Басты жаңалықтарДенсаулық

Баланың басы ауырса…

Кейінгі жылдары балалар арасында бас ауруы, мазасыздық, ұйқының бұзылуы секілді неврология диагноздары  жиілеп барады. Әсіресе жаңа туған нәрестелерге «бассүйек ішіндегі қысым», «гидроцефалия» деген диагноз қойылғанын естіген ата-ананың уайымы үдейтіні жасырын емес. Бұл қандай дерт? Ол қаншалықты қауіпті және ата-ана нені білуі керек?

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біз облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Ақжібек Есқарамен сұхбаттасып, маманның пікірін білген едік…

Жас ананың шағымы

«Балам түнімен ұйықтамайды, жылап шығады. Бір айға тағайындалған ем-домды қабылдап болдық. Бүгін тексерілуге келсем, нәтиже мен күткендей емес екен. Дәрігер баланы көп жылатпа дейді. Жылап-еңіреп әрең ішетін балама тағы бір айға дәрі тағайындады. Тағы дәрі аламыз!Кейде жеке медицина орталықтары фармацевтикалық компаниялармен келісіп, пациенттеріне оңды-солды дәрі береді ме деп ойлаймын, — деп күдіктеніп тұрды бізгеемхана дәлізінде жолыққан жас ана. Мұндай күмән мен күдікті ішінара болса да құлағымыз шалып қалып жатады.Сондықтан  сұхбаттың басында ақ-қарасын ашып алуды жөн көрдім. Расымен, жеке медицина орталықтарына  жүгіну дұрыс па, бұрыс па? Аналардың алаңдауы орынды ма?
Ата-аналар көбіне бала емдетуге жеке медициналық орталықтарға жүгінеді. Себебі мемлекеттік емханадағы дәрігердің  қабылдауына  баруға жұмысының ыңғайы келмеуі мүмкін. Ал жеке орталықтар демалыс күндері де қызмет көрсетеді, сондықтан бұл көпшілікке  тиімді.Ал ем-домға келер болсақ, бір ай аралығында  жасалған ем бассүйек ішіндегі  қысымды түсірмеуіәбден мүмкін. Ондай жағдайда  тағы да ем-дом тағайындалып жатады. Оғанмедициналық орталықтың жеке немесе мемлекеттік екенінің түк қатысы жоқ.  Жеке емханалар  қалта толтыруды ғана ойлайды деу қате. Дәрігер ретінде айтарым: балаңыздың денсаулығы — бірінші кезекте жүйелі медициналық бақылауға байланысты.Бассүйек ішілік қысымның бірден түспеуі де қалыпты. Учаскелік дәрігер мен невропатолог барлық мәліметті, зерттеу қорытындыларын ескере отырып, нақты диагнозды анықтайды. Балаға тағайындалған ем  нәтиже бермеген жағдайда немесе қандай препаратты не себеппен тағайындады деген сұрақ туындаса, қорықпай, маманның түсіндіруін  сұраңыз. Ашық диалог — балаңыздың жағдайын дұрыс бағалау мен құлантаза айығып кетуінің кепілі. Ал фармацевтикалық компаниялармен ауыз жаласып  дәрі тағайындау дегенәншейін алыпқашпа әңгіме. Барлық ем шаразерттелген, клиникалық көрсеткішке негізделген жүйемен жүргізіледі, — дейді бөлім меңгерушісі.

Алғашқы тексерістен кешікпеңіз!

Дәрігердің айтуынша, бассүйек ішілік қысым — өздігінен пайда болатын дербес ауру емес, ол көбіне орталық жүйке жүйесіндегі белгілі бір бұзылыстың салдары.

Негізі, бассүйек ішіндегі қысым қалыпты жағдай. Әр адамның миында белгілі бір мөлшерде сұйықтық болады, оны медицинада ликвор деп атайды.Бұл сұйықтықтың белгілі бір мөлшері мен айналым тәртібі бар. Егер осы тепе-теңдік бұзылса, қысым жоғарылайды. Балаларда мұндай жағдай көбіне жүктілік пен босану кезіндегі қиындықтардан туындайды. Гипоксия, инфекциялық аурулар, жүктіліктің 40 аптадан асып кетуі — мұның барлығы баланың миына әсер етуі мүмкін,— дейді А.Төлегенқызы.

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, нәрестелерде бассүйекішілік қысымның жоғарылағанын бірнеше белгіден аңғаруға болады. Атап айтқанда, бала еңбегінің шамадан тыс үлкеюі, мазасыздануы, себепсіз жиі жылауы, қалтырап-дірілдеуі, сондай-ақ құсуы ата-ананы алаңдатуға тиіс. Мамандар мұндай белгілерге бейжай қарауға болмайтынын ескертеді. Себебі дер кезінде ем қабылданбаса, бұл жағдай баланың көру қабілетінің нашарлауына, дамуының кешеуілдеуіне, тіпті өмір бойғы мүгедектікке әкелуі мүмкін.Сонымен қатар білікті дәрігер мұндай диагнозы бар баланы құндақтап  қойып тербетуге, көп жылатуға болмайды дейді. Баланың  буыны қатпағандықтан ерекше күтім жасап, дәрігерге уақтылы көрсету керек деп ескертеді.
— Негізі, әр бес баланың біреуінде  кездесетін шағым—  осы бассүйекішілік қысымның жоғары болуы. Егер балада бассүйек ішілік қысым жоғары болса немесе оған қарсы көрсетілімі бар диагноз анықталса, баланы бесікке салуға болмайды. Себебі қатты құндақталған бала қол-аяғын қимылдатуға тырысып, ішкі қысымды одан әрі күшейтеді. Ал бесікті тербеткен кезде баланың басы шайқалып, миға қосымша ауырлық түседі,— дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, ата-аналардың басты қателігі — баланың мазасыздығын не мінезсіз болады, не суық тиді деген жорамалмен  уақытша құбылыс ретінде қарап, дәрігерге апармайды.  Ал кей жағдайда, керісінше, айқын белгілер болмаса да, интернеттегі ақпаратқа сүйеніп, өз бетінше ем жасайтындар кездеседі. Мамандар мұндай әрекет баланың ауруын асқындырып жіберуі мүмкін екенін ескертеді.

Бала туғаннан кейін бір айлығынан бастап медициналық тексеруденміндетті түрде өтеді. Жергілікті учаскелік дәрігер баланың басын, бойы мен салмағын, ұйқысын, жалпы  дамуын жан-жақты тексереді. Егер анасы  қандай да бір шағым айтса, ол осы аталған аурудың белгілеріне сәйкес келсе, онда міндетті түрде невропатологке және  арнайы ультрадыбыстық зерттеуге жібереміз. Ол жерде бәрі анық көрінеді. Невропатолог содан кейін ғана ем тағайындайды. Бассүйекішілік қысым деген диагноз тек жан-жақты тексеруден  соң қойылатынын ескертемін. Бір ғана белгімен қорытынды жасауға болмайды. Жалпы, жаңа туған нәрестелерде интракраниальды қысым қалыпты жағдайда 2-6 миллиметр арасында болады. Естияр  балада — 3-7 миллиметр, ал бала өскен сайын бұл көрсеткіш біртіндеп артып, ересектерде 7-15 миллиметр деңгейінде дейін жетеді,— дейді ол.

Маман сондай-ақ кей ата-аналардың екпеден бас тартуына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, егер баланың жағдайы тұрақты болса және қарсы көрсетілім болмаса, екпеден бас тартуға негіз жоқ.

Дәрігер баланың денсаулығын бақылап, неврологиялық симптомдар байқалмаса жоспарлы вакцинация  жасалады. Дегенмен кей жағдайда екпе салу шегерілуі  мүмкін. Мысалы, егер нәрестеде интракраниальды қысым жоғары болып, дәрігер ауыр патология  бар екенін растаған жағдайда, вакцинация кейінге қалдырылады. Мұндай шешімді тек педиатр немесе невропатолог қабылдайды. Басқа жағдайда баланың бассүйекішілік қысымы тұрақты болса, екпе қауіпсіз және баланың иммундық қорғанысын арттырады. Сондықтан ата-аналар интернеттегі ақпаратқа сүйеніп, өз бетінше екпеден бас тартпауға тиіс, — дейді ол.

Сонымен қатар сала мамандары емдеу тәсілі әр балаға жеке белгіленетінін айтады. Бұл бір дәрімен емделетін диагноз емес. Алдымен аурудың нақты себебі анықталады. Көп жағдайда қысымды дәрі-дәрмекпентүсіру, баланы тыныштандыру, ұйқы режимін қалпына келтіру жеткілікті болады. Кейбір күрделі жағдайларда хирургияның араласуы да қажет болуы мүмкін екен. Дәрігердің айтуынша, баланың толық айығуына таза ауада серуендеу, емдік массаж, бассейн, дұрыс тамақтану мен ананың психоэмоциялық жағдайы да оң септігін тигізеді.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button