Басты жаңалықтарЭкономика

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы: өндіріске бетбұрыс

Бір жыл бұрын Ақтөбеде арнайы экономикалық аймақтың құрылғаны белгілі. Еліміздегі әртүрлі салалық бағыттағы 17 арнайы экономикалық аймақтың бірінің ерекшелігі неде? Инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту құралының бүгінгі тынысы мен онымен тікелей жұмыс істейтін қаржы институттары басшыларының пікірін білген едік…

Бір жылдағы белес

Атқарушы биліктің облыста арнайы экономикалық аймақ құрудағы негізгі мақсаты —инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту. Жобаны іске асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі артады, сондай-ақ экономикадағы сабақтас салалардың дамуына серпін беріледі деп жоспарланған. Әу бастағы мақсатқа жетудегі талпыныстар қалай?

— «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы Үкіметтің 2025 жылғы 8 қаңтардағы №3 қаулысы бойынша құрылды. Негізгі акционеріміз — облыс әкімдігі.

Басқарушы компанияның негізгі міндеттері өңірдің экономикалық өсімін, инвестициялық ахуалын жақсартуға және өнеркәсіптің жаңа өсу тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Аймақ Ақтөбе қаласының оңтүстік бөлігінде, Оңтүстік айналма жол бойында орналасқан. Жалпы аумағы — 858 гектар. Оның ішінде 571 гектар өндірістік және логистикалық нысандарды орналастыруға арналған өнеркәсіптік аймақ болса, 287 гектар аумақты Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы алып жатыр.

Арнайы экономикалық аймақ аясында көлік-логистикалық және өнеркәсіптік бағыт бойынша негізгі 29 сала қамтылған. Қазіргі заманғы өндірістерді құруға, инновациялық технологияларды енгізуге және отандық әрі халықаралық жетекші компанияларды тартуға басымдық беріледі.

Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары ретінде экономиканың түрлі секторында қызмет ететін жергілікті және шетелдік инвесторлар тартылады. Сонымен қатар бірнеше компанияның бірлескен жобаны іске асыруына және ортақ ресурстарды пайдалануына мүмкіндік беретін кластерлер құру көзделген.

Біздің негізгі артықшылығымыз — салық және кеден преференциялар. Қатысушылар кедендік төлемдерден, импорт кезінде корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босатылады. Атап айтсам, корпоративтік табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, қосылған құн салығы, импорттау кезінде кедендік баждар.

Қазіргі уақытта сыртқы инженерлік инфрақұрылым — электр, газ, сумен жабдықтау, сондай-ақ теміржол және автокөлік жолдарын тартуға арналған жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Құрылыс кезеңінде уақытша жарықпен қамтамасыз ету үшін 4,9 МВт қуатқа техникалық шарт алынды, — дейді «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Айтымбетов.

Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақтың әзірге 5 қатысушысы бар. Яғни олар логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, машина өңдеу, т.б. басым бағыттарды таңдаған.

Жаңа кәсіпорындардың ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал ететін басқарушы компанияның қызмет ету мерзімі 25 жылға қарастырылған, яғни 2049 жылдың соңына дейін белгіленген. Бұл инвесторларға тұрақтылықты, бизнестіжүргізудің болжамды шарттарын және жобаларды кезең-кезеңімен жүзегеасыру мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Сол арқылы импортты алмастыру мен экспорттық әлеуетті кеңейту көзделіп отыр.

«Мол мүмкіндік алаңы»

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Дидар Боранқұловтың айтуынша, Ақтөбе арнайы экономикалық аймағы көп ұзамай өнеркәсіптің қозғаушы күшіне айналады. Экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасап, инновациялық өндіріске жол ашатын құрылым жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.

—Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлегенсөзінде инвестиция тарту экономиканы өсірудің басты тетігі екенін атап өтті. Қазіргі кезде ел Үкіметі бизнеске қажетті жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Соның бір көрінісі — осы арнайы экономикалық аймақ.

Инвестиция —әр өңірдің экономикалық дамуына ықпал етеді десек, бұған да қатысы бар Ақтөбе арнайы экономикалық аймағынан күтеріміз көп. Әрі Ақтөбе —өнеркәсібі, логистикасы дамыған, қуатты индустриялық және инвестициялық өңірдің бірі.

Жыл санап инвесторлардың өңірге қызығушылығы артып келеді. 2025 жылы негізгі капиталға 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салынды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда, 32 пайыз көп. Негізгі инвестиция өңдеу, энергетика және инфрақұрылым салаларына бағытталған. Бұл өңір экономикасына деген сенімді көрсетеді.

Осы орайда Ақтөбе арнайы экономикалық аймағыөңір дамуының негізгі құралдарының біріне айналады деп есептеймін. Басқарушы компания инвестиция тарту мен шикізаттық емес секторды дамытуда маңызды механизм болып отыр. Ол преференциялар, дайын инфрақұрылым және жобаларды қолдауды ұсынады. Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан прокуратурамен бірлесіп, бизнес құқықтарын қорғау мен инвестициялық жобаларды демеуді жалғастыра береді. Ең бастысы, бұл ең бірінші кезекте кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өткім келеді, — дейді ол.

 «АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар 2019 жылдан бері жұмыс істейді.

Экономикалық әлеуетімізді күшейту үшін…          

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Аягүл Рамазанованың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтың өкілдерімен әріптестік әзірге орнай қоймаған. Дей тұрғанмен мемлекеттік қолдау туралы мәлімет сұрап, кеңес алатындар бар екен.

Енді ғана құрылған экономикалық аймаққа 5-ақ компанияның мүше екенін білемін. Бұл өте аз. Бірақ біздің мамандар жақында өткен «Арнайы экономикалық аймақ — бизнесті дамытудың құралы» бизнес-кездесуде грант, несиелеріміз туралы хабардар етті.    

Қай тараптың болсын, басты көздегені экономикалық әлеуетімізді күшейту екені сөзсіз. Осы жолда біздің қор бірталай мемлекеттік қолдау шарасынұсынады. Айталық,Мемлекет басшысының 2025 жылғы 5 желтоқсандағы шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Іскер аймақ» бағдарламасы әзірленді.Шағын кәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған жоба аясында 200 миллион теңгеге дейін қарыз алуға болады. Субсидиялау мөлшерлемесі — номиналдық сыйақы мөлшерлемесінің 40 пайызы, бұл ретте қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық 12,6 пайыздан кем емес екенін атап өткім келеді. Бұл 3 жылға дейін мерзімге беріледі. Ең бастысы, жаңа жұмыс орындарын құрып және табысты ұлғайтса болды.

Сол сияқты былтыр «Даму» қоры микро, шағын және орта жеке кәсіпкерлік субъектілеріне арналған «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосты.Бағдарлама аясындағы қаржыландыру келесі тәртіпте қалыптастырылады:
45 пайызы — «Даму» қорының қаражаты есебінен, 55 пайызы — серіктес банктердің қаражаты есебінен. Негізгі шарттарға келсек, инвестициялық мақсатқа қарыз сомасы 7 миллиард теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3,5 миллиард теңгеге дейін беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі —12,6 пайыз.

Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау, мал шаруашылығы, қызмет көрсету саласы, жылжымайтын мүлік операциялары, сондай-ақ қалдықтарды жинау және қайта өңдеу сияқты экономиканың басым салаларын қамтиды, — дейді қаржы институтының өкілі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button