Мәдениет

Жолдың жүгі

Бас дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Қыдырсиық Ерғалиев зер оқалы киім киген офицер болуы да бек мүмкін еді. Ақтөбе қаласындағы облыстық мектеп-интернатты бітірген 1969 жылы әскери комиссариатқа өтініш жазып, медициналық тексеруден өтіп тұрған шақта, әкесі: «Балам, әскери қызметтің жайы белгілі, сен шалғайға кетсең, мен қайда қаламын?», — деді. Үлкен кісінің сөзі — заң. Тәрбиелі ұл дереу құжаттарын Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына тапсырды да жіберді. Мектепте жақсы оқығаны рас, студент болып шыға келді. Ал оған дейін…

Оған дейін ауыл мен қаланы тел еміп өсті. Әуелде Сары Қобда өзенінің сағасындағы Болгарка ауылында Ұлы Отан соғысынан аман оралған мейірімді әке мен аяулы ананың отбасында үш бала, яғни, өзі, ағасы мен апасы, уайымсыз өсіп жатты. Бұл 6-сыныпты бітірген жылы анасы аты жаман ауру меңдеп дүниеден озды. Рас, апасы екі ұлға жанашыр болды, тамағын істеді, кірін жуды. Бірақ кішкентай ауылдағы сегізжылдық мектепті тауысқан соң тума-туыстар бұның Ақтөбедегі облыстық мектеп-интернатқа барып оқығанын, «үкіметтің қамқорлығында жүргенін» мақұл көрді. Сол мектепті бітірген соң ғой әскери өмірге кіріп кете жаздағаны. Кейіпкеріміз студенттік дәуренді де біржақты бұлғаңдап өткізген жоқ, жаз бойы құрылыс отрядтарында жұмыс істеп, ақша тапты, қарт әкеге демеу де, жебеу де болды. Ал институтты бітірген соң, бұдан бір жыл бұрын бас қосқан келіншегі, педагогикалық институт түлегі Бақытжамалды ертіп, өзіне таныс Алғаға барды, үміт күткен әкесін қолына алды. Бұл — аудандық аурухананың хирургі, Бақытжамал — аудандық білім бөлімінің қызметкері. Тәжірибелі маманға айналды, өсті, өнді, дүниеге Гүлшат, Айбек, Айшат келді. Бір қызығы, кейін екі баласы әке жолын қуды. Ал кенже қыз орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасымен мұнай-газ мамандығы бойынша Ұлыбританияда оқыды, кейін Назарбаев университетінде қызмет етті, қазір Австралияда магистратурада оқып жүрген жайы бар.

Ал шетелде оқу арман да болмайтын заманда еңбекке араласқан, сол еңбегінің арқасында алғалықтардың алғысына бөленген Қыдырсиық Ерғалиұлы елден табаны ажырамағанын қалаған әкесі өмірден озған соң, 1983 жылы Ақтөбе қаласына көшті. Әуелде тәжірибелі маман Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Орал облыстары қарайтын темір жол басқармасына бас хирург болып орналасты да, кейін, 1988 жылы бас дәрігерлік лауазымды қабылдады.

— Ол кезде теміржол құрылымы Мәскеуге тәуелді. Талап та мықты, тексерулер де жеткілікті. Қазір біз отырған темір жол ауруханасының осы жаңа жобасын жүзеге асыру керек болды да, жастық жігерім ескерілген шығар, екі тізгін, бір шылбыр менің қолыма берілді. Расында да, жаспын. Жұмысқа таңғы сағат алтыда келемін, басшы ғана емеспін, оған қоса хирург-эндоскописпін. Әуелі науқастарды қараймын, сағат сегізден тоғызға дейін, жоспарларды саралаймын, қағаздарға қол қоямын, сосын керзі етікті киіп алып, құрылыс басына барамын. Сол кезде бір ебірей ақсақалдың: «Сенің жолың болды. Мен 35 жылдан астам уақыт бас дәрігер болдым, бірақ өзім емес, өзгелер салған ауруханада қызмет еттім. Ал сен аурухананы, міне, өзің бақылауға алып, өзің қалағандай етіп тұрғызып жатырсың», — дегені бар. Иә, солай болды, қолдан келгенше өзгерістер енгіздік, кеңейттік, жаңадан қабаттар қостық, 1992 жылы осы ғимаратты бітіріп, кіріп алдық, — деп еске алады дәрігер.

Сол 1992 жылдар шамасында қоғамдық құрылыс мүлдем өзгеріп, ел енді өтпелі кезеңге бас қойғаны белгілі. Темір жолға қарасты қосымша құрылымдар, соның ішінде емдеу мекемелері де, тарыдай шашырады. Шұбарқұдықтағы, Ембідегі, Шалқардағы темір жол ауруханалары басқа қолға өтті.

— Біздің аурухана да ешкімге керек болмай қалды, — дейді кейіпкеріміз. — Сосын ұжыммен ойласа келе нарықтық экономиканың принциптеріне сүйеніп, ақылы қызметке көштік. Басқа амалымыз да қалмап еді. Жұрт шошынды. Науқастардан естімеген сөзіміз қалмады. Ешкім ақша төлемеді, төлейтін ақша жоқ та еді. Әлі есімде, сол кезде палаталарды аралап шыққанымызда, кардиологияда екі науқас, хирургияда үш науқас, басқа бөлімдерде де сондай санаулы адамдар ғана емделіп жататын. Қызметкерлердің жалақылары екі-үш айлап берілмеді. Дегенмен ұжым ешқайда кеткен жоқ, келешекте аурухананың бәрібір керек екендігін, адамдар қандай дәуірде өмір сүрсе де, дәрігердің көмегі қажет болатындығын түсінді, қиындықты жұмыла көтерді.

Бұлай бола беруі расында да мүмкін емес еді. Кейін Алматыда облыстардағы барлық темір жол ауруханаларының бас дәрігерлері бас қосып, бұдан әрі қалай күн көрудің жағдайын ойластырды. Әрі-бері ойласа келе, «Көлік медицина қызметі» қоғамын құрды. Иә, қоғам; үкіметтікі де емес, жеке де емес. Белгілі мақсаты ғана болды. Кейін қоғам облыс әкімшіліктерімен, денсаулық басқармаларымен бірлесе жұмыс істеуге көшті. Кезінде мығым салынып қалған темір жол ауруханаларының әлеуетін пайдаланудың қажет екендігін түсінген басқармалар арқылы бюджеттен қаржы бөліне бастады. Рас, аурухана ақылы қызметті де тоқтатпады. Қызметкерлер жалақыларын алып, басшылық коммуналдық төлемдерден құтылды.

Одан соң да тағы бір елеулі өзгеріс болды. «Көлік медицина қызметі» қоғамына қарасты филиалдар біртіндеп «Апаттар медицинасының темір жол госпиталі» акционерлік қоғамына айналды. Ал соңғы жылдары бұл госпитальға берілетін мемлекеттік пакет Денсаулық сақтау министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне өтті.

Қазір «Апаттар медицинасының темір жол госпиталі» Ақтөбе қаласындағы филиалы — «Ақтөбе темір жол ауруханасында» терапия, хирургия, неврология, травматология, реанимация бөлімдері бар, аурухана — 220 кереуеттік.

— Соңғы жылдары халық арасында аллергиялық аурулар көбейіп кетті, сол себептен аллергология бөлімін аштық. Батыс Қазақстан бойынша аллергиялық аурулары асқынған науқастар бізге келеді. Бізде сондай-ақ «Астма мектебі» бар. Оның ең үлкен көмегі — демікпе, қолқа демікпесімен ауыратын науқастарға өзін-өзі қалай күту керектігін түсіндіру. Мақтанды демеңіз, соңғы жылдары демікпеден қайтыс болған адам жоқ. Ал бұл дертке арналған дәрілерді қалай беру керектігін біздің мамандарымыз үйреніп алды, әдістерін де біледі, — дейді бас дәрігер.

Қыдырсиық Ерғалиев үшін қызмет орны, яғни аурухана екінші үйі іспетті, жаңартуға, жаңғыртуға жалықпайды. Аурухана заманауи құралдармен жабдықталған. Хирургияда оталар дәстүрлі жолмен де, лапароскопиялық тәсілмен де жасалады. Ал бір дәрігер интрамедуллярлы ота, яғни жұмыр сүйектерге ота жасауға арналған аппараттың тілін меңгеріп жатыр.

Бас дәрігер сөз арасында өз орынбасары Зәмзәгүл Хайруллина, невролог Едіге Жамантаев, хирургтер Нағашыберген Бектемірұлы, Сағындық Бөрібаев, терапевт Светлана Есекеева, травматология бөлімін басқарып келе жатқан Оскар Фаткурин, әдістеме бөлімінің жұмысын ұйымдастырып отырған Ермек Санбаев тәрізді мамандардың шеберліктерін әңгіме етті.

Бас дәрігердің айтуынша, аурухана жанындағы 250 адамдық емханаға қаладағы Мәскеу ауданы тұратын 24 мың тұрғынның бәрі келеді екен. Оның 7 мыңдайы — балалар.

— Телефон жүйесін құрдық. Учаскелік дәрігерлер науқаспен бөгеліссіз сөйлесіп отырады. Сондай-ақ біздің дәрігерлер ана мен бала өліміне, жүрек-қан тамыры ауруларына қатысты көрсеткіштерді үнемі есепке алып отырады. Ауруханамызда аллергия бөлімі болғандықтан, иммунобиологиялық зертхана да аштық. Онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында онкомаркер зерттеуі де жүргізіледі. Бірақ біздің жұртымыз, расын айтсақ, әлі де денсаулық күтуге немқұрайды қарайды ғой, — деп сәл өкіне сөйлеген бас дәрігер одан әрі  Еуропаның бірқатар елдерінде, Гонконг, Малайзия, Израиль мемлекеттерінде болған кездерінде жинаған тәжірибесінің дәрігерлер үшін ғана емес, емделушілер үшін де пайдалы тұстары көптігін сөз етті.

…Біз бас дәрігермен ұзақ әңгімелестік. Хирургтің әр ота сайын бастан кешетін сезім толқынысы, емделуші алдындағы әр дәрігердің жауапкершілігі, қоғам мен аурухананың  қазіргі арақатынасы, әйтеуір, бас дәрігердің көңілінде жүрген ойлар көп екен. Оның барлығын тізіп шыға алмадық.

…Иә, сонау жылы асыл әке ұлының мамандық таңдау жөніндегі алғашқы талпынысына қарсы болғанымен, кенеттен шақырған жаңа жол түбінде жарық даңғыл болатынын сол бойда сезбеген де шығар. Бірақ, қалай болғанда да, міне, алпыс жасқа толып отырған абзал азамат, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған Қыдырсиық Ерғалиевтің ешқандай адаспағанына оның осы қысқа мақалада толық қамтылмаған дәрігерлік табыстарын толық білетіндер мен емделушілер анық куә. Сол жолдың берекесі көбейе бергей.

 Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button