Әлеумет

Еріккен ешкі бақпайды

Ежелден мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да қадірін жақсы білген. Себебі ешкі ерекше күй талғамайды, әрі қойға қарағанда тез көбейеді. Бұған қоса ешкінің сүті де, еті де шипалы қасиетке ие. Жалпы, ешкінің сүті мен етінің қасиетін түсінген дамыған елдер бұл істі бір ізге қойған. Швейцарияда туберкулез, қан аздық, рахит, буын, тері ауруына шалдыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген.  АҚШ секілді дамыған мемлекеттер ешкі сүтін жас нәрестелерге беру үшін арнайы дайындайды.  Сондай-ақ ешкі өсіріп, одан тәуір табыс тауып отырған елдердің де қатары көп.  Мәселен, әлемде  бір милиардқа жуық ешкі бар болса, оның көбі, яғни 180 миллионы Қытайда екен. Үндістанда — 130, Пәкістанда — 50, Иранда — 30 миллион ешкі бар. Ал Қазақстандағы  ешкінің 155 мың 600-і — біздің облыстың еншісінде. Ақтөбелік Мұхамбетәли Қойшыбаев қазақ ешкі өсіруді қолға алса, біріншіден, халық денсаулығына шипасы тиетінін, екіншіден, тиімді табыс көзі болатынын айтады. Сонымен…

 

Зәуре сауған заанин ешкілері

 

Ешкінің сүті мен жүнінің пайдасы зор екенін білсек те, елімізде бұл шаруаны қолға алып, кәдеге жаратып отырған кәсіпкерлер аз. Қала іргесіндегі мал шаруашылығымен айналысатындардың көпшілігі саудаға сиыр сүтін шығарады.  Ешкі бағатындар жоқтың қасы.  Ал  ақтөбелік Мұхамбетәли Қойшыбаев ешкі бағып, қала тұрғындарына сүтін сатып отыр.

Шаруақор азаматтың бұл жұмысты бастағанына көп уақыт бола қоймапты. Осыдан төрт жыл бұрын анасы Зәуре асқазан ауруына шалдығады.  Дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектің барлығы аллергия тудырып, ағзасына кері әсерін тигізеді.

—  Аурудың азабын тартып жүргенде бір абысыным өзінің осындай кеселден ешкі сүтін ішіп, құлан-таза айыққанын айтты. Дереу ешкі сүтін сататындарды іздестіріп, Әуе қалашығы ауданындағы бір орыс шалдан алып тұрдым. Аз уақыттан кейін  денсаулығым жақсара бастады.  Бұрынғыдай  асқазаным ауырып, мазамды алмайтын болды. Кейін жолдасым мен ұлыма  осы шаруаны өзіміз қолға алсақ деген ұсыныс айтып, бір қазақы ешкі сатып алдық. Әуелгі кезде қалай сауудың ретін білмегендіктен бе, бір кеседен артық сүт шықпайтын. Кейін мал басын көбейтіп, ілімін білген соң, сүт те молайды. Қазір лақтарын қосқанда жиырмадан аса ешкі бар. Барлық шаруаның басы-қасында балам  Мұхамбетәли жүр, — дейді анасы Зәуре Еменова,

Жалғыз қазақы ешкінің сүті отбасының түгел ішуіне жетпеген соң, Мұхамбетәли Ресейдің Ставрополь өлкесінде ешкі шаруашылығымен айналысатын азаматтардан голландық заанин ешкісі мен орыстың  русско-горковский секілді сүтті тұқымды ешкілерінің лақтарын сатып алады. Ал 2010 жылы мал басын көбейту мақсатында Ресейдің Мәскеу қаласы маңайындағы жұрттан сүтті тұқымға жататын никоновский текесін сатып алып, қатарға қосады.

Жергілікті тұқымды ешкілер тез көбейеді. Ал сүтті тұқымды ешкі  баяу өседі. Себебі сауғаннан кейін текені бөлек ұстап, күзде қосады. Көктемде  төлдесе, жаз бойы сауылады. Бұйыртса, биыл жазда Қойшыбаевтар отбасы жеті ешкі саумақ. Отбасының ішуінен ауысып қалған сүтті сатуға шығарады. Қыста жем мен шөпке кететін шығынды есептеп, бір литр сүтті 800 теңгеден сатса,  жазда 500 теңгеден өткізеді. Сүт азаятын уақытты пайдаланған кейбір сатушылар ешкі сүтін қыста — 1000, тіпті 2000 мың теңгеге дейін көтеріп жібереді екен. Ал Қойшыбаевтар отбасы бір қалыпты бағаны ұстауға тырысады, тіпті жағдайы төмен отбасыларға арзандатып береді. Тұрақты тұтынушылары — балалары сал ауруына шалдыққан, сәбиінің сиыр сүтіне аллергиясы бар аналар мен асқазан, бауыр, жүрек-қан тамырлары ауыратын адамдар.

 

Ешкі және екі жүз түрлі шөп

 

Деректерге сүйенсек, жер бетінде Сексек ата тұқымының оннан аса түрі бар. Оның етті, етті-сүтті, түбітті-жүнді түрлері әлемде кеңінен таралған. Мәселен,  ангор ешкісінің түбіті ұзын жібектей болса, заанин ешкісі сүтті келеді. Ешкінің етті тұқымы Қытай мен Үндістанда, сүттісі — араб елдері мен  Еуропада, түбіттісі — АҚШ, Түркияда көп өсіріледі екен. Мүйізді жануардың басты ерекшелігі — күй талғамайды.

Жергілікті ешкілердің жүні қалың, суыққа төзімді келеді. Ал заанин тұқымды ешкінің жүні қылшықты, суыққа шыдамсыз. Сондықтан екі тұқымды будандастырып, суыққа төзімді әрі сүтті ешкі өсіріп отырмыз. Жалпы, ешкінің сүтті болуының сексен пайызы текеге байланысты. Егер теке сүтті тұқымнан шықса, оның төлі де сүтті болады. Қыста ешкілерге шөп пен жем береміз. Яғни бұл уақытта қалаған азығын жей алмағандықтан сүті азайып кетеді. Ал күн жылынып, далаға жайылған кезде сүті молайып, бір ешкі  үш литрге дейін сүт береді. Күніге екі рет сауылады.  Жазда сауын ешкілерден он бес литрге дейін сүт аламыз. Жалпы ешкі екі  жүз түрлі шөп жейді екен. Негізінен гүлдермен қоректенеді. Қойға қарағанда ешкі көп ауырмайды. Қой астынан сыз өтсе  жата береді, ал ешкі сызға осал. Табанынан суық өтсе, ол жерге мүлде жоламайды. Жалпы, қорасы жылы, азығы мол болса, аса көп күтімнің қажеті жоқ. Ал қора ылғал, шөп құнарсыз болса, сүтінің майлылығы азаяды. Ешкінің күйін тайдырмас үшін  орамжапырақ, алма, алмұрт, яғни кальций, бор секілді дәрумендерге бай тамақ қалдықтары мен құнарлы азық береміз, дейді Мұхамбетәли Қойшыбаев

Көктем мен жаз айларында көкке жайылған ешкі сүтінің құрамындағы  дәрумендер молайып,  әрі дәмі де өзгереді. Бұл кезде жаңа сауылған сүттің емдік қасиеті өте күшті болады. Күн сайын тамақтың алдында жарты сағат бұрын, бір кесе шикі ешкі сүтін ішіп алған адамның ағзасы сау болады, түрлі жұқпалы ауруларға бой алдырмайды. Жаңа сауылған сүттің тағы бір қасиеті — оның қуаты 4-5 сағатқа дейін ішектегі жағымсыз бактерияны жоюға қауқарлы болады. Мәселен, ешкі мен сиыр сүтінен жасалған айранның дәмі екі бөлек екен. Әрі адам ағзасына ешкі сүті анағұрлым пайдалы келеді. Мұндағы май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан ағзаға тез сіңеді. Ешкінің сүтінде кальций көп. Бұл, әсіресе,  балаларға өте пайдалы. Ешкі сүтінің дәмі сиыр сүтіне қарағанда өзгеше болғандықтан, көп адам бірден іше алмайды. Сондықтан білмейтін адамдар сүттің тазалығына күмәнданып жатады екен. Бұндай кезде Зәуре ешкі сүтінің дәмі шөпке байланысты екенін айтып түсіндіреді. Әрі отбасы мүшелерінің барлығы бес уақыт намазды үзбей оқитын болғандықтан, бұл жұмыстардың барлығы халал жолмен атқарылады. Дәрет алмай мал саумайтын Зәуре тазалыққа ерекше мән береді. Ешкінің желінін жуып сауады. Кейде балалар сабынымен жуып, тазалап қояды.

Кәсіп иесінің өзі ешкіні қалай күту керектігін жақсы біледі. Уақытында мал дәрігеріне қаратып, екі айда бір рет тұяғын қиып отырады. Себебі бүгінгі ешкінің түпкі атасы — жабайы тау ешкілері. Ілгеріде олардың тұяқтары тасқа қашалып, табиғи жолмен қиылып отырса, қазіргі қолға үйренген Сексек ата тұқымы таста көп жүрмесе, тұяғы өсіп, жүргізбейді екен.

 

Ешкі бағушының есебі

 

«Ешкілі бай — есепті бай» демекші, халқымыз ежелден-ақ ешкіні еті мен сүті, түбіті мен жүні үшін ұстаған. Әрі ешкі өсімтал болғандықтан, өзін-өзі артығымен ақтап шығатын мейілінше тиімді түлік. Тек түбіті мен сүтінің өзін кәдеге жаратып-ақ қыруар пайдаға кенелуге болады.

Бірақ бүгінде  бұл кәсіпке ден қойған адам  жоқтың қасы. Ал Мұхамбетәли Қойшыбаев ешкі өсіріп, аз уақытта тәуір табысқа қол жеткізу үшін, біріншіден, қала маңында арнайы ешкі бағатын жайылым жер болуы керектігін айтады.  Яғни дайын өнім тұтынушының қолына дер кезінде жетуі тиіс. Қазіргі күні кәсіп иесі малды қала іргесіндегі Сазды өзенінің маңындағы алақандай жерге бағып отыр. Яғни ешкінің еркін жайылуына мүмкіндік жоқ. Сондықтан Сексек ата тұқымын көбейту тиімсіз болып тұр. Бұған қоса қазір малдың тілін білетін, күтімін жасайтын бақташы тапшы. Айына ақысын төлесең де адамдардың мал бағуға құштарлығы аз. Мұхамбетәлидің өткен жылы жалдаған қойшылары көңілінен шықпапты.

Көзің тайса, ешкіні қараусыз жібереді.  Ал жыл бойы мінсіз бақсаң да, екі күн күйі кетсе, сүтті тұқымды ешкілер тез әлсіреп қалады. Осындай қойшының кесірінен биыл ешкілер мезгілсіз уақытта, яғни қыста  төлдеді. Бұндай кезде  лақты далаға шығара алмайсың. Ал төлге күн сәулесі жетпесе аяқтары қисайып, әлсіреп қалады. Себебі күннен олар қуат алып,  бойын тіктейді. Қазір қорада ұстап, енесімен бірге қойғанның өзінде күн түспегендіктен өте әлжуаз. Сондықтан біз есептеп, сәуір айында төлдетуге тырысамыз. Бір ай емізіп, лақты айырып аламыз. Сауын ешкі болса да лақты мезгілсіз енесінен айырған жөн емес, өйткені лақ ана сүтінен қуат алып өссе, жазда қоңды болады. Сойсаң етінің дәмі тіл үйреді. Біреуге ұялмай сыйлауға да таптырмайды, —  дейді Мұхамбетәли Қойшыбаев.

Шаруақор жігіт  талай рет малды сатып жіберуге оқталыпты. Бірақ лақ кезінен қолда өскендіктен қимайтынын айтады. Тіпті ешкілерге Дашка, Машка,  Айка, Сайка, Шынар, Шоқанай деп ат қойып алған. Ал анасы  Зәуре ешкінің бір атасы бір атасына  жақындап кетпес үшін, оларды туғаннан бастап,  әрқайсысын арнайы журналға жазып қояды. Себебі қазір голландық теке мен жергілікті ешкінің төлін бақылауға алып отыр.

Сондай-ақ Қойшыбаевтар отбасы жазда лақтарды сатуға шығарады. Бір лақты 25-30 мың теңгеден өткізеді. Мұхамбетәли Қойшыбаевтың айтуынша, көрші Ресейде ешкі шаруашылығы бір ізге қойылған. Мәселен, Краснодар, Ставрополь өлкелерінде жыл сайын үлкен жәрмеңке өтеді. Мұхамбетәли осы елдегі таныстарынан ешкі шаруашылығына, оның ішінде сүтті тұқымды қалай көбейту керектігіне қатысты жайларды сұрап, біліп отырады.

 

Алғашқы йогурт ешкі сүтінен жасалған

 

Ешкі сүті — жоғарғы азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам өнімі. Құрамындағы бета-казиннің көптігі оның ана сүтіне жақындығын көрсетеді.  Және ешкі сүтінде аллергиялық реакция­лар тудыратын ақуыз жоқ. Сондықтан аллергиясы бар балаларға ешкі сүті — таптыр­мас ем. Ешкі сүті дәрумендерге өте бай. Әсіресе, асқазан ауруларына, анемияға, көздің нашар көруіне, диатезде пайдасы мол. Тоқсан тоғыз ауруға ем ешкі сүтін көрші Өзбекстан мемлекеті ауруханалар мен перзентханаларды сүтпен қамту үшін арнайы сүтті ешкілерді өсіреді екен.

Ешкі сүтінің немесе оны қосып жасаған өнімдердің денсаулыққа пайдасы көп. Мәселен, белгілі швейцариялық ірімшіктердің құпиясы — ешкі сүтін қосқандығымен ерекше. Зәуре Еменованың айтуынша,  ешкі сүтін емдік мақсатқа қолданғанда жүйелі түрде ішу керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Бүгінде жас балалардың сүйікті асына айналған йогурт ең алғаш ешкі сүтінен жасалған екен. Демек, ешкі сүтін өндіруді қолға алсақ, одан түрлі азық-түлік өнімін жасап шығаруға болар еді. Және халық  құрамында жасанды қоспалары бар йогуртты емес, табиғи ешкі сүтінен жасалған өнімді тұтынар еді. Қалай десек те ешкі өсірсек, ұтылмасымыз анық.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

6 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button