Спорт

Бес-ақ гол соғылған тур және «Ақтөбеге» бармақ тістеткен бір гол

 

Премьер-лига

 11 мамырда өткен 10-турдың бір ерекшелігі — турда бес-ақ гол соғылды. «Ақтөбе» алғаш рет жеңілді. «Астана» командасы «Ақтөбенің» өкшесін басты. «Қайрат» қайтадан үшінші орынға ілікті.

Енді ретімен баяндайық.

10-турда жерлестеріміз Алматыда «Қайратпен» кездесті.

Рас, ұтылдық. Бірақ ұтатын да, ең болмағанда, тең түсерлік те мүмкіндіктеріміз болып еді.

Мысалы, шабуылшымыз Тимур Кападзе тіпті тыным тапқан жоқ. Тимурдың арқасында «Қайраттың» қақпасына бірнеше қауіпті сәттер төнді. Александр Гейнрих осы Тимурдың пасынан соң бірнеше тура соққы жасады. Осы Тимурды алматылықтар шалып құлатқан соң, айып добы орындалып, Марат Хайруллин тамаша көтеріп берген допты Роберт Примус баспен соққанымен, маңдайшадан жоғары жіберіп алды.

Ал екінші таймда ше?.. Гейнрихтың тура соққысынан қақпаны қорғаушы Любомир Михаликтің ұзын аяғы аман сақтап қалды. Іле-шала қақпашы Даниил Рихард қақпаға енер сәті келе қалғандай допты біздің Андрей Харабараның аяғынан жұлып алды. Хайруллин заулата тепкен допты да осы қақпашы шеберлікпен қайтарды. 68-минутта ойынға қосылған бойда жан сала қимылдаған Сергей Гридин бірде Эмиль Кенжесариев бұрыштан тамаша тастаған пасқа сәл үлгере алмай қалса, соңғы сәттердің бірінде баспен соққан добы маңдайшадан сәл жоғары кетті…

Қысқасы, «Қайраттың» қақпасына, ең болмағанда, бір гол енгізерлік мүмкіндіктер болып-ақ еді. Тіпті ойынның соңғы бөлігінде алаң иелері қорғаныстан көз ашпады деуге болады.

Дегенмен ойынның тағдырын 47-минут шешіп кетті. Момоду Сиссей тастаған әдемі пасты Олег Недашковский біздің қақпамызға еш қиналыссыз енгізе салды.

Сөйтіп «Ақтөбе» биыл алғаш рет жеңілді. Жалпы алғанда сырт алаңдағы 6 ойынымыздың көрсеткіші: 3 ұтыс, 2 тең ойын, 1 жеңіліс. Доп айырмашылығы: 5-3.

Ал «Қайрат» өз алаңындағы алты ойынның барлығын да ұтылыссыз, бұл жолы жеңіспен аяқтады.

«Қайрат»»-«Ақтөбе» — 1:0.

Гол авторы: Олег Недашковский, 47-минут (1:0).  

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара (Эмиль Кенжесариев, 57-минут), Петр Бадло (капитан), Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин, Роберт Примус, Юрий Логвиненко, Сергей Ковальчук (Сергей Гридин, 68-минут), Александр Гейнрих (Антон Землянухин, 59-минут), Тимур Кападзе.

«Ақтөбе» командасында ескерту қағазын алғандар: Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Александр Гейнрих, Марат Хайруллин.

«Қайрат» командасының 1 футболшысына ғана (шабуылшы Тимур Байжанов) ескерту қағазы көрсетілді.

Бұл ойын «Ақтөбе» мен «Қайраттың» арасындағы 37-ші кездесу еді. «Ақтөбе» 18 рет жеңіске жетті, 13 жеңіс — «Қайраттың» еншісінде, 6 кездесу тең есептермен аяқталды.

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Астана» — 1:2

(Валерий Коробкин, 45+ минут (0:1); Қайрат Нұрдәулетов, пенальти, 50-минут (0:2); Айбар Нұрыбеков, 64-минут (1:2).

«Восток»-«Ақжайық» — 1:0

(Павел Удалов, 90+2 минут (1:0).

«Ордабасы»-«Шахтер» — 0:0

«Тобыл»-«Ертіс» — 0:0

«Тараз»-«Жетісу» — 0:0

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе          10   6          3          1          13-5    21 

2 Астана      10       6          2          2          17-12  20

3 Қайрат         10   4          3          3          14-11  15

4 Шахтер       10       4          2          4          11-13  14

5 Ертіс           10       3          4          3          8-7      13

6 Тараз          10       3          4          3          10-10  13

7 Атырау       10       3          4          3          5-9      13

8 Восток            10   3          3          4          6-8      12

9 Ордабасы10       2          5          3          7-9      11

10 Тобыл          10   1          4          5          11-13  7

11 Жетісу*   10       1          6          3          7-12    6

12 Ақжайық*          10       2          4          4          14-14  4

 

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

*Ойыншылар мен бапкерлердің жалақысын кешіктіргені үшін «Ақжайықтан» — 6 ұпай, «Жетісудан» 3 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 

10-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда чемпионат басталғалы ең аз гол соғылды — 5 доп. Алаң иелері 3 гол, қонақтар 2 гол соқты. Ал бес голдың үшеуі бір кездесудің ғана еншісіне тиесілі болды: «Атырау»-«Астана» — 1:2.

Екіншіден, алаң иелері 2 кездесуде жеңіп, қонақтар 1 кездесуде ұтты, 3 кездесу бірдей тең нәтижемен (0:0) қорытындыланды. Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. Чемпионат басталғалы 1:0 есебі он бесінші рет, 0:0 есебі он үшінші рет, 2:1 есебі тоғызыншы реттен қайталанды.

Үшіншіден, тур барысында 26 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 8, қонақтар — 18). Бір ойында екі рет ескерту қағазын алғаны үшін қорғаушы Талғат Адырбеков («Ордабасы») пен жартылай қорғаушы Дмитрий Шомко («Ертіс») жасыл алаңнан қуылды. Сондай-ақ запастағылар орындығында отырған қақпашы Владимир Плотниковке де («Атырау») «қызыл қағаз» көрсетілді. Бұл турда футболшылары ескерту алмаған жалғыз команда — өскемендік «Восток».

Төртіншіден, «Ақтөбе» чемпионат басталғалы алғаш рет және бір рет қана ұтылған жалғыз команда. Ең көп (5 рет) ұтылған клуб — «Тобыл».

Бесіншіден, чемпионат басталғалы 27 рет алаң иелері жеңіп, 22 кездесу тең есеппен аяқталды, 11 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 123 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,05 доп енді.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық») — 6 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 4;

Мануэль Курто («Тараз») — 4;

Олег Недашковский («Қайрат») — 4.

3 доптан соққан 7 футболшының біреуі — біздің Марат Хайруллин.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 3 доп;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 2;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 1;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы) — 1.

 

*   *   *

18 мамырда, сенбі күні бірінші кезеңнің бірінші айналымының соңғы кездесулері өтеді. Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Шымкенттің «Ордабасын» қабылдайды.

Өткен жылы «Ордабасымен» өз алаңымызда да (0:0), Шымкентте де (1:1) тең ойнаған болатынбыз.

Қалған кездесулер:

«Ақжайық» — «Атырау»

«Астана» — «Тараз»

«Жетісу» — «Тобыл»

«Ертіс» — «Қайрат»

«Шахтер» — «Восток»

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button