Басты жаңалықтар

Қазақ баспасөзінің бастауы

2024 жылдан бастап елімізде жаңа ресми мереке — Ұлттық басылым күні пайда болды. Бұл атаулы күн үшін 2 ақпан таңдап алынды. Өйткені 1913 жылы 2 ақпанда Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген еді.

Тарихтан мәлім, ХХ ғасырдың басы халқымыз үшін тағдыршешті кезең, сын сағаттың бірі болды. Ондай сында талай жұртбірлігін сақтап қала алмай, бытырап кетті…

Білекке сенген заманда халыққа қызмет етудің жолы батырлық болатын. Бірақ ол заманбіржола келмеске кетті. Ең алдымен «елім» деген ерлеріне сүйенген, сол сенім рухына әбден сіңген жұрт ертеңі не боларын білмей, қалың бір тұманның ортасында қалғандай еді.

Мағжанның сипаттауына үңілсек:

«Елдік, ерлік, бірлік, қайрат, бақ, ардың —

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз — бабам тілі, сен қалдың»…

Ендігі жерде ел болып, біртұтас халық болып сақталып қалу мақсатындағы күрестің бірден-бір жолы әрі өркениетті түрі халықты ортақ мүддеге тіл арқылы жұмылдыру еді. Яғни туған тілді қару еткен баспасөз арқылы. Міне, осы істі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы бастаған қайраткерлер мықтап қолға алды.Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев: «Қазақ» газеті белгілі дәрежеде сол кезеңдегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ең белсенді қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлының үлкен еңбегінің ортақ жемісі еді», — деді. Астын сызып оқыңыз: «сол кезеңдегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ең белсенді қайраткерлері» деп атап көрсетті.

«Қазақ» газетінің алғаш жарыққа шыққан күнінің — Ұлттық басылым күні боп бекітілуінің осындай тарихы бар.

Газеттің атына арнайы тоқталған Ахмет Байтұрсынұлы «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып көмектесіп, қызмет ету— қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі — осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік», — деп үндеу тастады. Оны қолдағандар аз болған жоқ. Мысалы, Ораз Тәтеұлы, Мұстафа Оразайұлы, т.б. ел ішіндегі көптеген беделді адамдар газетке демеушілік көрсетті.

Ал басылымда қызмет еткендер мен оның белсенді авторларының қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Жұмағали Тілеулин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Райымжан Мәрсекұлы, Мағжан Жұмабаев, Хайретдин Болғанбаев, Халел Ғаббасов, Жақып Ақбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Халел Досмұхамедұлы, т.б. болды. Зерттеушілердің дерегі бойынша, Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне 250-ден астам жарияланым (мақала, зерттеулер, аударма) шығарған.

Газеттің оқырманы да көп болды. Ауыл-ауылдардағы беделді адамдардың бәрі дерлік «Қазақты» жаздырып алған. Газет тіпті Қытай жағының қазақтарына дейін жеткен.

Әсіресе қазақ жастары бұл басылымды үлкен бір үмітпен қарсы алып, жан-жақтан құттықтау хаттар жолдаған. Мысалы, Мұстафа Шоқай бір топ студенттермен бірге жазған хатында екі мәселе көтерген: біріншіден, газет халықтың бірлігіне, бір-бірінің хал-жайын біліп отыруына ұйытқы болса дейді; екіншіден, тіл тазалығы мәселесіне қозғау салады. Білімді азаматтар газетке мақала жазғанда парсы, ноғай, орыс сөздерін «…кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазып тұрса, «Қазақ» қалың жұртымыздың оқып тұруына оңды, түсінімді болар еді», — дейді.

«Қазақ» газеті Орынбордағы Каримов, Хұсайыновтар баспаханасынан шығып тұрды. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Бастырушысы — «Азамат» серіктестігі. 1918 жылы жабылып қалғанға дейінгі аралықта 265 нөмірі жарық көрді.

Кейіннен «Алаш» партиясын құрған; 64 күн өмір сүрген Түркістан автономиясының басшылығында болған; ХХ ғасыр басында қазақтың территориясын түгендеп, большевиктермен келіссөздер жүргізген қайраткерлер; жер-жерлердегі мектептерде халықты білімге сусындатып, ел ішінде ең беделді тұлғалар болған мұғалімдер, ХХ ғасырдың басында қазақтың әдебиеті мен баспасөзінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлер  — қай-қайсысын алсаңыз да, осы «Қазақтың» айналасында топтасқан азаматтар еді.

Ұлттық басылым күнінде біз сол кезеңде жарық көрген басқа да бірқатар қазақ басылымдарын оқырман есіне сала кеткіміз келеді. Олардың бірі «Қазақстан» газеті. Бұл газет 1911-1913 жылдарда алдымен Орда, соңғы айларда Орал қаласында шыққан. Газет үш тілде — қазақ, татар, орыс — шықты. Редакторы — Елеусін Бұйрин. Газетте, негізінен, білім алу, мәдениет және отырықшылық мәселелері қозғалды. Жарияланымдардың авторлары — Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Мәметов, т.б.Соның ішінде белгілі заңгер Б.Қаратаевтың өмірінің соңғы жылдары Ақтөбеде өтті, оның зираты да Ақтөбе қаласының аумағында. Ал А.Мәметов — Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың әкесі. Бүгінде біздің «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның музейінде

«Қазақстан» газетінің көне нөмірлерінің бірі сақтаулы тұр.

Қазақ тіліндегі алғашқы басылымдардың тағы бірі — «Айқап» журналы 1911-1915 жылдары Троицк қаласында шығып тұрды. Алғашқы редакторы — Мұхамеджан Сералин. Басылымның 88 нөмірі жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бекет Өтетілеуов,  Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, Нұрғали Құлжанов, т.б. жазып тұрды. Журналға Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің шығармалары да жарияланған.

1917-1918 жылдары Семейде «Алаш» партиясының органы ретінде «Сарыарқа» газеті жарыққа шықты. Ал Қызылжарда «Үш жүз» газеті шығып тұрды. 1919 жылы Ойылда шыққан «Еркін қазақ» газетінің редакторы әрі бастырушысы жоғарыда есім аталған Ахмет Мәметов болды. Бұл басылымның бірінші нөміріндегі бас мақаланы Халел Досмұхамедұлы жазған. Сонымен бірге баспаханадағы татар жұмысшыларынан баспагерлік кәсіпті үйренсін деп, бірнеше қазақ баласын арнайы жұмысқа қабылдаған.

Осы басылымдарбасым жағдайда, тіпті өзара дау-дамайға түскен тұстарды ескергенде де, ұлттың сол заманғы жоғын түгендеу жолында тер төккен азаматтардың басын қосты. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген ғалымдардың бәрі де осыны атап көрсеткен. Осы орайда қазақ журналистикасының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұловтың біздің газетімізге берген сұхбатында айтқан пікірін де еске алдық: «Қазақ баспасөзі — о баста ұлтты жарыққа жетелеу үшін, ұлттың ертеңі үшін күрестен туған баспасөз. Ал ұлтшылықты құбыжық санаған, цензурасы күшті, партияның ықпалы күшті кеңес заманында да біздің ақын-жазушыларымыз, журналистеріміз ұлт тағдыры үшін күресудің, ұлттық ерекшелігіміз бен мәдениетімізге төнген қауіптерге қарсы күресудің әртүрлі әдістерін тапты. 1960-80 жылдардағы қазақтың әдеби басылымдарынан қазақылықтың иісі аңқитын. Сондықтан олардың қарапайым жұрт арасында беделі өте жоғары болды. Мысалы, «Жұлдыз» журналы одақтас республикалардың әдеби журналдары ішінде таралымы жағынан бірінші орынға шықты». («Ақтөбе», 2006 жыл, 22 маусым)

Қазіргі күні де қазақ баспасөзі елдік, ұлттық мәселелерді алдыңғы орынға шығарады. Қазақтың баспасөзі «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып қала беруі керек. Бүгінгі буын және болашақ журналистердің де ұстанымы осы болады деп сенеміз.

Кәсіби мереке құтты болсын!

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button