Жаңалықтар

Жаңартылған вокзал мамыр айында пайдалануға беріледі

Вокзал

Ақтөбе қаласында теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту жалғасып жатыр. Жобаның жүзеге асырылу барысын облыс әкімі Асхат Шахаров көлік инфрақұрылымы нысандарын аралау аясында тексерді.

Жаңартылған вокзал биыл мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.Қазіргі таңда вокзал ғимараты жолаушылар үшін толықтай жабық. Кассалар, күту залы және анықтама қызметі уақытша көршілес ғимаратқа орналастырылған, сол жерден платформаларға өту жолы ұйымдастырылған. Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, инженерлік желілерді жаңғыртуды, ішкі бөлмелер мен қасбетті жаңартуды қамтиды.

Қайта жаңғырту жобасы жолаушыларға қолайлы жағдай жасауды, соның ішінде кедергісіз орта қалыптастыруды көздейді. Ғимаратта лифт пен эскалатор орнату, сондай-ақ теміржол жолдарын кесіп өтпей, платформаларға қауіпсіз қатынауды қамтамасыз ететін жерүсті өткелін салу жоспарланған.

Сондай-ақ болашақта вокзал маңындағы алаңды абаттандыру көзделіп отыр.

Ақтөбе вокзалын қайта жаңғырту республика бойынша 125 вокзалды қамтитын теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілуде. Аталған бағдарламаға облыстан 7 нысан енгізілген.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров мердігер ұйымға және жауапты мемлекеттік органдарға жұмыстардың мерзімі мен сапасын қатаң сақтауды, сондай-ақ қайта жаңғырту кезеңінде жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін жаңартылған вокзал өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай келетін заманауи әрі ыңғайлы көлік торабына айналады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button