Жолдағы сақтық — өмір кепілі

Серік ІЗТІЛЕУОВ, ардагер ұстаз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты мақаласында көтерілген жол қауіпсіздігі мәселесін өте өзекті деп санаймын. Бұл — тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматқа тікелей қатысты мәселе.
Хромтау — тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Күн сайын бұл маңнан ауыр жүк көліктері мен транзиттік автокөліктер үздіксіз өтеді. Соңғы жылдары көлік санының күрт артуы жол қозғалысын күрделендіріп, апат қаупін де көбейтті. Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер жылдамдықты асырып, жол ережесін елемей, өз өмірін ғана емес, өзгенің де тағдырын қатерге тігіп жүр.
Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларды қолдаймын. Бақылаудың күшеюі, инфрақұрылымның жақсаруы және айыппұлдардың өсуі жолдағы тәртіпті қалыптастыру үшін қажет қадамдар.
Ардагер ретінде айтарым — жол қауіпсіздігі ең алдымен әр жүргізушінің сана-сезіміне байланысты. Қандай заң, қандай жаза болмасын, егер адам жол ережесіне немқұрайлы қараса, қайғылы жағдайлар тоқтамайды. Жас жүргізушілерге де, тәжірибелі азаматтарға да тәртіп, жауапкершілік және өзара құрмет ауадай қажет.
Жолдағы сақтық — өмірдің кепілі. Осыны әрбір көлік жүргізуші терең түсінсе, Хромтау жолдары да, еліміздің барлық тас жолы да қауіпсіз болары сөзсіз.
Хромтау ауданы.



