Спорт

Озу деген — осы

 

 Премьер-лига

 28 сәуірде өткен 8-турдан соң «Ақтөбе» тағы да алға шықты. Бұл турда ірі ұтыс есебіне «Астана» қол жеткізді. «Қайрат» алғашқы үштікке саусақ іліктірді. 25 гол соғылған алғашқы турдан бергі ең «жемісті» тур осы болды: қақпаларға 17 гол енді.

Енді ретімен баяндайық.

8-турда жерлестеріміз сырт алаңда «Таразбен» кездесті.

Екі команда да алғашқы үштікте құйрық тістесіп келе жатқандықтан, бұл кездесуге жанкүйерлер ерекше назар аударғаны да рас. Осының алдында ғана «Шахтерден» ірі есеппен ұтылған тараздықтарға шегінер жер де жоқ сияқты еді.

Ойын басталғаннан-ақ «Тараздың» шегінуді тіпті де ойламайтыны мәлім де болды. Алғашқы жиырма минут бойы алаң иелері үздіксіз шабуылдады. Мысалы, Мирослав Лечич пен Мадияр Муминов қақпаға бағыттаған жытқыр соққылардың жолын Андрей Сидельниковтің шеберлігі қиып түсті. Рас, таймның орта тұсынан бастап ақтөбеліктер де атқа мініп, қарсыластар қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Дегенмен бірінші таймда гол соғылмады. Тараздықтар екінші таймды да белсенділікпен бастаған сияқты болды. Бірақ «Ақтөбе» бұл жолы оларға ерік бермей, дереу тас түйін қимылға көшті. Нәтижесінде екі команда бір-бірінің қақпасына алма-кезек қауіп төндірумен болды. Әйтсе де тәп-тәуір соққылар жасағанмен не Марат Бикмаев, не Мирослав Лечич қақпашыларды жер соқтыра алмады. Ойынның тең аяқталмауына алаңға 85-минутта шыққан біздің Евгений Дяденко себепші болды. 90-минутта осы Евгенийге қатысты ойын тәртібі бұзылды да, айып добы белгіленді. Марат Хайруллиннің әуелете тастаған добын Юрий Логвиненко баспен соғып, қақпаға тура бағыттады, рас, қақпашы Андрей Цветков оны кері қайтарып та үлгерген болатын, бірақ секектеген бұл допты көз іліктірмей қағып түскен «Ақтөбенің» капитаны Петр Бадло шалт қимылдап, қақпа торын бүлк еткізді: 0:1. Бұл кезде тараздықтар қарымта қайтарарлық уақыт та қалмаған еді.

Осылайша «Ақтөбе» сырт алаңда үшінші рет жеңіске жетті.

«Тараз»»-«Ақтөбе» — 0:1.

Гол авторы: Петр Бадло, 90-минут.  

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Петр Бадло (капитан), Дмитрий Мирошниченко (Евгений Дяденко, 85-минут), Марат Хайруллин, Роберт Примус, Сергей Гридин (Гейнрих, 55-минут), Юрий Логвиненко, Марат Бикмаев, Роберт Кападзе (Сергей Ковальчук, 73-минут).

 «Ақтөбе» командасында 75-минутта Петр Бадло ескерту қағазын алды.

«Тараз» командасына да бір ескерту қағазы көрсетілді.

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Астана»-«Жетісу» — 4:1

(Валерий Коробкин, 20-минут (1:0);  Дамир Кояшевич, 48-минут (2:0); Сергей Остапенко, 66-минут (3:0); Эдин Юнузович (3:1); Игорь Цыгырлаш, 78-минут, (4:1).

«Ордабасы»-«Ақжайық» — 4:2

(Игорь Зенькович, 3-минут (0:1); Мансур Гуйе, 35-минут (1:1); Бақдәулет Қожабаев, 51-минут (2:1); Алексей Мальцев, 55-минут (2:2); Артем Касьянов, 80-минут (3:2); Артем Касьянов, 88-минут (4:2).

«Қайрат»-«Восток» — 2:0

(Йосип Кнежевич, 18-минут, (1:0); Йосип Кнежевич, 49-минут, пенальти (2:0)

«Тобыл»-«Шахтер» — 1:2

(Евгений Тарасов, 19-минут (0:1); Сергей Хижниченко, 61-минут (0:2); Бауыржан Жолшиев, 84-минут (1:2).

«Атырау»-«Ертіс» — 0:0

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар                 О           Ұ             Т        Ж             Д              Ұп

 

1 Ақтөбе                       8            5             3          0             12-4           18 

2 Астана                       8            5             1          2             13-9           16

3 Қайрат                      8            3             3          2             12-9           12

4 Тараз                            8            3             3          2             10-9           12

5 Шахтер                        8            3             1          4             9-12           10

6 Ордабасы                              8            2             4          2             6-7             10

7 Атырау                       8            2             4          2             3-7             10

8 Ақжайық                     8            2             3          3             12-11         9

9 Ертіс                           8            2             3          3             7-7             9

10 Жетісу                       8            1             5          2             7-11           8

11 Тобыл                       8            1             3          4             11-12          6

12 Восток                      8            1             3          4             3-7              6

 

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).  

 

8-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 17 доп соғылды. Алаң иелері 11 доп соқса, қонақтар 6 гол соқты. «Ордабасының» жартылай қорғаушысы Андрей Карпович 72-минутта он бір метрлік айып добын қақпаға енгізе алмай қалды. Орта есеппен бір кездесуде 2,83 доп соғылды.  

Екіншіден, алаң иелері 3 кездесуде жеңіп, қонақтар 2 кездесуде ұтты, 1 кездесу тең нәтижемен қорытындыланды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. Чемпионат басталғалы 0:0 және 1:1 есептері оныншы реттен қайталанды.

Үшіншіден, «Ақтөбе» чемпионат басталғалы ұтылыссыз ойнап келе жатқан жалғыз команда, бұл жолы жеңіске ие болды.

Төртіншіден, тур барысында 24 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 10, қонақтар — 14), екі рет он бір метрлік айып добы белгіленді, бір футболшы (қорғаушы Бауыржан Омаров, «Ақжайық», 86-минут) бір ойында екінші рет ескерту қағазы көрсетілген соң жасыл алаңнан қуылды.

Бесіншіден, чемпионат басталғалы 21 рет алаң иелері жеңіп, 18 кездесу тең есеппен аяқталды, 9 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 105 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,16 доп енді.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

 

Игорь Зенькович («Ақжайық») — 5 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 4;

Мануэль Курто («Тараз») — 4.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 2 доп;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 1;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы)— 1.

 

*   *   *

5 мамырда, жексенбіде «Ақтөбе» өз алаңымызда Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдайды.

Өткен жылы «Тобылдан» өз алаңымызда 0:1 есебімен ұтылып қалып, сырт алаңда 2:2 есебімен тең ойнағанбыз.

Қалған кездесулер:

«Ақжайық» — «Астана»

«Жетісу» — «Атырау»

«Ертіс» — «Тараз»

«Шахтер» — «Қайрат»

«Восток» — «Ордабасы»

 

Қазақстан кубогы

 

Бүгінгі қарсыласымыз — «Қыран»

 

Бүгін Қазақстан кубогы үшін болатын доданың 1/8 финалының ойындары өтеді. Бұл кездесулерге Премьер-лиганың 10 клубы мен Бірінші лиганың 6 командасы қатысады.

«Ақтөбе» 1/16 финалда, 10 сәуірде Астанада «Бәйтерекпен» кездесіп, 9:1 есебімен жеңіске жеткені мәлім. Ал бүгін Шымкентте «Қыранмен» күш сынасамыз. Бірінші топта жүргенімен «Қыран» өткен жолғы кездесуде 2:1 есебімен ұтып, Премьер-лигадағы «Жетісуды» жарыс жолынан шығарып тастаған болатын. Демек «Қыран» қанаты қатайып келе жатқан команда екеніне дау жоқ. Қазір олар Бірінші лиганың 18 команда қатысатын додасында 6 турдан соң 7-2 доп айырмашылығымен үшінші орында келе жатыр.

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button