуірі тұсында салынған ескі қоймаға үйілген. Жақын күндері өнімді жаңа нысанға тасымалдау жұмыстары басталады.

Ермек Жұмағазин сөз арасында келер жылы 100 гектар алқапқа картоп егуді жоспарлап отырғанын айтты. Шаруашылық басшысы әр гектардан шамамен 30-35 тонна өнім жинауды көздейді.

Мемлекеттің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған мұндай қойма республикада саусақпен санарлықтай. Ал «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылып жатқан мұндай инвестициялық жоба еліміз бойынша бірінші болып Ақтөбеде қолға алынған.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button