Спорт

Барыстыққа барар жол

 

Қазақ күресі

 Өткен демалыс күндері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемелекеттік университетінің спорт кешенінде еліміздің дарынды жас палуандары боз кілемде белдесті.

Төрт жылда бір өткізілетін Қазақстанның Жастар ойындарын өткізу құқығы биыл Ақтөбенің еншісіне бұйырыпты. Еліміздің барлық аймақтарынан сайдың тасындай іріктелген, бұлшық еттері біленген спортшылар жеңіске жету жолында аянып қалған жоқ. Естеріңізде болса, жуырда Қазақстан барысы туриріне қалалық іріктеуді «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тамашалап, жүлдегерлерді марапаттағанын жазғанбыз.

Жастар ойындарына төрелік етуге арнайы келген қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақытты қызу ойындар арасында сөзге тарттық:

— Бүгінде қазақ күресінің дәуірлеу кезеңін бастан өткеріп жатырмыз. 4 жыл сайын күнтізбелік кезекпен жасөспірімдер, жастар, ересектер арасындағы жарыстар үздіксіз өткізіліп келеді. Енді, биылдан бастап қыздарды да күрестермек ниетіміз бар, — дейді астаналық қонақ.

Қазақ күресіне байланысты сүйінші сұрарлық жаңалық бар екен. Биыл күзде Алматыда өтетін Еуразиялық ойындар қатарына төл күресіміз еніп, халықаралық деңгейге тағы бір қадам жасалғалы жатыр. Алдағы меже — қазақ күресін Азия ойындарының сапына тұрғызу. Бұл ілгерілеумен олимпиада ойындарының ауылы да алыс емес сияқты Өйткені, біздің күрес қазір Африка, Америка құрлықтарында да қанат жайғаны рас.

Марат Жақыттың айтуынша, соңғы жылдары қолға алынған Қазақстан барысы турниріне палуандардың қызығушылығы басым. Өйткені бас жүлде АҚШ-тың 150 мың долларына теңеліп, жеңімпазға шетелдің қымбат көлігі сыйға тартылатындығы жастардың күреске деген қызығушылығын арттыра түскен. Оның үстіне жеке ұйымдар жүлдеге тіккен «Алтын тұяқ» және «Алтын белбеу» жүлделері де құнсыз емес.

— Еліміз бойынша Ақтөбеде қазақ күресінің даму қарқыны жоғары. Қазір әлемнің екі дүркін чемпионы Бақтыбай Қисықовтың аты жер жарып тұр. Ол — еліміздегі «Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы» деген атағы бар үш палуанның бірі. Оның ізін жастар арасында әлем чемпионы атанған Еламан Қойшыбаев деген палуандарыңыз жалғастырып келеді, — дейді сөзін түйіндеген М.Жақыт.

Бір қызығы, биыл елімізде Қазақстан барысы атанудан үміткерлер саны рекордтық көрсеткішке жетуі ғажап емес. Былтыр ауыл, аудан, қала, облыстық іріктеулерге бас-аяғы 700 мыңдай палуан қатысса, биыл бұл саны 1 милиионнан асып жығылуы бек мүмкін. Қазақ күресіне шындап ден қойғандардың алды миллионер атанып үлгергені де рас. Тойлары күрессіз өтпейтін дархан, жомарт қазақтың балаларының палуан ұлдарының бірқатары 20-25 автокөлікті қанжығасына байлап үлгерді. «Нұр Отан» партиясы да ұлттық спортымызды дәріптеуге бел шеше кірісіп отыр.

Қазақ күресінен Ақтөбе облыстық федерациясының президенті Мырзабай Нұртазин — Жастар ойындарының Ақтөбеде өтуіне тікелей мұрындық болған тұлға.

— Жастар ойындарын Ақтөбеде өткізу туралы ұсынысымызды республикалық федерация құптады. Еңбегіміз де зая кетпеген сияқты. Бұл сында біздің облыстың құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Дарынды жерлестеріміз арасынан бір чемпион шықты. Қазақ күресіне мемлекеттің, облыс басшылығының көзқарасы түзу болғандықтан, ауыз толтырып айтарлық жеңістеріміздің толастамайтыны анық, — дейді М.Нұртазин.

Сонымен, екі күнге созылған турнир барысында командалық есеп бойынша Алматы қаласы алға шықты. Екінші орында — Қызылорда облысының құрамасы. Ал үшінші орын бізді облыстың еншісіне бұйырды. Бұл жүлде мұғалжарлық жас палуан, Қандыағаш қаласындағы №1 мектеп оқушысы, әлем чемпионы, 80 келі тартатын Еламан Қойшыбаевтың бас жүлдесі мен 90 келідегі Көбеген Айдосұлы және +90 келідегі Айдос Базартаевтардың күміс жүлделерінің есебімен келді.

Чемпиондық тұғырға көтерілген Еламан батыр арық сөйлеп, семіз шығуды қалайтындығын байқатты.

Жерлестерімнің, командамның, мұғалжарлықтардың сенімін арқалағандықтан, турнир қанша қиынға соқса, бар күшімді сарқып, жеңімпаз атануға бекіндім. Бұл жеңіс ұстаздарым Эдуард Саламатов, Бақтыбай Қисықов, Орынбасар Жолмағамбетов пен Асылбек Құлмағамбетовтердің еңбегі десем де артық болмас. Енді төл күресіміз бойынша Қазақстан барысы атану жолында аянып қалмаймын, — дейді Еламан. 

Ол финалға дейін ел біріншілігінің жеңімпазы Мақсат Исақабыловты айқын басымдылықпен ұтса, ақтық белдесуде Әлімжан Жұмахметовті де ұпай санымен жеңіп, жергілікті жанкүйер ризашылығына бөленді. 

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер, қазақ күресінің дамуына үлес қосқан ардагерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айтпақшы, жастар ойындарының соңын ала қазақ күресінен облыстық федерация жүлдесі үшін Есет батыр Көкіұлының құрметіне түйе палуан жарысы да өтіп, еліміздің бар аймағының өкілдерінің тартысы көрермендер көңілінен шықты. 

 

 

Ақтөбе облыстық қазақ күресі федерациясының баспасөз қызметі.

 

 

 

 

.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button