Қар тазалау жұмысын тексерді

Қысқы жол
Облыс әкімі Асхат Шахаров қала аумағындағы жолдарды қар мен мұздан тазалау қалай жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ жұмыс сапасын тексерді. Әсіресе арнайы техниканың жеткіліктілігіне, жұмысшылар санына және жұмыстың уақтылы орындалуына назар аударды.

Облыс әкімі алдымен «Алақай» қуыршақ театры ғимаратының артындағы гүлзарды қарап, халық арасында «стометровка» аталатын жаяу жүргіншілер аймағы мен Тұрғындар қалашығы шағын ауданы көшелерімен жаяу жүріп өтті, сондай-ақ Мәскеу шағын ауданындағы жеке тұрғын үй секторында болды.
—Ақтөбеліктер күн сайын 109 нөмірі арқылы ахуалдық орталығына қоңырау шалып, шағымдануда. Екі апта ішінде қар шығару, жолдарды, автотұрақтарды, тротуарларды, мектептерге кіреберіс жолды тазалау бойынша 1807 өтініш түсті. Жұмысты баяу атқарып жатырсыздар. Біз автобустардың аялдамаларға кедергісіз келуін және жаяу жүргіншілердің тротуарларда қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз етуіміз керек. Сіздер осы шаруаға бөлінген қаржыны ұтып алдыңыздар, алайда жұмысты сапасыз атқарып отырсыздар, —деген облыс әкімі Астана ауданындағы қар тазалауға жауапты мердігерлерге қатаң ескерту жасады.
Облыс әкімінің айтуынша, Шанхай, Тұрғындар қалашығы, Құрмыш шағын аудандары мен қаланың ескі бөлігі тұрғындары қардың уақытында шығарылмауына жиі шағымданса, Әбілқайыр хан, Тәуелсіздік даңғылдарының, 101-атқыштар бригадасы мен Сәтбаев көшелерінің тұрғындары жол бойындағы автотұрақтарды тазалауды сұраған.
Тұрғындар қалашығын аралау кезінде Асхат Шахаров мердігер ұйым өкілдеріне тротуарлар мен жол жиегінде жиналған қарды көрсетті.
—Халықтың 80 пайызы жаяу және қоғамдық көлікпен жүреді. Сіздердің міндеттеріңіз—адамдардың тайып құлап, денсаулығына қауіп төндірмеуі үшін олар жүретін жерді уақытында тазалау. Қарды тазалау керек, сылтау іздеудің қажеті жоқ. Егер қаржы бөлінсе, жұмыс сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуға тиіс,—деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Мәскеу шағын ауданындағы қар тазалау және шығаруға жауапты «Ақжол Ltd» мердігер ұйымының жұмысына қатысты да ескерту айтты.
— 8, 11 және 12-шағын аудандардың, сондай-ақ Шанхай ауданының тұрғындарынан да шағымдар түсуде. Аумақ шеткері жерде орналасқандықтан оны ешкім тексермейді деп ойламаңыздар. Тұрғындар көмек сұрап, жүгінеді, мен бұл жерге бекерден-бекер келіп тұрғаным жоқ,—деді Асхат Шахаров.
Бұдан соң облыс әкімі Алматы ауданына қарасты Есет батыр тұрғын алабындағы аумақтарда қысқы күтіп ұстау бойынша көшпелі тексеру жүргізді. Оған тұрғындардың 109 нөміріне келіп түскен көптеген өтініші, соның ішінде тротуарларды, аялдамаларды тазалау және қар шығару мәселесі себеп болды.
Алматы ауданында тротуарлардың жалпы ұзындығы — 241 шақырым, мұнда 557 аялдама бар. Мұндағы аумақтың санитарлық жағдайы мен жолдарды күтіп ұстауға жеті мердігер ұйым жауапты.
Аралау кезінде облыс әкімі жаяу серуендеу жолы мен жол жиегіндегі қар үйіндісіне назар аударды. Әсіресе алты учаскеге қызмет көрсететін «Өтес Ақтөбе» ЖШС-ның жұмысына қатысты ескерту айтылды. Аталған компания теміржол вокзалы маңы, Қурайлы, Өрлеу тұрғын алаптарысекілді бірнеше аумаққа жауапты. Қажетті ресурстардың болуына қарамастан, мердігер өзіне жүктелген міндетті тиісінше орындамай отыр.
— Сіздер бірнеше лотты алғансыздар, алайда жұмыстың сапасы көңіл көншітпейді. Бұл мәселеге қатаң бақылау орнатамыз, — деп облыс әкімі мердігерге ескерту жасады.
Сондай-ақ өңір басшысы құм-тұз қоспасын себуге қатысты тұрғындардан түскен өтініштерге назар аударды. Шағымдарда, негізінен, Богослов тасжолы бойы, сондай-ақ Ақжар тұрғын алабы бағытына апаратын жол, Жаңа-Әлжан комбинаты, қалалық сүт зауыты және Орталық базар аумағы айтылады.
Жалпы, мердігер ұйымдар шамамен 5 млн шаршы метр аумаққа қызмет көрсетеді. Бұл аумаққа 711 көше мен тұрғын алаптардың айналма жолы кіреді. Тайғаққа қарсы материалдар қоры — 1650 тонна тұз және 1410 тонна тұз қоспалы құм.
Тексеру қорытындысы бойынша облыс әкімі мердігерлерге тротуарларды, аялдамаларды тазалау және қар шығаруды күшейтуді тапсырды. Ол жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысы басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
— Өз міндеттерін орындамайтын мердігер ұйымдар қатаң бақылауда болуға тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Қар тазалау мен жолдарды өңдеуге бөлінген қаражат тиімді жұмсалып, жұмыс сапалы атқарылсын. Тайғаққа қарсы материалдардың қорына және оларды уақтылы қолдануға ерекше көңіл бөлу керек. Тұрғындардан түскен әрбір шағым тіркеліп, талданып, кідіріссіз шешілуге тиіс. Жолдар мен тротуарларды тазалау тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп, бірде-бір аудан немесе тұрғын алап назардан тыс қалмауы қажет, — деді облыс әкімі.
Былтыр күзгі-қысқы кезеңде автожолдарды күтіп ұстау бойынша 18 мердігер ұйыммен үш жылдық келісімшарт жасалып, қала 18 учаскеге бөлінді. Биыл жолдарды қысқы күтіпұстауға 1,8 млрд теңге бөлінді.Қазіргі таңда жолдар мен тротуарларды қар мен мұздан тазалауға 357 арнайы техника жұмылдырылған. Олардың қатарында «КамАЗ» жүк көліктері, шнекороторлар, тиегіштер мен тракторлар бар. Күндіз 22 бригада жұмыс істейді. Қарды шығару үшін 110 самосвал мен 24 тиегіш тартылған. Түнгі ауысымда 14 бригада, оның ішінде 16 тиегіш пен 85 самосвал жұмыс істейді. Жалпы саны 180-нен астам жұмысшы еңбек етуде. Желтоқсан айынан бері қала аумағынан 45 мың текше метрден астам қар шығарылған.
Д.ҚАЗИХАН.


