Түтіні түзу Жақсымай


Темір ауданында Шұбарқұдық ауылының екеу екенін білесіз бе? Біріншісі аудан орталығындағы кент болса, екіншісі Жақсымай ауылдық округінде орналасқан. Соңғысына біздің арнайы баруымыз тегіннен-тегін емес. Өйткені Ақтөбе политехникалық колледжінің негізі қаланған, «қара алтын» өндіріліп, көмір шахтасы жұмыс істеген мұнайлы өлкенің тарихы бай.Қазіргі тынысы да айтуға тұрарлық…

Атауы көп мекен
Жақсымай ауылдық округінің әкімі Самат Төлеуовтің айтуынша, өзі басшылық ететін өлкенің «енші алғанына» соншалықты көп бола қоймаған. Бұған дейін аудан орталығының құрамына кірген округтің тарихы туралы сұхбаттасушымыз әңгіме тиегін былай деп ағытты:
— Жақсымай ауылдық округінің орталығы — Шұбарқұдық ауылы аудан орталығына ең жақын орналасқан елдімекен. Жергілікті халық бұл жерді бұрыннан Промысел атаған. Бұл атау іргесінде мұнай мен көмір шахталарының ашылуына байланысты қойылса керек. Аталған кен орындары Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында жұмысын бастаған. Бұл жерді Майтүбек деп атайтындар да бар. Көнекөз қариялардың айтуынша, ауыл шетіндегі бұлақтың айналасы үлкен шабындық болып, құмақ жерге тары егілген деседі. Кейін бұл араға сол кездегі басшылықтың шешімімен алдымен барлау топтары жіберіліп, біршама зерттеу жұмысы жүргізілген. Соның негізінде 1931 жылы Шұбарқұдық кен орны алғашқы өнімін берген еді. Шұбарқұдықпен іргелес Кейкібас, Жақсымай, Жаманағаш кен орындары ашылып, ел экономикасының дамуына зор үлес қосты. Ауылдың атауы осы мұнай кәсіпшіліктерін игеруге, Шұбарқұдық көмірін өндіруге байланысты пайда болған.
Өлкеде мұнай бұрғылау орындарымен қатар, 1944-1948 жылдары көмір шахтасы да жұмыс істеген. Соғыс уақытында шахтадан бүгінгі Жақсымай бекетіне тікелей тартылған рельс жүргізіліпті. Шахтада өндірілген өнім осы жол арқылы жүк пойыздарына тиелген.
Соғыстан кейінгі жылдары ауылға жан-жақтан қоныстанушылар, атап айтқанда, орыс, украин, шешендер ағылып, түрлі ұлт өкілдері бас қосқан мекенге айналды. Сонымен қоса мұнайшыларға арнап жаңа үйлер салынып, ауыл біршама үлкейген. Кезінде ауылда 7 жылдық қазақ-орыс мектебі болған. Ал 1965 жылы индустриалды-педагогикалық техникум ашылып, білім мекемесі 1980 жылы Ақтөбе қаласына көшірілген. Қазіргі таңда аталған техникум Ақтөбе политехникалық колледжі ретінде жұмысын жалғастырып жатыр. Сол сияқты осы ауылда училище, шағын оқу орындары бой көтерген. Бұл мекемелердің ескі ғимараттары әлі күнге сақталған. Тіпті қазіргі ауылдық округ орталығында бір жылдары көлік жөндейтін, бөгет салатын үлкен стансалар қызмет етіпті.
Одан білгеніміздей, еліміз Тәуелсіздік алған уақытта Промысел ауылы аудан орталығы — Шұбарқұдық кентіне қарасты елдімекендердің сапына кірген. Ал 2019 жылдың соңында өз алдына Жақсымай ауылдық округі болып қайта құрылған.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Темір ауданында 1 қала мен 9 ауылдық округке қарасты 24 елді мекен бар.
Соның бірі — Жақсымай ауылдық округі бүгінгі таңда 1883 тұрғынның мекені.

Таза ауылдың тірлігі
Жақсымай ауылдық округі Шұбарқұдық ауылы және Жақсымай бекетінен тұрады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда округте 1883 тұрғын өмір сүріп жатыр. Соның ішінде Шұбарқұдық ауылында — 1673 адам, Жақсымай бекетінде — 210 адам. Негізінен, мал шаруашылығын кәсіп қылған жақсымайлықтардың жағдайы жақсы. Ауызсу, газ, жарық, интернет бәрі бар.
— Бізде ауыл шаруашылығы — негізгі тіршілік көзі. 26 ауыл шаруашылық құрылымы тіркелген. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 101. «Ауыл аманаты» және «Қайтарымсыз грант» бағдарламалары арқылы жаңа кәсіп көзін ашып, өз ісін бастағандар аз емес. Наубайхана, тігін цехы, бау-бақша шаруашылығыбойынша бизнесін жүргізіп отырғандар баршылық. Жалпы, «Ауыл аманаты» бойынша 11 жобаға несие алынды.
Ең бастысы, ауылдың ауызбіршілігі мен тазалығы — біз үшін мақтаныш. Жақсымай аудандағы ең таза әрі көрікті округтерінің бірі деп толық сеніммен айта аламын. Әсіресе Шұбарқұдық ауылының көшелерінің санитарлық жай-күйі — өзгелерге үлгі, — дейді Самат Еспағанбетұлы.
Расында, округ орталығына жолымыз түскенде таза әрі жинақы ауыл екеніне көз жеткіздік. Жақсымайдағы 10 көше тап-тұйнақтай, артық ештеңе байқамайсың. Округ әкімі әңгіме арасында соңғы жылдары инфрақұрылым саласына ерекше көңіл бөлінетінін, оған мысал ретінде 2021 жылы 2 көшеге, 2023 жылы 2 көшеге, ал былтыр жылы 4 көшеге асфальт төселгенін баян етті. Кооператив көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, енді саябақтың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр екен.
Округтегі әлеуметтік нысандар — орта мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт, ауылдық клуб және кітапхананың да ғимараттары еңселі екен, алыстан көз тартады. Бірер жылда пайдалануға берілген ауылдық клуб тіптен жұтынып тұр.
Максимнің көкөністері
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында жылыжай салып, өнім алып отырған Максим Чирковтің еңбегі — ауланы тиімді пайдалану, одан мол өнім алу және эстетикалық тұрғыдан әсемдеудің жарқын мысалы.Қаршадайынан егін шаруашылығына бүйрегі бұрып тұратын педагог:
— Жақсымай ауылдық округінде тұрамын. Шұбарқұдық кентіндегі Оқушылар үйінің директорымын. Жастайымнан жылыжаймен айналысамын. Ауламда маусымдық жылыжайларым бар. Сондай-ақ жеміс ағаштары егілген бағым жылда жайқалып өседі. Дей тұрғанмен қыс мезгілінде де өнім алуды ойластырып, үлкен жылыжай салғым келіп жүрген. Осы идеямды іске асыруға «Ауыл аманаты» жобасы көмектесті.
Құжаттарымды, бизнес-жоспарымды тапсырып, ол мамандардың мақұлдауынан өтті. 5,4 миллион теңгені несиеге алдым. Аталғанқаражатқа кез келген ауа райына шыдас беретін, барлық инфрақұрылымы жүргізілген аумағы 120 шаршы метрлік жылыжай салдым. Қияр мен қызанақты теңдей егіп, сондай-ақ аскөк, ақжелкен сияқты салат жапырақтарын өсіремін. Бұл бойынша да тәжірибем бар.
Жалпы, жылыжаймен 6 жылдан бері айналысып келемін. Салат жапырақтарын, көкөністерімді аудан орталығындағы дәмхана, дүкенге саудалаймын. Ауылдастарымның арасында тұрақты сатып алушыларым да бар. Сұранысқа қарай бәрін егіп, кейін өткіземін. Бұйыртса, қысы-жазы жұмыс істейтін жылыжай салғаннан кейін шағын кәсібім одан сайын дами түсетініне сенемін. Себебі мен ешқандай қоспасыз, табиғи өнімдерді өсіремін. Әрі ауылдың ішінде болғандықтан, басқалармен салыстырғанда, бағасы да қолжетімді болады, — дейді.
«Туған жер, өзің дегенде…»
— Шүкір, округтен әр сала бойынша еңбегі сіңген, атақты тұлғалар шыққан. Айталық, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан Мажидолла Аймағамбетов, Сұлушаш Бекенова (Сартаева) сынды педагогтермен мақтанамыз.
Қазіргі кезде де «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылын ұмытпай, қолдау көрсететін азаматтар баршылық. Олар өздері оқыған мектепті жөндеуге атсалысып қана қоймай, көшелерді жарықтандырып, спортшыларымызға қаржылай көмектесіп жүр. Сондықтан Жақсымайдың жаманаты шықпай, тек іргелі істерімен танылуына жер-жердегі жерлестердің де үлесі бар, — деп атап өтті округ әкімі Самат Төлеуов.
Айтпақшы, мемлекеттік «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында туған жерге туын тігіп, тіпті көршілес аудандардан да көшіп келіп жатқандар аз емес көрінеді. Бір ғана дерек, 11 жас маман Жақсымайға осындай жақсы себеппен қоныс аударыпты.
P.S. Жақсымай ауылдық округінде күн тәртібінде тұрған мәселелердің де барын айта кету керек. Ең өзектісі — Жақсымай бекетінің Теміржол көшесі және Шұбарқұдық ауылындағы Ә.Молдағұлова, Жаңақұрылыс көшелеріне асфальт төсеу керек. Жол азабын тартып жүргеніне біраз жыл болған тұрғындар өз сауалдарын жеткізді…
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Темір ауданы.



