Басты жаңалықтар

Цифрлық Қазақстанның басты капиталы — адами ресурс

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

«Мен жариялаған міндеттер  Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды.

Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр.

Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Мағжан Жұмаевтың аты-жөнін естігенде есіме бірден Мағжан Жұмабаев түсті.Өз заманында жоғары білім алып, Сұлтанмахмұтша айтқанда, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн» болуға, айналасына білім мен ғылымның сәулесін түсіруге тырысқан Мағжан Жұмабаев жастарға, соның ішінде өзі секілді көзқарасы прогрессивті жастарға — біздің кейіпкеріміз секілді жастарға сенген шығар деп ойлаймын.

Мағжан Жұмаевтың есімі ғана емес, істеп жүрген ісі де қызығушылық тудырды. Америка Құрама Штаттарында 11 жыл тұрып, білім алып, тіл мектебінен бастап, Northern Essex Community College-де, кейін Suffolk университетінде магистратурада білім алған, қазіргі таңда Гарвардтың Extension мектебінде жобаларды басқару бойынша екінші магистратурасын тәмамдап жатқан жас жігіт провинцияда не істеп жүр деген ой қылаң бергені бар. Бұл сұраққа өзімен сұхбаттасқаннан кейін жауап таптым. Өз ұлтын, туған жерін, атамекенін шексіз сүйетін жігіт елге қызмет ету үшін оралыпты.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығында жұмыс істейтін Мағжан бүгінгі технологиялық революция дәуіріндегі халықаралық стандарттар мен жаңа құралдарды жергілікті мұғалімдерге үйретеді, оларды ақпарат ағынында адастырмай, ең тиімділерін сұрыптап үйретіп, жол көрсетіп жүр. Басқа да жобалары бар. Қалғанын өз аузынан естиік…

«Білгенімді, тәжірибемді еліммен бөліскім келді »

— Мағжан, шетелден елге оралғаныңызға көп уақыт өте қоймаған екен. Қайда оқыдыңыз, қайда білім алдыңыз? Өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз? 

— Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп ұран тастаған рухты ұрпақтың өкілімін. Қазақтың қарапайым ұлымын. Қарағанды қаласындағы колледжде білім алып, Маңғыстау облысы Ақтау қаласында есепші болып жұмыс істедім, кейін Астанада бухгалтерлік есеп бойынша бакалавр дәрежесін алдым. Алайда ізденіс пен үлкен мақсаттар мені АҚШ-қа жетеледі. Ол жақта 11 жылдай тұрып, тіл мектебінде білім алдым, Northern Essex Community College-де, кейін Suffolk университетінде магистратура оқыдым. Қазіргі таңда Гарвардтың Extension мектебінде жобаларды басқару бойынша екінші магистратурамды аяқтап жатырмын. Бұл – академиялық жол ғана емес, бұл —меніңөмір мектебім.

Шетелде білім алу менің көзқарасымды, дүниетанымымды өзгертті, маған қорқынышымды жеңуді, жаһандық деңгейде ойлауды және ең бастысы,елімді қалтқысыз сүюді үйретті. Білесіз бе, жырақта жүргенде туған жердің қадірі қатты білінеді екен. 11 жыл бойы басқа елде, өзге мәдениет аясында өмір сүру мені басқа адамға айналдырды. Кәсіби тұрғыдан алғандамүмкіндіктердің шекарасы жоқ екенін түсіндім. Егер қолыңда дағды мен білім болса, әлемнің кез келген жерінде еңбек ете аласың. Бірде «Нұр-Мұқасан» тобының орындауындағы «Не пайда?» термесін тыңдадым. Ондағы «Бұл өмірден не пайда, Халқыңа қызмет етпесең?» деген сөз ой салып, білгенімді, оқығанымды елімнің игілігіне жаратпасам, ол білімнен пайда жоқтығын жан-жүйеммен ұқтым. Осылайша елге қайтуға бел байладым. Бұл – азаматтық борышым деп ұқтым. Алған білімім мен жинаған тәжірибемді, әсіресе жасанды интеллект пен білім беру саласындағы білгенімді еліммен бөліскім келді. Әрбір қазақ ұлтына, еліне қызмет етуі керек деп санаймын.

— Бүгінде ұстаздарға жасанды интеллект құралдарын үйретіп жүр екенсіз. Бұл саладағы тәжірибеңіз қандай? Қайдан үйреніп жүрсіз?

—  Қазір Ақтөбе облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығында жұмыс істеп жатырмын, мұғалімдерді ЖИ құралдарымен таныстырып, оларды сабақта қалай тиімді қолдану керегін үйретіп жатырмыз. Қазір әлемде 27 мыңнан астам ЖИ құралы бар. Оның ішінде керегі де, керегі емесі де жетерлік. Біздің мақсат — мұғалімдерге ең тиімділерін үйрету.

Қазіргі уақытта мектептер мен колледждерде арнайы клубтар ашып жатырмыз. Бұл клубтардың миссиясы — аптасына бір рет болса да мұғалімдердің басын қосып, жаңа құралдарды талқылау, тәжірибе алмасу. Біз тек шектеулі бір-екі құралмен қалып қоймай, ұстаздардың қызығушылығын оятып, олардың цифрлық көкжиегін кеңейтуді көздейміз.

Шынымды айтсам, мен IT саласының кәсіби маманы емеспін. Дегенмен АҚШ-та оқып жүрген кезімде технология әлеміндегі және қоғамдағы өзгерістерді үнемі бақылап отыруға тырысатынмын. Магистратураның соңғы семестрінде оқып жүргенімде, 2022 жылдың қарашасында YouTube желісін ақтарып отырып, бірнеше блогердің жаңа бір құрал туралы таңдана айтқан пікірлерін көріп қалдым. Бұл ChatGPT-дің алғаш шыққан кезі еді. Мен де бірден тіркеліп, қолданып көрдім, қатты таңғалдым.Бұл жай ғана қосымша емес, үлкен өзгерістің басы екенін сездім. Ол кезде мектептер де, университеттер де бұған мүлде дайын емес болатын. ChatGPT сияқты құралдар тіпті ағылшын тілінде де толық жетілмеген, академиялық орта да абдырап қалған еді. Профессорлар бұл құралды қалай қабылдау керегін, студенттерге қалай түсіндіру қажеттігін білмеді. Бұл бәріміз үшін — студенттер үшін де, оқытушылар үшін де — үлкен, таңғаларлық жаңалық болды.

Қазір АҚШ университеттерінде жасанды интеллектіні оқыту мүлде басқа деңгейге көтерілді. Көптеген жоғары оқу орындарында арнайы ЖИ стратегиялары құрылып, жаңа орталықтар ашылып, курстар енгізіліп жатыр. Бағыт дұрыс, стратегия бар.

Дегенмен бұл сала әлі де толық қалыптасып біткен жоқ. Оның этика мәселелері, қолдану ережелері және академиялық адалдықты сақтау жолдары әлі де зерттеліп жатыр. Ең үлкен мәселе — инфрақұрылым мен адами капитал. Жаңа бағдарламалар болғанымен, мұғалімдерді жүйелі оқыту, нақты саясат пен техникалық қамтамасыз ету жағы әлі де жетіспейді.

— Сол ортада жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолданып көре алдыңыз ба? Оқу барысында қандай жобалармен айналыстыңыз?

—  Соңғы семестрде, оқуымды аяқтауға жақындағанда, зерттеуші-кәсіпкер болуға қадам бастым. ЖИ-ды қолдануды тікелей тәжірибеден өткізіп, өз әлеуетімді барынша арттыруға тырыстым. Ол кезде жергілікті шағын бизнестерге арнап, қарапайым маркетингтік жоспарлар жасауды қолға алдым. ЖИ арқылы суреттерді өңдеп, визуалды контент дайындап, сол қызметтерімді саттым. Ол кезде қазіргідей сурет өңдеу технологиясы қатты дамымаған еді, бірақ мен нарықтағы орташа бағамен қызмет көрсетіп, теориялық білімімді нарық талаптарымен ұштастырдым. Студент кезімнен бастап монетизация жасауды үйрендім. Университет қабырғасында жүргенде өзімнің шағын тасымалдау (moving) бизнесімді жүргіздім. Бұл компания бастапқыда университеттегі бөлімге көмек көрсету мақсатында құрылған болатын, кейін нағыз кәсіпке айналды. Сол компаниямның жұмысын оңтайландыру үшін де жасанды интеллектіні белсенді қолдандым. Логистиканы реттеу, клиенттермен қарым-қатынас, деректерді өңдеу  бағытында ЖИ менің «виртуалды көмекшім» болды. Білім тек аудиторияда қалмауы керегін, ол нақты мәселелерді шешетін құралға айналуы қажет екенін ұқтым.

«Біз қорқынышты емес, жауапкершілікті таңдауымыз керек»

— «Ақылды» технологияның пайдасымен бірге зияны да бар екені ақиқат. Ғалымдар, мәселен, Фрэнсис Фукуяма деген ғалым бұл үдерісті «постантропологиялық» немесе «постадами дәуір» деп атауды ұсынады. Жалпы жасанды интеллектінің адамзатқа пайдасы мен зияны туралы философиялық тұрғыда нақты рефлексия жасалды ма?

—Фукуяма «постантропологиялық» болашақ туралы айтқанда, технологияның адам табиғатын өзгертіп жіберу қаупін меңзейді. Егер біз генетикалық инженерия мен нейротехнологияларды бақылаусыз қолдансақ, «адам құқығы» негізделген биологиялық және моральдық іргетас шайқалуы мүмкін. Жасанды интеллектінің ең үлкен қаупі — «Терминатор» сценарийі емес, оның біздің құндылықтарымызды,шындық пен жалғанның аражігін бұзуында жатыр. Қазірдің өзінде deepfake технологиялары мен алгоритмдік манипуляциялар қоғамдық пікірді, сенімді шайқалта алатынын көріп отырмыз.  Егер біз құқықтық және этикалық негізді дұрыс қаламасақ, цифрландыру сенім дағдарысына әкелуі мүмкін.

Ең маңызды қағида — жауапкершілік адамның мойнында болуы керек. ЖИ қандай шешім ұсынса да, соңғы сөзді адам айтады. Шетелде этика мәселесіне қатты мән беріледі. Ол жай ғана «тыйым салу» емес, саналы жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға негізделген. Еуропада «ЖИ Act» жүйесі, АҚШ-та арнайы стандарттар бар. Олардың басты принциптері — адам құқығын қорғау, деректердің құпиялылығы және ашықтық. Бізге де осы тәжірибені енгізу өте маңызды. Этика –қорқыныш емес, ол қауіпсіздік белдігі сияқты, бізді қорғайтын механизм.

Техникалық тұрғыда ЖИ адамның когнитивті функцияларын — есептеуді, болжауды, тіпті шығармашылық мәтін құрауды керемет модельдей алады. Бірақ «адам секілді модельдеу» мен «адам болу» —екібөлекдүние. ЖИ-дасубъективтітәжірибе, яғни «ішкіәлем», сезім, ар-ожданжоқ. Ол—статистиканыңшебері, бірақмағынаныңиесіемес. Философтар«сананытолықкөшіру»мүмкінемесіналғатартады. Сондықтанұстаздың, тәрбиешінің, жалпыадамныңорнын машина баса алмайды, әрине, машинаақпаратбереалады, бірақолжанашырлықты, даналықтыүйретеалмайды.

—Жалпы, қазіргі уақытта жасанды интеллект қай салаларда тиімді қолданылып жатыр? 

— Қазір біз «тектоникалық өзгерістер» кезеңінде тұрмыз. McKinsey-дің, басқа да халықаралық зерттеулерге сүйенсек, қазір ЖИ ең қатты қарқын алған салалар —денсаулық сақтау, қаржы және білім беру саласы. Жиі қайталанатын, нақты ережесі бар, деректерге негізделген жұмыстарда — мысалы, стандартты есептер шығару, құжат өңдеу, ақпарат іздеу жұмыстарында — ЖИ адамнан әлдеқайда жылдам әрі қатесіз жұмыс істейді. Алайда эмпатия, күрделі этикалық шешім қабылдау, оқушының көзіндегі ұшқынды байқап, оған рухани қолдау көрсету —тек адамның қолынан келетін іс. Робот қанша жерден ақылды болса да, оның «жаны» жоқ. Философиялық тұрғыдан алғанда, адам — мақсат пен жауапкершіліктің иесі, ал ЖИ  сол мақсатқа жетудің құралы ғана. Сондықтан дәрігердің жылы сөзін немесе ұстаздың тәрбиелік рөлін технология алмастыра алмайды. Біз ЖИ-дің қаупін қорқынышпен талқылап отыра бергенше, оны игеруіміз керек. Біріншіден, бұл — уақытты үнемдеу. Екіншіден, бұл — шексіз білім алу мүмкіндігі.

Бірақмұныңекіншіжағы да бар. Егербізбарлықойлаупроцесін ЖИ-ғатапсырыпқойсақ, сыниойлауқабілетімізденайырылыпқалуымыз мүмкін. Ұстаздар оқушыларға дайын жауапты көшіріп алуды емес, ЖИ-ды қолдана отырып, одан да күрделі мәселелерді шешуді үйретуі керек. Болашақта ЖИ-дан қорыққан адам емес, ЖИ-мен бірге жұмыс істей алатын адам озады. ЖИ — біздің бәсекелесіміз емес, ол біздің «супер-күшіміз». Тек тізгінді өз қолымыздан шығармай, оны басқарушы, ал өзімізді жауапты тұлға ретінде сезінуіміз керек. «ЖИ — серіктес, адам — басқарушы» — біздің ұстанымымыз осы болуға тиіс.

— Жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуы ұстаздар арасында қызығушылықпен бірге белгілі бір үрей де тудырып отыр. «Балалар ойланудан қалады» деген де пікір бар. Сіз осы салада жүрген маман ретінде білім беру саласында ЖИ-ді қолдану мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

— Өз тәжірибеме сүйенсем, жасанды интеллект, ең алдымен, жекелендірілген оқытуға (personalization) үлкен мүмкіндік беретін құрал. Әр оқушының деңгейіне, қабылдау қарқынына және мақсатына қарай жеке оқу траекториясын құру бұрын қиял сияқты болса, қазір шындыққа айналды. Бұл бір сыныпта отырған, білім деңгейі әртүрлі оқушылармен жұмыс істеуді мұғалім үшін әлдеқайда жеңілдетеді.

Екіншіден, бұл — уақытты үнемдеу. Бағалау, тест құрастыру, материалдарды бейімдеу сияқты қайталаната беретін жұмыстарды ЖИ өз мойнына алады. Нәтижесінде мұғалімнің оқушымен тікелей қарым-қатынас жасауға, тәрбиелік және шығармашылық жұмыстарға көбірек уақыты қалады. ЮНЕСКО мен басқа да халықаралық ұйымдар ЖИ-дың инклюзивті білім беруде, яғни ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолжетімділікті арттыруда нақты нәтиже бере бастағанын айтып отыр. «Мұғалімнің рөлі төмендеп кетпей ме?» деген сұрақ туындауы мүмкін, менің айтарым: керісінше, мұғалімнің рөлі жаңа деңгейге көтеріледі. ЖИ-ды шектен тыс қолдану оқушының сыни ойлау қабілетіне әсер етуі мүмкін, сол себепті мұғалімнің орны ешқашан жойылмайды. Халықаралық терминологияда «teacher-in-the-loop» деген ұғым бар, яғни мұғалім процестің ортасында, басты рөлде қалады. ЖИ — мұғалімді алмастыратын емес, оны күшейтетін «супер-құрал».

«Болашақтың кемесіне» мінуге мүмкіндігіміз бар, қазір біз үшін есік ашық тұр»

— Қазақстан қазіргі таңда цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты. Осы орайда еліміздегі жасанды интеллекттің даму қарқынын қалай бағалайсыз? Біз қай деңгейдеміз?

— Біздің деңгейді «орташа, бірақ қарқынды даму жолында» деп сипаттауға болады. Рас, біз әзірге әлемдік державалардың қатарында емеспіз, бірақ Орталық Азия өңірінде көшбасшылыққа ұмтылып отырған елміз. Бұл мақсатта мемлекеттік деңгейде нақты қадам жасалып жатыр: 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданды, ұлттық ЖИ стратегиясы әзірленіп жатыр. Alem.ЖИ орталығының ашылуы, қазақтілді AlemLLM моделінің жасалуы және суперкомпьютерлік инфрақұрылымды іске қосу жоспарлары, Astana Hub пен түрлі акселератор арқылы стартап экожүйесінің қалыптасып келе жатқаны үлкен үміт сыйлайды.

Дегенменмәселелер де бар. Біріншіден, кадр тапшылығы өткір сезіледі. ЖИ құралдарын жай ғана қолданатын емес, оның логикасын, тәуекелдерін түсініп, стратегиялық тұрғыда басқара алатын мамандар аз. Екіншіден, деректер сапасы мен инфрақұрылым мәселесі және бар. Көптеген ұйымда деректер жүйеленбеген, ал күрделі модельдерді өндіріске енгізу үшін қажетті есептеу қуаты мен бұлттық сервистер жетіспейді. Үшіншіден, реттеу мен этика жағы әлі толық қамтылмаған. Соның салдарынан көптеген жоба «пилоттық» деңгейден аса алмай қалып жатады.

—  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық державаға айналдыруды стратегиялық мақсат етіп қойды. Бұл өте ауқымды амбициялық мақсат. Сіздің ойыңызша, бұл мақсатқа жете аламыз ба?

— Меніңше, бұл бастаманың дәл қазір көтерілуі — өте дұрыс әрі сәтті қадам. Әлем жасанды интеллект пен жаңа цифрлық технологиялардың келесі кезеңіне өтіп жатыр және Қазақстан осы толқынды кешіктірмей ұстап қалуға мүмкіндік алды. Президенттің бұл мәселені стратегиялық деңгейге көтеруі бізге «қуып жетуші» рөлінен шығып, кейбір бағыттарда жаңа модельмен алға озуға жол ашады. Мүмкіндік бар ма? Әрине, бар. Бірақ бізге сапа мен тереңдік қажет. Яғни цифрлық держава болу — тек қуаттысерверлер мен суперкомпьютерлерорнатуемес. Еңбастысы—адам капиталы. Бір миллион адамға ЖИ-ді үйрету жоспары бар, бірақ бұл формальды түрде сертификат берумен шектелмеуге тиіс. Жасанды интеллект сауаттылығы мектеп мұғалімінен бастап, дәрігер мен мемлекеттік қызметкерге дейін күнделікті дағдыға айналуы қажет. Екіншіден, этика мен жауапты қолдану мәдениетін қалыптастыруымыз керек.

—  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекені ерекше атап өтті. Сіздің ойыңызша, Президент неге дәл осы екі елді мысалға келтірді және бұл бәсекенің түпкі мәні неде?

—  Бұл сұрақтың астары өте тереңде жатыр. Меніңше, Президенттің бұл мәселені көтеруі технология туралы ғана емес, болашақ әлемнің «ойын ережелерін» кім жасайтынын меңзейді. Президенттің сөзі — біз осы алыптардың бәсекесін сырттан бақылап қана қоймай, осы жаңа әлемде өз орнымызды табуымыз керек дегенге саяды.Президент: «халықтың ой-санасы инновацияға дайын», — деді. Меніңше, мұны екі қырынан қарау керек. Біздің ұлттық менталитетіміз ғажап — жаңа нәрсені өте тез қабылдай аламыз. Kaspi, Halyk, eGov, QR-төлемдер біздің өмірімізге қалай сіңіп кетті? Кейбір цифрлық сервистер бойынша біз тіпті АҚШ пен Еуропаның дамыған елдерінен де озып тұрмыз. Бұл біздің мобильді, икемді екенімізді және өмірді жеңілдететін кез келген инновацияны бірден іліп әкететінімізді көрсетеді. Демек, халықтың психологиялық дайындығы бар.

Алайда, екінші жағы — институционалдық дайындық. Бұл бағытта әлі атқарар шаруа көп. Технологияны тұтыну бір бөлек, оны жасау, басқару және сол арқылы құндылық қалыптастыру — мүлде басқа деңгей. Бізде әлі күнге дейін білім мен практика арасында алшақтық бар. Халық жаңа құралды қолдануға дайын болғанымен, оның қалай және не үшін жұмыс істейтінін терең түсіне бермейді.

— Сонда бұл алшақтықты қалай жоямыз? Әсіресе білім беру саласында қандай қадамдар жасалуы керек?

—  Болашақта елдің қуаты мұнаймен немесе жер көлемімен емес, адам капиталымен өлшенеді. Бұл бәсекеде жеңу үшін бізге «сауатты тұтынушылар» емес, «саналы жасампаздар» қажет.

Біз жастарға жасанды интеллектіні жай ғана дайын жауап алу үшін емес, сыни ойлау құралы ретінде пайдалануды үйретуіміз керек. «Жауап бере алатын» ұрпақ емес, «дұрыс сұрақ қоя алатын» ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Менің қазіргі миссиям — мұғалімдер мен жастарға ЖИ технологияларын этикалық, академиялық адалдықпен және шығармашылықпен қолдануды үйрету.

АҚШ-та мен байқаған басты қасиет — «қателік жасаудан қорықпау». Олар сынайды, қателеседі, түзетеді және қайта жасайды. Бізге де осы мәдениетті, яғни «proof of impact» (нәтижеге бағдарланған) тәсілін білім беру жүйесіне енгізу керек. Қағазбастылықтан арылып, нақты деректермен жұмыс істейтін мәдениет қалыптастырсақ, ұтылмаймыз.

— Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастайтынын айтқан болатын. Сіздің ойыңызша, Қазақстан осы «болашақтың кемесіне» мініп үлгере ме?

—  «Болашақтың кемесіне» мінуге мүмкіндігіміз бар, қазір біз үшін есік ашық тұр. Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы» деп жариялауы, ЖИ туралы заң жобасы, ұлттық суперкомпьютер құру бастамалары — мұның бәрі институционалдық негіздің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Егер бұл бастамалар тек Астана деңгейінде қалып, ауылға, өңірлерге жетпесе — кеме кетіп қалады, ал біз жағада қалып қоямыз. Ең басты шарт — инфрақұрылым ғана емес, адами капитал. Сол себепті біз технологияға емес, ең алдымен мұғалімдердің біліктілігіне, мемлекеттік қызметкерлердің көзқарасына және жалпы ойлау жүйесіне инвестиция салуымыз керек.

Astana Hub пен суперкомпьютерлер —керемет мүмкіндік, үлкен сахна. Бірақ сол сахнада өнер көрсететін басты кейіпкер — адам. Егер біз 2030 жылға дейін 1 миллион адамды ЖИ дағдыларына үйретеміз деген жоспарды сапалы орындасақ, білім мен технологияны дұрыс ұштастырсақ, Қазақстан тек тұтынушы емес, ЖИ әлеміндегі бәсекеге қабілетті креатор елге айналады.

—Жасанды интеллект (ЖИ) дамыған сайын адамдар «Менің мамандығым керек болмай қала ма?» деп алаңдайды. Шынымен де, ЖИ кейбір мамандықтарды жойып жіберуі мүмкін бе?

— Бұл мәселеге үреймен емес, байыппен қарау керек. Иә, кейбір мамандықтар толық немесе жартылай тарих қойнауына кетуі мүмкін. Әсіресе стандартты және деректерге негізделген кеңсе жұмыстарымен айналысатындарға қиын болуы мүмкін. Мысалы, деректерді енгізу (data entry), қарапайым құжат сұрыптау немесе call-орталықтардағы стандартты сұрақтарға жауап беру сияқты қызметтерді ЖИ жүйелері адамға қарағанда әлдеқайда тез әрі арзан жұмыс күші ретінде атқара алады. Тіпті қазірдің өзінде базалық деңгейдегі аударма мен транскрипция жұмысы автоматтандырылып жатыр.

Мұғалім, дәрігер, инженер сияқты жоғары білікті мамандар жойылмайды. ЖИ дәрігерге диагноз қоюға көмектеседі, бірақ шешімді дәрігер қабылдайды. Мұғалімнің қағазбасты жұмысын ЖИ атқарады, ал ұстаз оқушымен тікелей жұмысқа, тәрбиеге және шығармашылыққа көбірек уақыт бөле алады. Адамдармен тікелей қарым-қатынас, эмпатия, күрделі шешім қабылдауды талап ететін салаларда ЖИ мамандықты жоймайды, тек оның форматын өзгертеді.

—  Осы тұста өзіңіздің болашақ жоспарларыңызға тоқталсақ. Еліміздің цифрлық держава болуы үшін қандай үлес қосар едіңіз?

— Менің болашақ жоспарларым Қазақстандағы адами капиталды дамытумен тікелей байланысты. Еліміздің цифрлық держава болуы жолында өз үлесімді үш бағытта қосқым келеді: Біріншіден, білім беру саласындағы жұмысымды жалғастырамын. АҚШ-та алған білімім мен халықаралық тәжірибемді елімізге бейімдеп, жастардың сыни ойлау қабілетін дамытқым келеді.Менің фокусым —  мұғалімдер мен жастарда. Оларға ЖИ-дан қорықпай, оны сыни ойлау мен шығармашылықты дамыту үшін қалай қолдану керектігін үйреткім келеді. ChatGPT сияқты құралдар академиялық адалдықты бұзу үшін емес, білім сапасын арттыру үшін қызмет етуге тиіс. Мұғалімдерге сабақ жоспарлаудан бастап, бағалау критерийлерін құруға дейін көмектесетін, ал оқушыларға академиялық адалдықты сақтай отырып білім алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар жасауды жоспарлап отырмын. Екіншісі — мазмұн. Бізге қазақстандық контекстке бейімделген, қазақ тіліндегі сапалы оқу материалдары мен практикалық кейстер ауадай қажет. Ұлттық тілдік модельдеріміз (KazLLM) сапалы жұмыс істеуі үшін оларды сапалы деректермен және сценарийлермен байытуға атсалысамын.

Үшіншісі — халықаралық байланыс. Шетелдік университеттер мен EdTech компанияларымен байланыс орнатып, бірлескен жобалар мен менторлық бағдарламаларды дамытуды көздеймін. Ұзақ мерзімді мақсатым — Қазақстанда білім, технология және таланттарды біріктіретін тұрақты экожүйе құру. Жастарымыз шетелге кетпей-ақ, өз елінде әлемдік деңгейде дамып, бәсекеге қабілетті болғанын қалаймын.

—  Сұхбатымыздың соңында оқырмандарымызға, әсіресе ұстаздар қауымына қандай ой айтар едіңіз?

—  Болашақ дайын шешімді күтпейді, оны қазірден бастап дұрыс қадам жасаған елдер жасайды. Жасанды интеллект, суперкомпьютерлер, цифрландыру — бәрі маңызды құралдар. Бірақ олардың тағдырын шешетін — осы елдің адамдары, осы елдің жастары. Өз ойымды алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың сөзімен түйіндегім келеді: «Мен жастарға сенемін». Бұл жолы оны тек поэтикалық ұран ретінде емес, Қазақстанның цифрлық болашағына деген нақты сенім, прагматикалық формула ретінде қабылдаймын. Бірлік бар жерде — тірлік бар, бәріміздің мақсатымыз бір — қуатты Қазақстанды құру.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button