Аграрлық саясаттағы басты міндет – қолдаудың әділдігі мен тиімділігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын шаруашылықтарды субсидиялау мәселесіне қатысты пікірі аграрлық саясаттағы жүйелі проблемаларды ашық көрсетіп отыр. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы көлемі айтарлықтай артқанына қарамастан, оның тиімділігі күткен деңгейде емес екені анық байқалады. Президент атап өткендей, он жыл ішінде мемлекеттік қолдау көлемі 10 есе өскен, алайда бұл өсім саланың сапалық серпілісіне толық ықпал ете алмады. Бұл – қаржының тең бөлінбеуі мен оның негізгі бөлігінің ірі шаруашылықтарда шоғырлануымен тікелей байланысты.
Шағын шаруашылықтардың жеткілікті деңгейде субсидия ала алмауы ауылдық аумақтардың дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Дәл осы шағын шаруалар ауылдағы жұмыспен қамтудың, әлеуметтік тұрақтылықтың және азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі саналады. Сондықтан Мемлекет басшысының Үкіметке бұл мәселеге ерекше назар аудару туралы тапсырмасы орынды әрі уақыт талабынан туындап отыр. Субсидиялау тетіктері нақты нәтиже беретін, әділ әрі қолжетімді болуы тиіс.
Президенттің мал шаруашылығын дамытуға басымдық беруі де стратегиялық тұрғыдан маңызды. Әлемдік нарықта етке деген сұраныстың артуы Қазақстан үшін жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашады. Алайда бұл әлеуетті іске асыру үшін ұсақ шаруалардың өндірістік мүмкіндігін күшейту қажет. Осы орайда кооперацияны дамыту – ең тиімді жолдардың бірі. Кооперативтер шағын шаруалардың күшін біріктіріп, өнімді өңдеуге, нарыққа шығуға және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президент субсидиялардың кері әсері – масылдық психологияны қалыптастыру қаупіне де назар аударды. Бұл өте өзекті ескерту. Мемлекеттік қолдау ынталандырушы сипатта болуы керек, ал шаруаларды нарықтық бәсекеге бейімдеу басты мақсатқа айналуы тиіс. Сондықтан кооперацияны күштеп емес, түсіндіру және ұйымдастыру арқылы дамыту қажет. Жалпы, Мемлекет басшысының бұл ұстанымы ауыл шаруашылығын экстенсивті емес, тиімді және тұрақты даму жолына көшіруге бағытталған салмақты стратегиялық көзқарас деп бағалауға болады.
«Степное» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аманғос Төлеуов



