Спорт

Бірінші айналым осылай бітті

 

Премьер-лига

 18 мамырда өткен 11-турдан соң «Ақтөбе» мен «Астана» тым ілгері кетті. «Шахтер» «Қайраттың» үшінші орнын тартып алды. «Тобыл» жеңіссіз өткен тоғыз ойыннан соң ақыры қайтадан жеңіске жетті. Алғашқы алты тур бойы жеңіліс дәмін татпаған «Жетісу», міне, төртінші рет, бұл жолы ірі есеппен ұтылды.

Бірінші кезеңнің бірінші айналымының соңғы ойындары, міне, осындай нәтижелерді ұсынды.

Енді ретімен баяндайық.

11-турда «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдады.

Ойыннан соң шымкенттік бас бапкер Виктор Пасулько «Ақтөбе» командасы мен оның бапкерін іске алғысыз етуге тырысты. Бұл кісінің пікірінше, бұл ойында «Ақтөбе» жеңіске ие болмауы керек екен, себебі нашар ойнады, бас бапкер ештеңе бітіре алмай келеді, команданың өткен жылғы әдемі өрнегін тозаң басып қалыпты, т.б.

Біріншіден, өз әріптесі туралы тым ащы сөйлеуі В.Пасулькоға абырой әпере қоймасы анық, екіншіден, қай команда да кездесулерінің баршасын үзіліссіз үздік дәрежеде өткізе алмайтыны екінің біріне мәлім. Оның үстіне өткен жылғы «Ақтөбені» биылғы «Ақтөбеге» толықтай үлгі етудің де қажеті шамалы, өткен жылды команда қола медальмен ғана тәмамдағаны белгілі. Үшіншіден…

Рас, бұл кездесуде «Ақтөбе» кең көсіле алмады. Себебі, жарақат алып қалуларына байланысты қос Марат — Бикмаев пен Хайруллин, ескерту қағаздары шектеулі мөлшерден асып кеткендіктен Александр Гейнрих сапта болған жоқ. Дегенмен «Ақтөбе» оңтайлы сәтті тиімді пайдаланды. 23-нөмірлі жейде киген Юрий Логвиненко 23-минутта кенеттен алыстан шірене соққан допты шымкенттіктердің қақпашысы Самат Отарбаев қақшып үлгере алмады: 1:0.

Осы арада айта кеткен мақұл, бірінші айналымның ең алғашқы турындағы секілді осы соңғы турда да командамызға Юрий Логвиненконың бір голы жеңіс сыйлады. 1-турда сырт алаңда «Востокты» 1:0 есебімен жеңген едік.

Гол жіберіп алған соң «Ордабасы» жойқын шабуылға көшкені де күткен жағдай еді. Бірақ, мысалы, Мансур Гуйе бір метр жерден қақпаны дәл көздей алмай пұшайман болды. Ал Мұхтар Мұхтаров пен Евгений Левиннің соққыларын Андрей Сидельников тамаша шеберлікпен қайтарды. Қысқасы, мығым жартылай қорғаушылар мен тынымсыз шабуылшының жоқтығын біздің қақпашымыз бен қорғаушыларымыз кездесу бойы сездірмеуге тырысты. Сөйтті де. Әр турдан соң жасақталатын символикалық құрама команданың сапына қақпашымыз Андрей Сидельников пен қорғаушы Петр Бадлоның енгізілуі де көп жайды аңғартса керек.

Ал шымкенттік бапкер «Ақтөбе» өз қақпасына неге гол кіргізе қоймағанына өкпелеп тас-талқан болады. Бұдан бұрынғы турда «Ақтөбе» де осы жайды бастан кешкен. Онда бір гол салып кеткен «Қайрат» екінші таймды тұстастай дерлік қорғанумен өткізгенін жанкүйерлер ұмыта қоймаған шығар. Бірақ біздің бапкер Владимир Никитенко баспасөз мәслихатында Владимир Вайсс пен оның командасы туралы көңіл қалдырарлық әңгіме айтпаған еді. Рас, бұл ойында «Ордабасы» ақтөбеліктерден кем ойнамаған да шығар. Бірақ мәселе кімнің гол енгізерлік мүмкіндікті тиімді пайдалануында ғой. Ал «Ақтөбе», дәлірек айтқанда, Юрий Логвиненко сол сәтті тап басты.

«Ақтөбе»»-«Ордабасы» — 1:0.

Гол авторы: Юрий Логвиненко, 23-минут (1:0).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Петр Бадло (капитан), Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Дмитрий Мирошниченко, Роберт Примус, Сергей Гридин (Сергей Лисенков, 72-минут), Эмиль Кинжесариев (Асхат Тағыберген, 90+ минут), Юрий Логвиненко, Сергей Ковальчук (Роберт Арзуманян, 90-минут), Тимур Кападзе.

 «Ақтөбе» командасында 40-минутта Эмиль Кенжесарив ескерту қағазын алды.

«Ордабасы» командасында ескерту қағазы 3 футболшыға көрсетілді.

Бұл ойын «Ақтөбе» мен «Ордабасының» арасындағы 25-ші кездесу еді. «Ақтөбе» 17 рет жеңіске жетті, 7 кездесу тең есептермен аяқталды, «Ордабасы» 1 рет қана ұтты.

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Ақжайық»-«Атырау» — 4:0

(Якуб Хлебоун, 17-минут (1:0); Павел Черны, 56-минут (2:0); Игорь Зенькович, 64-минут (3:0); Николай Забродин, 85-минут (4:0).

«Жетісу»-«Тобыл» — 1:4

(Анатолий Богданов, 3-минут (0:1); Эдин Юнузович, 21-минут (1:1); Нұрбол Жұмасқалиев, 38-минут (1:2); Игорь Бугаев, 86-минут (1:3); Игорь Бугаев, 90-минут, пенальти (1:4).

82-минутта Дамир Даутов («Жетісу») жасыл алаңан қуылды.

«Шахтер»-«Восток» — 2:0

(Евгений Тарасов, 12-минут (1:0); Рохер Каньяс, 82-минут (2:0).

«Астана»-«Тараз» — 3:1

(Фокси Кетевоама, 22-минут (1:0); Ұлан Қонысбаев, 33-минут (2:0); Фокси Кетевоама, 42-минут (3:0); Шерхан Бауыржан, 72-минут (3:1).

38-минутта Мақсат Әмірханов («Тараз») жасыл алаңнан қуылды.

 «Ертіс»-«Қайрат» — 2:1

(Сергей Струков, 23-минут (1:0); Тимур Байжанов, 78-минут (1:1); Предраг Говедарица, 90-минут (2:1).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе          11   7          3          1          14-5    24 

2 Астана          11   7          2          2          20-13  23

3 Шахтер        11   5          2          4          13-13  17

4 Ертіс           11       4          4          3          10-8    16

5 Қайрат        11       4          3          4          15-13  15

6 Тараз          11       3          4          4          11-13  13

7 Атырау       11       3          4          4          5-13    13

8 Восток        11       3          3          5          6-10    12

9 Ордабасы11       2          5          4          7-10    11

10 Тобыл          11   2          4          5          15-14  10

11 Ақжайық*          11       3          4          4          18-14  7

12 Жетісу*   11       1          6          4          8-16    6

 

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

*Ойыншылар мен бапкерлердің жалақысын кешіктіргені үшін «Ақжайықтан» — 6 ұпай, «Жетісудан» 3 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 

11-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 19 гол соғылды. Бір турда бұдан көп гол (25 доп) бірінші турда ғана соғылған болатын. Алаң иелері 13 гол, қонақтар 6 гол соқты. Орта есеппен әр кездесуде қақпаға 3,16 доп енді. Екі футболшы (Фокси Кетевоама, «Астана»; Игорь Бугаев, «Тобыл») екі доптан соқты.

Екіншіден, алаң иелері 5 кездесуде жеңіп, қонақтар 1 кездесуде ғана ұтты, тең ойын болған жоқ, сондай-ақ бірдей есеп нәтижелері де қайталанған жоқ. Екі ірі есеп нәтижесі (4:0; 1:4) тіркелді. 4:0 есебі алғаш рет жазылды. 1:0 есебі он алтыншы рет, 2:1 есебі оныншы рет, 2:0 есебі төртінші рет, 3:1 есебі төртінші рет, 4:1 есебі үшінші рет қайталанды.

Үшіншіден, тур барысында 27 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 9, қонақтар — 18). Екі футболшы (Мақсат Әмірханов, «Тараз»; Дамир Даутов «Жетісу») жасыл алаңнан қуылды. Бұл турда футболшылары ескерту алмаған жалғыз команда — оралдық «Ақжайық».

Төртіншіден, бірінші айналымда ең көп гол (20 доп) соққан команда — «Астана», ең аз гол (5 доп) иесі — «Атырау». Ал қақпасына ең көп гол (16 доп) енгізген команда — «Жетісу», ең аз гол (5 доп) енгізген клуб — «Ақтөбе».

Бесіншіден, бірінші айналымда 32 рет алаң иелері жеңіп, 22 кездесу тең есеппен аяқталды, 12 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 142 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,15 доп енді.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық») — 7 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 4;

Мануэль Курто («Тараз») — 4;

Олег Недашковский («Қайрат») — 4.

Игорь Бугаев («Тобыл») — 4.

3 доптан соққан 10 футболшының бірі — біздің Марат Хайруллин.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 3 доп;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 2;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1.

 

*   *   *

22 мамырда, сәрсенбі күні бірінші кезеңнің екінші айналымының алғашқы кездесулері өтеді. Бұл күні «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтермен» кездеседі.

Бірінші айналымда, 15 наурызда «Шахтерді» өз алаңымызда 3:1 есебімен ұтқан болатынбыз.

Қалған кездесулер:

«Қайрат» — «Астана»

«Ақжайық» — «Тараз»

«Тобыл» — «Атырау»

«Восток» — «Ертіс»

«Ордабасы» — «Жетісу»

 

Тәртіпті бұзбаңыз!

 

Өткен аптада Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік комитетінің кезекті отырысы өтті.

9-тур ойыны кезінде («Шахтер-«Қайрат») қазылар бригадасының атына дөрекі сөздер айтқаны үшін «Қайрат» командасының бас бапкері Владимир Вайсс 300 000 теңге айыппұл төлейтін болды.

10-тур ойыны барысында («Атырау»-«Астана») стадиондағы диктор қазылар бригадасының атына дөрекі сөздер айтқаны үшін «Атырау» командасы 500 000 теңге айыпқа жығылды.

Осы 10-турдағы ойында («Қайрат»-«Ақтөбе») команда лайықсыз мінездер көрсеткені үшін (бес ойыншы ескерту қағазын алғаны үшін) «Ақтөбе» футбол клубына 150 000 теңге айыппұл салынды.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button