Спорт

Бағалы жеңіс

20 сәуірде өткен 6-турдан соң «Тараз» екінші рет қайтадан көш басына шықты. Көш басында тұрған «Астана» үшінші орынға сырғыды. 4-турдан кейін 10-орында тұрған «Қайрат» лезде 4-орынға жетіп келді. Чемпион «Шахтердің» ахуалы өзгерген жоқ, сол 10-орнында қалды. Турдың және бір ерекшелігі, бір ғана кездесу тең есеппен аяқталды.

Енді ретімен баяндайық.

6-турда жерлестеріміз сырт алаңда «Астанамен» кездесті.

Спорт мамандары да, жалпы жанкүйерлер де турдың ең қызықты, әрине, ең маңызды кездесуі осы болатынын бірауыздан мақұлдаған-ды. Солай болды да. Ең қызықтысы, соңғы үш тур бойы тең ойыннан аса алмаған «Ақтөбе» алаң иелеріне бармақ тістетті.

Ал ойын бірден-ақ қауіпті шабуылдармен басталып, сол күйі жалғаса берді. Астаналық Фокси Кетевоама тепкен доп біздің қақпаның маңдайшасына тиіп кері серпілгені сол қауырт қимылдардың бір көрінісі еді. Қатарынан төрт рет бұрыштама доп орындаған да осы астаналықтар. Дегенмен сәттілік ақтөбеліктерге бұйырды.  35-минутта Петр Бадлоның оң қанаттан әдемілеп тастаған пасын ойынға алғаш рет бірінші минуттан бастап шыққан Андрей Харабара тоқтатпастан теуіп, қарсыластар қақпасының жібек торын бүлк еткізді: 0:1.

Бірінші таймда қарымта қайтара алмаған астаналықтар 60-минутта қуанышқа кенелді. Таңат Нөсербаевтан ыңғайлы пас алған Сергей Остапенко біздің Роберт Примусқа жеткізбей қашып өтіп, допты шірене тепті, «тоғыздықты» дәл көздеді: 1:1.

Астаналықтар бұдан соң да тыным таппады. Дегенмен бұл жолы біздің футболшылар тиімді сәттерді қапы жібере бермеу қажеттігін мықтап миға тоқыса керек. 77-минутта Сергей Гридин оң қанатқа тастаған допты қағып алған Дмитрий Мирошниченко өзін қақпайлаған бірнеше футболшыны қапы қалдырып, қақпаға допты қақпашының басынан асыра тастай салды: 1:2.

Ойын барысында біздің Марат Бикмаев, Марат Хайруллин, Алексей Мулдаров, Петр Бадло секілді астаналық Таңат Нөсербаев, Валерий Коробкин, Зеало, Ұлан Қонысбаев, Дамир Кояшевич, Игорь Цыгырлаштар да шебер ойын өрнегін көрсетті. Бірақ біздің футболшылар, әсіресе, бірнеше рет Андрей Сидельников қақпамызды екінші қарымта голдан аман сақтап қала алды.

Алма-кезек жойқын шабуылдар толас таппаған, тең қарсыластардың өрнекті текетіресіне айналған бұл кездесуде астаналықтар, қалай болғанда да, «Ақтөбе» командасының «Ордабасы» да, «Восток» та, тіпті «Шахтер» де емес, тіпті басқа клуб екенін іштей мойындаған да шығар.

«Астана»»-«Ақтөбе» — 1:2.

Гол авторлары: Андрей Харабара, 35-минут (0:1); Сергей Остапенко, 60-минут (1:1); Дмитрий Мирошниченко, 77-минут (1:2).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Петр Бадло (капитан), Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин, Роберт Арзуманян (Роберт Примус, 21-минут), Юрий Логвиненко, Сергей Ковлчук (Асхат Тағыберген, 80-минут), Марат Бикмаев, Роберт Кападзе (Сергей Гридин, 66-минут).

«Ақтөбе» командасында ескерту қағазын алғандар: Робер Арзуманян, 16-минут; Петр Бадло, 37-минут; Андрей Харабара, 73-минут.

«Астана» футболшыларына да үш ескерту қағазы көрсетілді.

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Қайрат»-«Ақжайық» — 2:1

(Олег Недашковский, 31-минут, Сергей Кейлер, 90+4 минут — Игорь Зенькович, 63-минут)

«Атырау»-«Шахтер» — 1:0

(Роман Пахолюк, 90+3 минут)

«Тараз»-«Восток» — 1:0

(Мануэль Курто, 70-минут)

«Жетісу»-«Ертіс» — 1:0

(Эдин Юнузович, 77-минут)

«Тобыл»-«Ордабасы» — 0:0

ОЙЫН КЕСТЕСІ

Командалар                 О           Ұ             Т        Ж             Д              Ұп

1 Тараз                          6            3             3          0             10-5           12 

2 Ақтөбе                       6            3             3          0             8-4             12

3 Астана                       6            3             1          2             8-8             10

4 Қайрат                         6            2             3          1             10-8           9

5 Атырау                       6            2             3          1             3-4             9

6 Ертіс                           6            2             2          2             7-6             8

7 Жетісу                        6            1             5          0             6-5             8

8 Тобыл                         6            1             3          2             10-9           6

9 Ақжайық                    6            1             3          2             8-7             6

10 Шахтер                     6            1             1          4             4-11           4

11 Ордабасы                 6            0             4          2             1-5             4

12 Восток                       6            0             3          3             2-5             3

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

6-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 9 доп соғылды, 2-турда да дәл осылай 9 доп соғылған болатын. Алаң иелері 6 доп соқса, қонақтар 3 гол соқты. Негізгі салмақты екінші тайм көтерді, кездесулердің бірінші таймында қақпаға 2 гол ғана енгізілді. Екі бірдей жеңіс голы 90 минуттан соңғы қосымша уақытта енгізілді. Орта есеппен бір кездесуде 1,5 доп соғылды.

Екіншіден, алаң иелері 4 кездесуде жеңіп, қонақтар 1 кездесуде ғана ұтты, 1 кездесу тең нәтижемен қорытындыланды. Үш кездесу 1:0, екі кездесу 2:1 есебімен аяқталды. Осымен қатарынан бесінші тур бойы ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. Чемпионат басталғалы 1:0 және 2:1 есептері бес реттен қайталанды. Чемпионат басталғалы бір тур ойындарындағы 1 ғана тең есеп 1-турдан соң екінші рет қайталанды.

Үшіншіден, барлық кездесулерді тек тең есеппен аяқтап келген (3:3; 0:0; 1:1; 0:0; 1:1) Талдықорғанның «Жетісу» командасы алғаш рет жеңіске (1:0) жетті.

Бесіншіден, тур барысында 25 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 11, қонақтар — 14), бір футболшы (қақпашы Александр Григоренко, «Ордабасы», 36-минут) жасыл алаңнан қуылды.

*   *   *

Сұрмергендер:

Момоду Сиссей («Қайрат») — 4 доп;

Мануэль Курто («Тараз») — 4;

Игорь Зенькович («Ақжайық») — 4;

Мирослав Лечич («Тараз») — 3;

Олег Недашковский («Қайрат») — 3.

Екі доптан соққан сегіз футболшының бірі — біздің Александр Гейнрих

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы)— 2 доп.

1 доптан соққандар:

Юрий Логвиненко (қорғаушы);

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы);

Петр Бадло (қорғаушы);

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы).

*   *   *

Ертең, 24 сәуір күнгі 7-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Атырауды» қабылдайды.

Өткен жылы «Атырауды» өз алаңымызда 1:0 есебімен ұтсақ, сырт алаңда 2:0 есебімен және тізе бүктіргенбіз.

Қалған кездесулер:

«Ақжайық» — «Жетісу»

«Ертіс» — «Астана»

«Шахтер» — «Тараз»

«Восток» — «Тобыл»

«Ордабасы» — «Қайрат»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button