Спорт

«Астана» алға шықты…

 

Премьер-лига

 Премьер-лиганың 14 сәуір күнгі 5-туры су жаңа көшбасшыны алға шығарды. «Ақжайық» алғаш рет жеңіліс дәмін татты, өз алаңында ұтылып қалды. 5-орын мен 12-орынның арасын үш-ақ ұпай бөліп тұрған жағдай қалыптасты. 2-7 орындардың арасындағы айырмашылық та тап сондай.

Енді ретімен баяндайық.

Бесінші турда жерлестеріміз Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдады.

Расы керек, бірінші таймның алғашқы жарты сағаты жанкүйерлерді онша желпіндіре алмады. Екі команда да сақ ойнауды мақсат тұтты ма, әлде тактикалық әдіс солай болды ма, әйтеуір, қос қақпаның алды қарбалас сәттерге тола қоймады. Бір аңғарылғаны, қонақтар қорғануға ғана келмегенін анық байқатты. 25-минутта біздің қақпашы алыстан соғылған допты қақшып түсті. Бірақ 31-минутта олай істей алмай қалды. Қонақтардың жартылай қорғаушысы Шавкат Саломов өзі орындаған айып добын тура 11 метрлік нүктеге бағыттады, біздің Марат Бикмаев шалт қимылдағанымен, кілт серпілген доп Алексей Щеткиннің аяғына тиді де, қонақтардың шабуылшысы еш абдырамай, біздің қақпашымызды алдап соқты: 0:1. Бірақ жағдайды жерлестеріміз тез түзетті. 34-минутта оң қанаттан ашылған Дмитрий Мирошниченко допты қонақтардың айып алаңына қарай зулата тепті де, бұл допты Антон Землянухин шапшаң қабылдап, құлай түсе баспен соғып, қақпаны дәл нысанаға алды: 1:1.

Ал екінші тайм біздің футболшыларымыздың қарсыластар қақпасына гол соғарлық сәттерді уыстан шығарып алуының көрнекі сабағы тәрізді болды. Асхат Тағыберген қақпашымен жекпе-жек шығуға болатын мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Ыңғайлы позицияда пас алған Александр Гейнрих допты қақпа үстінен тым асыра тепті. Қонақтар қақпасы маңында үш қайтара айып добын соғу сәттерінен де еш нәтиже шықпады. Тыңнан қосылған Сергей Гридиннің басынан асыра соққан добы тек жанкүйерлердің ризашылық қол шапалақтауына ғана ие болды. Александр Гейнрих соққан доп қақпа діңгегіне тиіп кері серпілді, ал қақпашы орнынан қозғала да алмай қалған еді. Тағы да Гридин, бұл жолы қақпашы қақшып түсті. Антон Землянухин тепкен доп қақпадан сәл жоғары кетті. Марат Бикмаев баспен соққан доп та қақпаның үстінен асып түсті. Алаң иелері қатарынан екі рет орындаған бұрыштама доп та діттеген нүктеге түспеді. Алексей Мулдаров алдына келе қалған допты ашық тұрған қақпаға енгізе сала алмады. Ойынның жайы, ықшамдап айтқанда, осылай болды… Оның есесіне осы оқиғалардың соңына таман, қосымша уақытта Андрей Сидельников «Жетісуға» соғылар бұрыштама допты орындаушыларға көмектесуге жүгіріп кеткен шақта, талдықорғандықтар біздің ашық қалған қақпамызға кенеттен шүйіліп, есепті ұлғайтуға сәл қалды, бұл абыройсыздықтан шабуылшымыз Сергей Гридин жанталаса құтқарып үлгерді.

Осылайша «Жетісу» чемпионат басталғалы бес ойынды да тең есеппен аяқтады. Және бұл жолғы тең есепке шын риза болғандары анық аңғарылды.

Ал «Ақтөбе» қатарынан соңғы үш кездесуді «бейбіт келісіммен» қорытындылады. Бірақ бұл жолғы «тату қонақжайлыққа» тіпті де риза еместіктері, әрине, сезіліп тұрды.

Тағы бір дерек. Бұл екі команда Қазақстан чемпионаттарында осымен оныншы рет тең ойнап отыр. Бұған дейін 13 рет «Ақтөбе» жеңіп, 6 кездесуде талдықорғандықтар басым түскен болатын.

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 1:1.

Гол авторлары: Алексей Щеткин, 31-минут (0:1); Антон Землянухин, 34-минут (1:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Петр Бадло (капитан), Дмитрий Мирошниченко, Антон Землянухин (Сергей Лисенков, 89-минут), Марат Хайруллин, Роберт Арзуманян, Асхат Тағыберген (Сергей Гридин, 59-минут), Юрий Логвиненко, Александр Гейнрих, Марат Бикмаев.

«Ақтөбе» командасында ескерту қағазын алғандар: Асхат Тағыберген 45+2 минут; Алексей Мулдаров, 73-минут.

«Жетісу» футболшыларына да екі ескерту қағазы көрсетілді.

 

*    *    *

 

Басқа кездесулер:

«Қайрат»-«Тобыл» — 4:2

(Момоду Сиссей, 6, 44; Марк Гурман, 27; Олег Недашковский, 59 — Нұрбол Жұмасқалиев, 36; Игорь Бугаев, 55)

«Шахтер»-«Астана» — 1:3

(Сергей Хижниченко, 45+2 — Қайрат Нұрдәулетов, 7; Сергей Остапенко, 44; Валерий Коробкин, 66)

«Ақжайық»-«Ертіс» — 1:2

(Игорь Зенькович, пенальти, 80 — Предраг Говедарица, 35; Дмитрий Шомко, 66)

«Восток»-«Атырау» — 0:0

«Ордабасы»-«Тараз» — 0:0

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар                 О           Ұ             Т        Ж             Д              Ұп

 

1 Астана                       5            3             1          1             7-6             10

2 Тараз                          5            2             3          0             9-5             9

3 Ақтөбе                      5            2             3          0             6-3             9

4 Ертіс                            5            2             2          1             7-5             8

5 Ақжайық                     5            1             3          1             7-5             6

6 Қайрат                        5            1             3          1             8-7             6

7 Атырау                       5            1             3          1             2-4             6

8 Тобыл                         5            1             2          2             10-9           5

9 Жетісу                         5            0             5          0             5-5             5

10 Шахтер                     5            1             1          3             4-10           4

11 Восток                     5            0             3          2             2-4             3

12 Ордабасы                 5            0             3          2             1-5             3

 

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).                      

  

Бесінші турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 15 доп соғылды. Алаң иелері 7 доп соқса, қонақтар 8 гол соқты. Оралдықтар 11 метрлік бір айып добын қақпаға енгізе алмай қалды (Игорь Зенькович, «Ақжайық», 60-минут). Орта есеппен бір кездесуде 2,5 доп соғылды. Ал чемпионат басталғалы орта есеппен әр ойында 2,26 доп соғылды.

Екіншіден, алаң иелері 1 кездесуде ғана жеңіп, қонақтар 2 кездесуде ұтты. 3 кездесу тең есеппен аяқталды. 4:2 есебі чемпионат басталғалы бірінші рет тіркелсе, чемпионат басталғалы сегіз ойын 0:0, алты ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Үшіншіден, бұл турда екі кездесу 0:0 есебімен аяқталды, өткен үш турдағыдай бұл жолы да ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. Чемпионат басталғалы тең ойындардың есебі — 53,33 пайыз.

Төртіншіден, Талдықорғанның «Жетісу» командасы барлық кездесулерді тек тең есеппен аяқтап келеді: 3:3; 0:0; 1:1; 0:0; 1:1.

Бесіншіден, тур барысында 28 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 11, қонақтар — 17), бір футболшы (Вячеслав Котляр, «Ертіс»; 77-минут) жасыл алаңнан қуылды. Ең тәртіпсіз кездесу Теміртауда өтті, екі команда («Шахтер»-«Астана») жалпы алғанда 7 «сары» қағазбен «марапатталды». Бұл турда футболшылары ескерту алмаған жалғыз команда — «Қайрат».

Алтыншыдан, дода басталғалы өз қақпасына ең аз доп (3 гол) енгізген команда — «Ақтөбе», ал ең көп бармақ тістеген (10 гол) клуб — «Шахтер».

Жетіншіден, мергендер арасында 4 голмен Момоду Сиссей («Қайрат») топ бастады.

Қос тараздық Мирослав Лечич пен Мануэль Куртоның және оралдық Игорь Зеньковичтің есебінде 3 доптан бар.

2 доптан соққан сегіз футболшының бірі — біздің Александр Гейнрих.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы)— 2 доп.

1 доптан соққандар:

Юрий Логвиненко (қорғаушы);

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы);

Петр Бадло (қорғаушы);

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).

*   *   *

Келесі 6-турда, 20 сәуір күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездеседі.

Өткен жылы «Астанадан» сырт алаңда жеңіліп (0:1), өз алаңымызда ұтқанбыз (2:1). Ал Мирослав Беранектің сайыпқырандары 5-турда сырт алаңда сенімді жеңіске жеткенін ескерер болсақ, бойымызда әлдебір күдіктің бой көтермеске амалы да жоқ.

Қалған кездесулер:

«Қайрат»-«Ақжайық»

«Тобыл»-«Ордабасы»

«Тараз»-«Восток»

«Атырау»-«Шахтер»

«Жетісу»-«Ертіс»

 

Рейтинг

 

…Ал бас командамыз 144-орынға түсті

 

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) әр ай сайынғы дәстүр бойынша ұлттық құрамалардың жаңа рейтингін жария етті.

Қазақстан ұлттық құрамасы бес сатыға төмендеп, 144-орынға табан тіреді.

Ал алғашқы ондық былай тізіліп тұр:

1. Испания

2. Германия

3. Аргентина

4. Хорватия

5. Португалия

6. Колумбия

7. Англия

8. Италия

9. Голландия

10. Эквадор

Бұл тізімге де еш өкпе айта алмайсың-ау. Бір қызығы, «Sports.kz» бұрынғы 15 одақтас республикалардың ұлттық құрамаларының тізімін және бөлектеп беріпті. Сол тізімде Қазақстанның 15-інші орында тұрғаны ішті қазандай қайнатады екен. 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button