Мәдениет

Өркенді өнеге

Әрбір адамды өзі таңдаған кәсібіне адалдығы, міндетін беріле атқаруы абыройға бөлейтіні анық. Талай елге танымал азаматтар дүниеге келген Ырғыз өңіріндегі қасиетті Шабаған елді мекенінде туып-өскен Мирон Төкешов  қарапайым мінезімен, ісімен белгілі. Ол 1959 жылы бұрынғы Темірастау, қазіргі Б.Алманов атындағы орта мектепті тәмамдады

— Әкем Отаров Төкеш колхозда жұмыс жасаған жай  шаруа адам болды. Ол кісі 1942 жылғы  12 маусымда Ұлы Отан соғысына алыныпты,— дейді Мирон ағамыз әңгімесінде, — Әкем майданға аттанғанда шешеміз Зияданың қасында үш ер бала, бір қыз бала қалыппыз. Мен ол кезде қырқымнан да шықпаған екенмін. Шешеміз бізді аш-жалаңаш қылмай өсірді. Сол кезде 16 жастағы үлкен ағам Мейірхан мұғалімдік қызметке кірісіп, шешемізге қолғанат бола біліпті. Әкем алты айдай соғысқа қатысып, Тула қаласының қасындағы  ұрыста  қаза болды. Ағам шешем екеуі осындай үлкен ауыртпалыққа шыдап, бізге жақсы тәрбие бере білді. Мектепті аяқтаған соң 1960-1963 жылдар аралығында Оралдағы электр-байланыс техникумында техник-электрик мамандығы бойынша білім алдым.

Мирон Төкешұлы оқудан келген соң кеңшарда техник-электрик болып жұмысқа кіріседі. Үш жыл әскер қатарында міндетті  қызметін атқарып, 1966 жылы Калинин атындағы кеңшарда мамандығы бойынша жұмысын жалғастырады. Ол кездері кеңшардың  дизельді электростанциясынан  күндіз машина-трактор шеберханасына, кешке қарай ауыл тұрғындарына 30-60 квт  аралығындағы  электр қуаты беріледі. Сол тұста Калинин атындағы кеңшарды  ауыл шаруашылығының үздік ұйымдастырушысы, жаңалыққа жаны құмар Қияс Сәрсенбаев басқарды. Кеңшар, ферма орталықтарында  халықтың өсуіне байланысты тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Жаңа мектеп, мәдени ошақтар, клуб, кітапхана, аурухана ашылды. Заманның талабына байланысты энергия қуаты жетіспей жатты. Осындай тапшылықты түсінген кеңшар директоры Қияс Сәрсенбаев жаңа үлгідегі электростанцияның құрылысын салды.

— Бұл, әрине, аудан көлемінде бірінші салынған жаңа жобадағы станция болатын, — дейді Мирон аға әңгімесін жалғап, — Аудан орталығы — Ырғызда вагонның ішінде болған  станцияның құрылысына мен де өз үлесімді қостым. Осыдан  1972 жылға дейін ауыл тұрғындары мен мекемелерге  электр энергиясын бердік. 1971 жылы республика Министрлер Кеңесі елді мекендердегі  ұсақ электр станцияларды пайдасыз деп тауып, жоғары кернеулі электр желілерін тарту туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыны орындау мақсатында 1972 жылы қараша айында Ырғызға қарай 110 киловольт кернеулі, ұзындығы 157 шақырым желі тартылып, электр энергиясы берілді. Кеңшарда инженер-электр маманы болып жұмыс істеп жүрген мені 13 қазаннан бастап  ауысу тәртібімен сол кездегі Ақтөбеге қарайтын электрмен жабдықтау мекемесіне жұмысқа қабылдады. Калинин атындағы кеңшарға сол жылғы желтоқсанның  28 күні алғашқы жоғарғы кернеулі электр жарығы  қосылды.Осы шаруалардың басы-қасында өзімнің де болғанымды мақтаныш тұтамын. Қыс мезгілінде кеңшар, ферма орталықтары және бірнеше мал баздары жарыққа қосылды.

Өз кәсібінің қыр-сырын жете меңгерген Мирон ағамыз қиындығы мол осынау мамандықта жарты ғасыр бойы тапжылмай еңбек етіп келеді. Шалғай мекенге алғашқы жоғары кернеулі электр желісі барған шақта  учаске шебері, одан соң өнім өткізу жөніндегі инженер болған Мирон Төкешов сол жылдары Нұра, Белшер, Дүкен, Мамыр елді мекендеріне  және бірнеше мал баздарына электр энергиясын қосу ісіне қатысып, елден алғыс алды.

1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басында бізге  Ресей жағынан электр энергиясын екі сағат қана берген уақыттар болды. Бұл жағдай электр тұтынушыларға өте қиын тиді. Тығырықтан шығу үшін жаңаша әдіспен жұмыс жасауға тура келді. Осылайша түнге қарай  жарықтың сөнуі азайды. Жұмыс істеген уақытта техника қауіпсіздігі сақталып, ешқандай қолайсыз жағдай болған жоқ. Бүгінде, шүкір, жағдай жақсы. Электр желілеріне, трансформаторларға күрделі жөндеу жұмыстары мерзімді уақытында жасалып тұрды. Аудандық электр учаскесінде бұрын 28 адам жұмыс жасаса, ал қазір 45 адам жұмыс жасайды.

Осы айда Мирон ағамыздың бір мекемеде электр жүйесі қызмет  саласында табан аудармай қызмет атқарғанына тура қырық жыл толды. Жалпы бұл саладағы еңбек өтілі жарты ғасырды құрайды. Мұны  өзінің сүйікті кәсібіне деген адалдықтың, құрметтің айқын үлгісі дер едік. Зайыбы Дәмелі екеуі жеті бала тәрбиелеп өсіріп, немерелер сүйіп, ауылдастарының арасында абыройлы  ғұмыр кешіп келеді. Мәкеңнің өзі еңбек еткен саласында үш баласы қызмет жасайды. Ақтөбедегі Мәсімхан мен Гүлзада, Құрылыс ауылындағы Руслан әке соқпағымен қызмет жолын жалғастыруда. Балаларының бәрі де үйлі-баранды. Мирон ағаның халыққа сіңірген еңбегі туралы әңгіме бөлек. Қатарынан аудандық мәслихаттың екі шақырылымында  депутат болып сайланып, ауылдастарының мұң-мұқтажын тиісті орындар алдына табанды түрде қойып отырды. Игі істерінің нәтижесі де баршылық. Еңбегіне орай ауданның «Жыл адамы — 2001» атағын иеленгені бар. «Қазақстан  Республикасының Парламентіне — 10 жыл» мерекелік медалін омырауына тақты. «Еңбек ардагері» атанып, «Запказэнерго» ардагері құрметті атағын алды. Облыстық мәслихаттан, Ырғыз ауданы әкімінен, өзі қызмет атқаратын мекеме тарапынан алған Алғыс хаттары да жетерлік. Өзінің ойы мен пікірін кез келген ортада ашық айтып, дәлелдей алатын азаматқа ауылдастары дән риза.

Мәкеңді қашанда елдік шаруалардың басы-қасынан көреміз. Аудандық мәслихат депутаты болған кезеңдерде жұртшылыққа ортақ мәселелерді көтеріп, тиісті орындар назарына елдің мұң-мұқтажын жеткізе білді. Кезінде өңірге қатысты мәселелер тұрғысында облыстық «Ақтөбе» газетіне мақала жариялағаны  жадымызда. Сонымен қатар ауылындағы Б.Алманов атындағы орта мектеп жанынан стадион салу, Байқазақ батырдың есімін дәріптеу тұрғысындағы бастамаларға араласты.  Биыл Құрылыс ауылында бой көтерген жаңа мешіттің тұрғызылуына  байланысты шараларға да Мирон ағамыз азаматтық белсенділікпен кірісіп, көпшілік арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Жыл өткен сайын көркейіп, үлкейіп келе жатқан ауылдың алуан мәселелері Мирон Төкешовтің назарынан тыс қалған емес. Өзі тұратын Қызылжар селолық округінің орталығы — Құрылыс ауылындағы жақсы бір іс-шаралар болса, көпке жария етуге  асығатын азаматтардың бірі де  осы Мирон ағамыз дер едік. Көкейіндегісін бүкпей, өзіндік пікірін айқын, ашық айта білетін азаматты, оның өнегелі отбасын ауылдастары құрмет тұтады. Жетпіс деген жасқа жақсы жеткен және осы уақытқа дейін еңбектен қол үзбеген сыпайы да сыйлы Мирон Төкешов ағамыз туралы қандай мақтау айтсаң да жарасады.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button