Мәдениет

Индира — келіндер сайысының жеңімпазы

Аудандық мәдениет үйінде «Еріне жары сай, жеріне елігі сай» тақырыбында келіндер сайысы өтті.

Ұлттық салт-дәстүрді, тіліміз бен дінімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, неке мен отбасы құндылықтарын алға тарту мақсатында өткен шараға 5 келін қатысты. Мәдениет саласының қызметкері Аймен Сарбаланың ұйымдастыруымен өткен шара «Сәлем — сөздің атасы», «Өнерлі өрге жүзер», «Сиқырлы қоржын», «Шебердің қолы ортақ» және «Ас — адамның арқауы» шарттары бойынша қатысушылар өзара сынға түсті.

Сайыс барысында салт-дәстүрге байланысты қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берген келіндер ән айтып, би биледі, театрландырылған көрініс қоюда да қабілет-қарымдарын байқатты. Байқауға қатысушылардың қай-қайсысы да жоғары дайындықпен келген. Қазылар алқасының шешімімен барлық сыннан мүдірмей өткен Терісаққан ауылының тұрғыны Индира Александр келіні бірінші орынды иеленді. Қобда ауылының келіні Жадыра Серік екінші орынға қол жеткізсе, үшінші орын Бегалы ауылындағы Ұзақбайдың келіні Нәзираға бұйырды.

Жүлдегерлер мен қалған қатысушылардың барлығы Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

 Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,

Қобда ауданы.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button