Жаңалықтар

Жаңа автобустар келді

Жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» мекемесі иелігіндегі техникалар саны 20 жаңа автобуспен толықты.

«Автопарк» мекемесінің директоры Қуаныш Боранбаевтың айтуынша, қазір жаңа автобустар мекеменің базасында тұр.  Евро-4 стандарты бойынша Қытайдың  «YUTONG» зауытынан шығарылған автобусқа бір мезгілде 100 адам еркін сияды.

— «YUTONG» —  Қытайдағы автомобиль шығаратын ең үлкен зауыттардың бірі. Бұған дейін бұл зауыттың жұмыс жасау технологиясын, шығарып жатқан өнімдерін өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Зауыт өнімдері қазір Еуропа елдеріне тапсырыс бойынша экпортталады. Үлкен сыйымдылықтағы автобустарды Ақтөбенің климатына сәйкес жасауға тапсырыс берген едік. Зауыттықтар біздің тапсырысымыз бойынша автобусты мейлінше жолаушыларға ыңғайлы етіп жасапты. Яғни қыс күндері автобус ішін жылыту үшін пештер санын көбейтіп, балалы жолаушылар мен мүгедектерге  арнайы 4 орын жасалған. Бір қызығы, мұндай орындар автобустың ішіндегі басқа орындарға қарағанда айқындалып тұрады. Арнайы орындықтар қызыл түсті, ал қалғандары көк түспен боялған. Басқа автобустарға қарағанда, жаңа автобустың жолаушылар үшін кіреберіс есігінің табалдырығы да ыңғайлы етіп жасақталған. Сондай-ақ, тапсырыс беру кезінде автобустың сыртына Ақтөбе қаласының елтаңбасын салуды әрі қала мен зауыт атын қатар жазуды да ескеру қажеттігін айтқан едік. Бұл істі де зауыттықтар мұқият орындапты, — дейді Қ.Боранбаев.

Бір автобустың бағасы — 15 000 000 теңге. Әзірге жаңа автобустардың бағыты айқындалмапты. Желтоқсанның 12-сі күні қаладағы жолаушылар тасымалындағы 50 бағыт бойынша тендер өтеді. Содан соң ғана жаңа автобустар белгілі бағыт бойынша қызмет ететін болады.

Жыл соңына дейін «Автопарк» ЖШС 120 жаңа автобус алуды жоспарлаған. Ресейден шығарылған орташа сыйымдылықтағы 50 автобус қазір мекеменің базасында тұр. Қ.Боранбаев жыл соңына дейін тағы 50 автобус Ресейден жеткізілетінін айтты.

Тендер өткізілгеннен кейін  жаңа автобустар орталық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдайтын болады. Жаңа автобустар іске қосылған кезде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, — дейді мекеме директоры.

Қазір «Автопарк» иелігіндегі автобустардың арасында 2007 жылдан бері қоғамдық бағытта жүргендері бар. Болашақта жаңа автобустар осындай ескірген техникаларды алмастырады.

Қуаныш Боранбаевтың айтуынша, келер жылдан бастап «Нұр Ақтөбе» шағын ауданына №2 жаңа бағыт бойынша  автобус шығарылады. Сонымен қатар, жолаушылар үшін қиындық тудырып жүрген Пригородный елді мекеніне қатынайтын №29 бағыттағы автобустардың жүру ара қашықтығы да реттелетін болады.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button