Көлік және логистика – Қазақстанның жаңа геосаяси артықшылығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік және логистика саласына қатысты айтқан пікірі Қазақстанның геосаяси стратегиясының жаңа кезеңге өткенін айқын көрсетеді. Қазіргі халықаралық жағдайда көлік дәліздері тек экономикалық құрал ғана емес, мемлекеттердің ықпалын айқындайтын маңызды геосаяси факторға айналды. Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы – тарихи әрі стратегиялық басымдық. Мемлекет басшысының Қазақстанды Еуразияның көлік хабы ретінде қалыптастыру туралы ұстанымы осы артықшылықты жүйелі түрде пайдалануға бағытталған.
«Достық – Мойынты» теміржол магистралінің іске қосылуы елдің транзиттік әлеуетін сапалық жаңа деңгейге көтереді. Бұл жоба Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының көлемін бірнеше есе арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық логистикалық тізбектердегі орнын нығайтады. Ал жоспарланған «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» бағыттары өңірлік дамуды жеделдетіп, ішкі экономикалық байланыстарды күшейтеді.
Президент атап өткен «Орталық – Батыс» күре жолы елдің көлік географиясын қайта қалыптастыратын стратегиялық жоба болып отыр. Аймақтар арасындағы қашықтықтың қысқаруы өндіріс, сауда және еңбек мобильдігін арттырады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі елді жаһандық сауда жүйесінің маңызды буынына айналдырды.
Бүгінде көлік пен логистика саласындағы бәсекенің күшеюі – геосаяси өзгерістердің тікелей салдары. Осы тұрғыда Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий, яғни Орта дәлізді дамытуға белсенді қатысуы – сыртқы саясаттағы прагматикалық әрі теңгерімді қадам. Бұл бағыттағы саясат тек инфрақұрылымдық емес, сонымен қатар экономикалық, технологиялық және цифрлық дамуды да қамтиды. Сондықтан көлік-логистика саласын дамыту Қазақстан үшін ұзақ мерзімді ұлттық мүддені қамтамасыз ететін шешуші фактор болып отыр.
Шукурова Еркежан, «Ақтөбе облысы әйелдерінің аграрлық одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы



