Суға түсетін 13 орын белгіленді

Брифинг
Жыл сайын Шоқыну мерекесінде православ христиандары мұзды ойып, өзен суына шомылады. Бұл — шіркеудің талабы емес, қақаған аязда ағын суға қасиет бітеді деп санайтын ел арасындағы ежелгі дәстүр. Ал православ шіркеуі күнәдан шомылып емес, тәубеге келіп қана тазаруға болады деп санайды.
Ақтөбе облысының 104 мыңнан астам тұрғыны православ дінін ұстанады.
Осыған байланысты Шоқыну мерекесі қарсаңында облыста қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шара қабылданды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Аслан Арзымбетов айтты.
— Шомылу рәсімін өткізу үшін облыс аумағында 13 орын белгіленді.
Ақтөбе қаласында суға түсуге рұқсат етілген екі орын бар: Кеңес Нокин көшесіндегі коммуналдық жағажай мен Кірпішті көшесіндегі «Green Land» демалыс орталығы (ақылы). Бұл аумақтағы мұздың қалыңдығы — 26-33 сантиметр, — деді Аслан Арзымбетов.
Оның айтуынша, облыс аудандарында да суға түсуге арнайы орын белгіленген. Қарғалы ауданында үш орын бар: Бадамша ауылындағы «Депо» карьері, Петропавловка ауылындағы Қарғалы өзені және Қос-Естек ауылындағы Қос-Естек өзені. Алға ауданында екі орын — аудан орталығындағы Елек өзені мен осы өзеннің Тамды ауылдық округінде орналасқан бөлігі. Қобда ауданында суға түсетін екі орын бар: аудан орталығымен ағып жатқан Қобда өзені және Қаракемер ауылдық округі. Әйтеке би, Мәртөк, Ойыл және Хромтау аудандарында бір-бірден орын белгіленген. Мұздың орташа қалыңдығы барлық ауданда — 25-35 сантиметр. Ал Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Темір және Шалқар аудандарында мұндай діни рәсім өткізілмейді.
Сондай-ақ Аслан Арзымбетов белгіленбеген жерде суға түскен азаматтарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 412-бабы бойынша 30 275 теңге (7 АЕК) айыппұл салынатынын ескертті.
Мамандардың ескертуінше, созылмалы және өршу сатысындағы ауруы бар адамдарға қыс мезгілінде суық суға түсуге болмайды. Сондай-ақ тәжірибелі «морждардың» өзі суға түсерден 2-3 сағат бұрын тамақ пен алкоголь ішпегені жөн. Суық суға шомылушылар алдын ала денені қыздыратын жаттығу жасап, таймайтын, оңай шешілетін аяқкиім киіп, суда 30 секундтан артық болмай, шомылғаннан кейін құрғақ киім киіп, ыстық шай ішкені дұрыс. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖ департаменті мен оған қарасты бөлімшелердің жеке құрамы 18-20 қаңтар аралығында күшейтілген режимге көшеді. Осы күндері ауа температурасы –13 пен –22 градус аралығында болады деп болжанып отыр.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Төлепбаева барлық медицина мекемелері мен травматология пункттері 18-20 қаңтар аралығында облыс бойынша арнайы белгіленген 13 орында шомылу рәсімі өтетінінен хабардар әрі қызмет көрсетуге дайын екенін айтты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



