Облыстық ТЖД-ның жедел штабы күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Қыс мезгілі басталғалы бері Ақтөбе облысының құтқарушылары 234 адамды қар құрсауынан шығарды. Оның ішінде 14 бала және 98 шетел азаматы. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше биыл қыста департаментпен 89 апаттық-құтқару жұмыстары және 24 іздестіру-құтқару шаралары өткізілген. Бұл жұмыстарға жеке құрамнан 1235 адам және 322 техника жұмылдырылды. Қар құрсауынан 39 автокөлік шығарылды.
Облыста биыл төтенше жағдайларға жедел ден қою әлеуеті едәуір күшейтілді. Әскери құрылымдардың күштері мен құралдарын тарту арқылы азаматтық қорғау құралымының жеке құрамы 45,4%-ға артып, 1 567 адамнан 2 278 адамға жетті. Сонымен қатар, жұмылдырылған техника саны 72,6%-ға өсіп, 452 бірліктен 780 бірлікке дейін көбейді. Атап айтқанда, 270 қар тазалау, 350 инженерлік, 123 эвакуациялық және 37 жоғары өтімді техникалар дайын. Қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету үшін сыйымдылығы 11 мыңнаң аса адамға арналған 172 жылыту пункті дайындалды. Сондай-ақ, қысқы кезеңде жұмыс істеуге 3 трассалық медициналық-құтқару пункті дайындыққа келтірілді.
Бүгінгі күні ауа райының қолайсыздығына байланысты Департаментте Облыстық жедел штаб өз жұмысын күшейтілген режимде жүргізуде.



