Басты жаңалықтар

Қыс мезгіліндегі бет күтімі

Қыс мезгілінде ызғарлы желдің әсерінен адамның бет терісі құрғап, қызарып кетеді. Дерматокосметологтардың айтуынша, кез келген адам терінің күтіміне бейжай қарамауы керек. Осы орайда косметологиялық қызметтер мен бет күтімінің құпиясы туралы мамандардан білген едік…

Тері аурулары тұқым қуалайды

Арулар үшін келбетінің әдемі болуы маңызды. Қыз-келіншектер үнемі бет терісіне күтім жасап, оның әрдайым балғын болып тұруына мән береді. Бірнеше жылдан бері косметология саласында еңбек етіп жүрген дерматолог Ақбота Аймағамбетованың айтуынша, қазір адамдардың дені әлеуметтік желіде трендке айналған арнайы сертификаттаудан өтпеген өнімдерге әуес.

Мамандығым бойынша жалпы тәжірибелі дәрігермін. Кейіннен дерматолог мамандығында екі жыл оқыдым. Өкініштісі, қазір кейбір косметологтардың медициналық білімі болмаса да, косметологиялық қызмет түрлерін ұсынады. Жуырда ғана маған бет терісін ағартамын деп әлеуметтік желіден көрген капельницасын алған науқас жүгінді. Мен оны облыстық тері-венерологиялық диспансері мен аллергологке бағыттадым. Себебі науқастың бойындағы аллергиялық реакцияны қайтармайынша, оған ем тағайындау оның өміріне қауіп тудыруы мүмкін еді. Сондықтан әлеуметтік желідегі желдей ескен жарнаманың арбауына түспей, алдымен дерматологтің кеңесіне жүгінгеніңіз абзал. Дерматокосметолог ретінде кез келген адамға бет тазарту қызметін тағайындамаймын. Кейбір адамның беті өте сезімтал әрі жұқа келеді. Ондай жағдайда бетті нәрлендіру және ылғалдандыру процедураларын ұсынамын, — дейді А.Аймағамбетова.

Дерматологтің айтуынша, қыс мезгілінде іріңді жара, аллергиялық дерматиттер, псориаз, экзема сияқты тері аурулары жиі тіркеледі. Әсіресе сезімтал бет терісі түрлі тері ауруына бейім болып келеді. Мұндай адамдарда аллергиялық дерматиттер жиі кездеседі. Бетке безеу шығып, бет терісі зақымданғанда дерматолог пен косметологтің  қызметіне жүгінген жөн. Кей жағдайда дұрыс косметика таңдамаудың өзі бет терісінің аллергиясын тудырады.

Тері ауруларының 80 пайызы тұқым қуалайды. Дәрігер ретінде ем жасамас бұрын адамның анатомиясын толық зерттеймін. Бет терісінің балғын қалпын сақтауына гормоналды өзгерістер де әсерін тигізеді. Тіпті темір жетіспеушілігі беттегі қара дақтардың пайда болуының басты себебі болуы мүмкін. Сондықтан денсаулығында кінәраты бар пациенттер ғана ем нәтижелі болу үшін алдымен медициналық тексерістен өткені жөн. Жылына бір рет дерматолог пен косметологтің көмегіне жүгінген артық етпейді. Себебі дерматолог қана арнайы сертификаты бар өнімдерді тағайындайды, — дейді ол.

Дерматолог бет күтіміне немқұрайды қарамау керегін айтады. Әсіресе жасөспірімдердің бетіне безеу жиі шығады екен. Оның айтуынша, көбіне безеуді қолмен сығу жараның тітіркенуіне, одан әрі асқынуына әкелуі мүмкін.

Беттегі безеуді сығу дұрыс емес. Мәселен, бір пациентім бетіне шыққан кішкентай безеуді өздігінен кетіремін деп жылдар бойы гормоналды жақпамайды жаққан, соның салдарынан ол асқынып, қызғылт безеу пайда болып, тері қабыршақтанып, қабынған. Егер бет қабыршақтанып бастаса, өздігінен ем алмаңыз. Бетті арнайы тазартқыш гельдермен тазалаған жөн. Кірсабын немесе шунгит сияқты өнімдермен жумаңыз. Бұл сабындар беттің құрғауына әкеледі. Қыс мезгілінде көшеге шықпас бұрын салқыннан қорғайтын SPF 50-ді пайдаланыңыз. Және бетке арналған сарысулар мен биоревитализация процедурасы бетті ылғалдандырып, түрлі тері ауруларының алдын алады, — дейді дерматолог.

Жас көрінудің құпиясы

Дерматокосметолог Ақбота Аймағамбетова бетін инъекция арқылы қалыпқа келтіретіндердің қатары артқанын айтады. Ол — эстетикалық косметологияның бірнеше процедурасын жасай білетін білікті маман.

— Көпшілігіміз әдемі киінгенді ұнатқанымызбен, косметологтің кеңесін қажет етпейміз. Тәтті өнімдерден бас тарту безеу мен қара дақтың алдын алады деп ойлаймыз. Он жерден өзіңді тәттіден тежесеңіз де, бетіңіз одан ажарлана түспейді. Біздің косметологиялық, дерматологиялық орталықта бет тазалау, пилинг, биоревитализация, мезотерапия, бет терісін ылғандандыру секілді косметологиялық қызметтің бірнеше түрі көрсетіледі. Биоревитализация — инъекция арқылы гиалурон қышқылын тері жасушаларына жеткізу процедурасы. Гиалурон қышқылымен биоревитализация жасау — жасартудың хирургиялық емес әдісі. Жасушааралық заттың бұл компоненті теріміздің қалпына келуіне мүмкіндік береді. Арнайы инъекциялар бетке лазер арқылы сіңеді. Ал пилингті қыс айында жасатқан дұрыс. Терінің құрамына байланысты пилингтің химиялық, лазерлі және басқа да түрлері бар. Пилинг көбіне жеңіл немесе сыртқы, орта деңгей немесе терең тазарту арқылы жасалады. Ол теріні өлі жасушалардан тазартып, пигментациялар мен әжімдерден арылуға көмектеседі. Пилинг химиялық жолмен жасалатындықтан, күн сәулесінің белсенділігі төмендеген кезде, яғни күзден бастап қыстың соңғы айларында жасау керек, — дейді А.Аймағамбетова.

Үй жағдайындағы бет күтімі

Дерматологтің айтуынша, адамның бетіне қоршаған орта әсер етеді. Қыс мезгілінде беттің құрғап кетуі ауа температурасының күрт өзгеруімен байланысты. Ал терінің қабыршақтануы май бездерінің дұрыс жұмыс істемеуінен болады.

Ұйқының бет күтіміне тікелей әсер ететінін естен шығармаңыз. Зерттеулерге сүйенсек, ағзада ұйқының жетіспеуі гормондардың тепе-теңдігін бұзуы мүмкін. Күнделікті ұйықтар алдында үй жағдайындағы бет күтімін жасауды ұмытпаңыз. Негізінен, бетті арнайы майлықтар арқылы тазартқан жөн. Алдымен бетіңізді жуыңыз, бірақ сүлгімен сүртпеңіз. Бетке таңертең және кешке ылғалдандырғыш жақпамай жағу керек. Аптасына бір рет бетке арналған сапалы маскаларды пайдаланыңыз. Келбетіңіздің сұлулығын сақтау үшін дұрыс тамақтанған жөн. Майлы және ащы тағамдарды көп пайдалану бет терісінің қабыршақтануына әкеледі. Сонымен қатар күннің суықтығы да теріге кері әсер етеді. Қыс мезгілінде көп ретте майлы бет терісі құрғақ теріге, ал кұрғақ тері өте сезімтал теріге айналады. Сол үшін бет терісін үнемі ылғалдандырып отыру қажет.  Ет пен терінің арасында су аз болса, қара дақ пайда болады. Ерте әжім түсу генге де байланысты. Бетіңіз жас көрінсін десеңіз, майлы тамақ жеуді азайтыңыз. Өте қызыл, ащы шай да ажарыңызды бұзады. Күніне екі литр су ішіп, жылына екі рет косметолог мамандардың кеңесін алуды ұмытпаңыз, — дейді ол.

Дерматокосметолог Ақбота Аймағамбетова сұлулық салонына бармай-ақ беттегі әжім мен қара дақтан құтылудың қарапайым жолдарын айтып берді. Кәдімгі сүзбеден жасалған маска беттегі дақ пен бөртпелерді кетіреді екен.

Сүзбеден жасалған маска құрғақ бет терісіне жақсы көмектеседі. Ол үшін бір ас қасық сүзбені жылы суға немесе айранға езіп аламыз. Дайын болған масканы бетімізге жағып, 10-15 минуттан соң жуып тастаймыз. Бұл әдіс бетті ылғалдандырып, теріні жұмсартады. Алайда бетіңізден қабыну белгілерін байқасаңыз, бұл әдісті мүлдем қолданбаңыз. Ал қияр маскасы тітіркенген теріні тез қалыпқа келтіреді. Масканы дайындау үшін қиярды ұсақ үккіштен өткізіп, бетіңізге жағып жүрген ылғалдандырғыш жақпамайыңызбен араластырып, таза бетке жағып қойыңыз. 15 минуттан соң бетіңізді жуып тастасаңыз, ерекше балғындықты сезінесіз. Алайда аталған маскалар күн мен салқыннан қорғайтын SPF-тің орнын алмастыра алмайды. Алоэ маскасы сезімтал теріге ұсынылады. Ол терідегі қабынуды азайтып, бет терісін ылғалдандырады. Алоэның құрамында 70-ке жуық пайдалы минерал мен дәрумен бар. Оның құрамындағы салицил қышқылы безеу мен акнені жақсы кетіреді. Алоэның гельдері дәріханаларда сатылады. Одан жасалған масканы бетке жағып қана қоймай, массаж жасау керек. Алоэның маскасына спирт пен эфир майларын қоспау керек. Сондай-ақ тоңазытқышта сақталған жуылған лимонның 1-2 тілімін кесіп алып, бетіңізге шырынын жақсаңыз, сезімтал теріге жайлылық пен жұмсақтық сыйлайды, — дейді дерматолог.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button