Спорт

Ақтөбенің барыстары

 

Қазақ күресін әлем танып келеді

Қазақ балалары үшін күрестің пірі Қажымұқан екені анық. Қара күштің иесін, алып та, шалып та жығатын мықтыларды Қажымұқанға, Балуан Шолаққа теңеп жатамыз. Батырлар жырының желісіне елітіп кетсек, Ер Тарғын, Қобыланды, Алпамыс батырлар көз алдымызға келе қалады. Найзаласады, қылыштасады, ақыры білек күшіне сүйеніп, қарсы келген жаудың батырын көтеріп алып, «Әуп!» деп лақтырып жібереді. Міне, біздің батыр бабаларымыз осындай болған.

Қажымұқан сол кезде французша күрес аталған, қазіргіше грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды. Ол әлемнің мықты балуандарының жаурындарын жер иіскеткен болса, бұл жеңістерде де батыр халқымыздың ұлттық күресінің табы жатыр деп білеміз.   

Өкінішке қарай, ұлттық күресіміз кешегі кеңестік дәуірде тұралап қалды. Тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ күресі қазіргі кезде халықаралық сипатқа ие болып келеді. Тек түрік халықтары немесе азиялықтар ғана емес, бүгінгі күні Еуропа елдері де қазақ күресінің әліппесін үйреніп, қызығушылық танытуда. Соның нәтижесінде қазақ күресінен әлем біріншіліктері өткізіліп келеді. Бұл біріншіліктерде ақтөбелік ұлттық күрес шеберлері де топ жарып, жүлделі орындардан көрінуде. Мәселен, Бақтыбай Қисықов қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Бақтыбай жас болса да, қазірдің өзінде бірнеше мықты шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Облыс бойынша қазақ күресі Бақтыбай туып, өскен Әйтеке би ауданында жақсы дамып отырғанын да айта кетуіміз керек.

Қазақ күресін әлем елдеріне кеңінен таратып, олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізу бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мақсаты болып отыр. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары қазақ күресі бойынша түйе балуандар турнирін өткізіп, қомақты қаржы тігіп келеді. Негізгі мақсат — қазақ күресімен айналысатын балуандардың саны мен сапасын арттыру, ұлттық күресті барынша насихаттау және шетелдерге таныту. Президент жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирі алғаш рет 2011 жылы өткізілген болатын. Өткен жылы тараздық Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысы» атанды.

Биыл маусым айында өтетін «Қазақстан барысы» турниріне облыстардан қатысатын балуандардың есімдері белгілі болды. Республикалық жарыс алдындағы аудандық, қалалық, облыстық іріктеу жарыстарынан жеңімпаз атанып, басты турнирге қатысатын ақтөбелік екі шебердің есімдерін атайық. Олар: Дархан Темірханов және Шыңғыс Шоқпытов.

 

Дархан

 

Дархан Темірханов 21 жаста. Салмағы 103 келі. Самбо және дзюдо күрестерінен Қазақстан спорт шебері. Самбодан 2010 жылы жастар арасында, 2011 жылы 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионы. Жақында өткен облыстық іріктеу жарысының ақтық сынында самбо мен дзюдодағы кілемдес досы Шыңғыс Шоқпытовпен жолығып, сәл басымдылықпен жеңіске жетті.  

Қазақ күресі бойынша алғаш рет үлкен додаға қатысқалы отырған Дарханның бойынан толқу, абыржу көрінбейді.

— Қазақ күресі бойынша биыл бірінші рет күшімді сынап көрдім. Сәтсіз болған жоқ, — дейді Дархан. — Міне, Астанаға жүргелі отырмын. Қазақ «Күш атасын танымас» деп бекер айтпаған ғой. Қарсыластың салмағы ауыр болғанынан сескенудің қажеті шамалы. Жеңіске жету үшін көп тер төгу керек. Айла, шарғыны, былайша айтқанда, күрес техникасын жетілдіру керек. Оңқай, солақай күресетіндерге қарсы қимылдау тактикасын меңгеру қажет деп ойлаймын. Жаттығу зерттеу жұмыстары деп айтуға болады. Күресу үшін қолдың күші аздық етеді, баспен күресе білу қажет деп түсінемін. Бапкерім де осылай айтады.

Сырттай қарап тұрған адамға «неге олай істемеді, неге былай істемеді» деп ақыл айту оңай. Ал кілемде бәрі мүлдем басқаша. Өйткені қарсыласың да кілемге жеңіс үшін шығады ғой.

Айта кету керек, биыл мамыр айының басында Қызылорда облысының Жосалы кентінде қазақ күресінен салмақты турнир өтіпті. Оған біздің Дархан да қатысып келді. Осы жарыста өткен жылы «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаевпен боз кілемге шыққан. Дархан барын салып баққан. Бірақ мықтының аты — мықты ғой, Ыстыбаев жартылай жеңіспен Дарханның алдын орап кеткен.

— Жеңілгеніме өкінбеймін. Есесіне мен оның күрес тактикасына үңіліп үлгердім. Енді кездессем, есе қайтаруға күш саламын, — деп әңгімесін жалғастырған Дарханның бойынан өзіне деген сенімділікті, намысты жігіт екенін аңғардық. Лайым жеңіс тұғырынан көрсеткей!  

Дархан дзюдо мен самбо күрестері қазақ күресіне ұқсас келгенімен, айырмашылықтары да бар екенін атап өтті. Айырмашылық тек спорттық киімде ғана емес. Қазақ күресінің өзіндік тәсілдері бар. Сондықтан күніне бірнеше сағат тер төгуге тура келеді.

 

Шыңғыс

 

Шыңғыс Шоқпытов 1990 жылы Ақтөбе қаласында туған. Дархан досына қарағанда бойшаңдау Шыңғыс та самбо және дзюдо күрестерімен шұғылданады. Күрестің осы екі түрінен Қазақстан спорт шебері. Самбодан жасөспірімдер, жастар арасындағы Қазақстан чемпионы. Жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінің күміс, жастар арасында қола жүлдегері. Дзюдодан Қазақстан чемпионы. Шыңғыс пен Дарханның бапкерлері де бір адам — Айдар Жиенбаев.

Шыңғыстың Дарханнан бір айырмашылығы — қазақ күресіне ертерек ден қойған. 2011 жылы өткен «Қазақстан барысы» турнирінде Бақтыбай Қисықов, Нұрсұлтан Иманғазин, Жамбыл Жайлыбаевпен бірге Ақтөбе облысының намысын қорғады. Дегенмен тәжірибесінің аздығынан Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Ерболат Исаевтан жеңілуге мәжбүр болды. Былтыр Ғалымжан Исаев деген балуанға жол берді. «Ер кезегі үшке дейін» деген, биыл Шыңғыстың бағы жансын деп тілейік.

— Самбо, дзюдо күрестерінен өткен жарыстарға Ресейге барғанымда ресейліктер таң қалуда, — дейді Шыңғыс. — Олар Қазақстанда ұлттық күресті дамытуға көңіл бөліп, қомақты жүлде қоры тағайындалғанына қызыға қарайды. Бұл қазақ күресін дамытуға, өзге елдердің спортшыларын қазақ күресіне тартуға жасалып жатқан жақсы қадам екен деп бағалауда. Алдағы «Қазақстан барысы» турниріне келетін болсақ, намысты қолдан бермеуге тырысамын.

 

Түйін

Биылғы жылы облыс намысын қорғайтын екі жігітіміз — Дархан мен Шыңғыс жігерлі екенін байқатып отыр. Олимпиадалық резервтер даярлау орталығындағы күрес залында тынымсыз жаттығулар жасап, белдерін бекем бууда. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген бар ғой, баптары келісіп, бақтары жанып жатса, құба-құп. «Біздің Ақтөбенің жігіттері!» деп мақтанарымыз анық.

Жақында қос балуан Алматыға жүріп кетті. Оларды шоу секілді өтетін турнирдің алдында суретке, телероликке түсу секілді ұйымдастыру жұмыстарына шақыртыпты. Яғни иықтарына жалт-жұлт еткен ішіктерді жауып, білектеріне сол секілді әдемі атрибуттарды ілу керек. Ең қарапайымы, кілемге шығатын қазақ күресі киімдері де қажет-ақ. Өзге облыстар өкілдері алдында ұялмайтындай жұтынып шыққан да жөн-ау. Алайда екеуі де студент. Алматыға жүрер алдында Алматы талап еткен бұйымдарды іздеп әлекке түскені анық секілді. Секілді дейтінім, осы мәселелер жөнінде сұрағанымда екеуі де «бәрі жақсы» деп жауап бере алмады, мүдіріп қалды.

Үлкен турнирлердің алдында спортшылар тыңғылықты оқу-жаттығу жиындарынан өтеді. Қажетті дәрумендер алып ішіп, қуатты тамақтармен тамақтанады. Бойларына күш жинайды. Облыс намысын қорғайтын Дархан мен Шыңғыс қорғалақтап, ашып ештеңе айта алмауының астарында бір мін бар сияқты. Қазақ күресімен тікелей айналысатын бапкерлер келіп, ақыл-кеңестерін берсе артық болмас еді.    

         

Бердібай КЕМАЛ

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button