Әлеумет

Компьютер және төрт шаршы метр аумақ

Қалампыр Сартаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Бір компьютер үшін қанша шаршы метр аумақ қажет? Оның адам денсаулығына тигізетін әсері қандай?

Жанна Бекетова,  облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы:

— Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген «Дербес компьютерлерге, бейнетерминалдарға және олармен жұмыс iстеу жағдайларына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережесiне сәйкес халыққа қызмет көрсететiн мәдени, ойын-сауық нысандарында қатарласа орнатылатын бір компьютер үшін кемi 6 шаршы метр аумақ қажет. Ал электронды-сәуле түтігі негізіндегі дербес компьютерлер және бейнетерминалдар орталықта периметр орналасса, онда әрбір құрылғы үшін 4 шаршы метр аумақ қажет.

Компьютердің адам ағзасына тигізетін зияны мол.  Көздің көру қабілетін төмендетіп, омыртқаның қисаюына әкеліп соғады.  Компьютер алдында ұзақ отырған адамның жүйке жүйесіне салмақ түседі, әлсіздік пайда болады. Көп жағдайда ересектер остеохондрозға, ал балалар сколиозға шалдығады. Жамбас мүшелерінің қан айналысы нашарлап, нәтижесінде  простатит және көтеншек ауруына шалдығуы мүмкін. Компьютер алдында жұмыс жасаған адамда қозғалыс аз болады, сол себепті денені май басады.

Компьютер және оның маңында шаң-тозаң көп жиналады. Лас жерде әртүрлі микробтар, бактериялар болады. Мұндай жағдайда аллергия немесе басқа да аурулар пайда болуы мүмкін.

Компьютер пайдаланушылар мынаны есте сақтағаны дұрыс: үнемі компьютер қосулы тұратын бөлмені әктеп, еденге линолеум төселгені дұрыс. Компьютері бар бөлмеге аквариум немесе су толы ыдыс қойып, кактус өсірген абзал. Өйткені су өзіне негативті энергияны тартып, бөлменің ылғалдылығын реттейді. Ал кактус электромагнитті бойына сіңіреді.

 

Зейнетақы жинақ қорындағы ақшаның сақталуына кепілдік бар ма?

 

Айдос Наурызғалиев, Мұғалжар ауданының тұрғыны:

— Соңғы кездері зейнетақы жинақ қорлары төңірегінде әңгіме көбейіп кетті. Осы орайда менің білгім келгені, зейнетақы жинақ қорындағы ақшаның сақталуына қандай да бір кепілдіктер бар ма?

Айбек Нұрғалиев, заңгер:

— Зейнетақы жи­нақ қо­рын­дағы ақ­шаның сақталу ке­­піл­­дік­тері ҚР «Қазақстан Рес­пуб­­­ли­ка­сындағы зейнетақымен қам­­с­ыз­дандыру туралы» За­ңы­ның бап­та­ры­мен бе­кітілген. Онда «мем­лекет алу­шы­ларға жи­нақ­тау­шы зейнетақы қор­ларындағы мін­дет­ті зейнетақы жарна­ла­ры­ның осы заң­мен және Қазақстан Республикасының өзге де заң акті­лерімен анықталған, алу­шы­ның зей­не­т­ақы төлемдерін алу құқығы кезіндегі ин­фля­ция дең­гейін ескере отырып, іс жүзінде ен­­гізілген міндетті зейнетақы жар­­налары мөл­шерінде сақта­луы­на кепіл­дік береді» деп ай­тыл­ған. Бұл ретте мемлекеттік кепіл­дік жи­нақ­тал­ған инвес­ти­ция­лық кіріске қол­да­нылмайды.

 

Талқының түйіні

 

Лина Жұмағанбетова, Байғанин ауданы Ноғайты ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның фельдшері:

— Дәрігерлік амбулатория мәртебесін сақтап қалу үшін елді мекен тұрғындарының саны қанша болу керек?

Орынбасар Құспан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің бастығы:

— Үкіметтің  қаулысына байланысты, елді мекенде дәрігерлік амбулатория жұмыс жасауы үшін тұрғындар саны екі мыңнан кем болмауы қажет. Дәлірек айтсақ, 2000-нан 10000-ға дейінгі аралықта халық тұратын ауылдық округте дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайды. Бүгінгі күні Ноғайты елді мекенінде қосымша медициналық пункттер мен фельдшерлік-амбулаториялық пункт жоқ. Оның үстіне Ноғайты елді мекенінде 1500-ге жуық халық тұрады. Қаулыға сәйкес, бұған дейін осы елді мекенде жұмыс жасап келген дәрігерлік амбулаторияны фельдшерлік-амбулаториялық пункт етуге мәжбүр болдық. Бұл жұмыс осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуы тиіс. Бір айта кететін жайт, Ноғайты ауылынан шамамен 35 шақырым қашықтықта Ебейті селолық округі орналасқан. Округ бойынша 1500-ге жуық халқы бар елді мекен темір жол бойынан қашықта орналасқан. Екі селолық округтегі бір дәрігерлік амбулаторияны жабу қажеттілігі туындады. Бұл мәселе жан-жақты талқылауға түсті. Нәтижесінде, темір жол бойында орналасқан  Ноғайты селолық округіндегі дәрігерлік амбулаторияны фельдшерлік-амбулаториялық пункт етіп, Ебейті селолық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның бақылауына қостық. Ебейті селолық округі темір жол бойынан қашықта орналасқандықтан, ондағы дәрігерлік амбулатория өз мәртебесін сақтап қалды.

Егер елді мекендегі тұрғындар саны 800-2000 арасында болса, фельдшерлік-амбулаториялық пункт, ал халық саны 50-800 арасындағы ауылдарда медициналық пункт жұмыс жасайды.

 

Тартылған еттен күдіктенемін

 

Несібелі Айтжанова, Хромтау ауданының тұрғыны:

— Қоғамдық тамақтану орындарында тартылған еттің (фарш) құрамына безі сылынбаған мал майлары мен дәретхана қағазы қосылады дегенді естиміз. Бұл қаншалықты рас?

Гүлбану Дәулетова,  облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы:

— Былтыр қоғамдық тамақтану орындарынан зертханалық зерттеуге алынған тартылған еттердің санитарлық талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жоқ. Сонымен қатар, 2011 жылдың қорытындысы бойынша санитарлық-химиялық көрсеткіштерге  алынған 1508 тағам сынамаларының 9-ында сәйкессіздік (0,6 %), яғни тағамдардың дұрыс өңделмегені, нитрат мөлшерінің шамадан тыс болғандығы анықталды.

Биыл қоғамдық тамақтану орындарында тартылған еттің қауіпсіздігі бойынша арыз-шағым түскен жоқ.

 

Иммунитетті қалай тексеруге болады?

 

Мәдина Есалина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

«Иммунитеті жоғары» немесе «иммунитеті төмен» деген әңгімелерді көп естиміз. Жалпы, иммунитет жоғары ма, төмен бе, оны қалай тексеріп білуге болады?

Салтанат Ержаханова, Ақтөбе қаласындағы №2 кеңес беру диагностикалық емхананың учаскелік педиатры:
— Денсаулығы мықты адам үш айда бір рет қана суықтап қалуы мүм­кін. Мұндай жағдайда еште­ңені тек­серу­дің қажеті жоқ. Иммун­дық жүйе әлсі­реуінің бірінші белгісі — тыныс жол­да­ры­на тән созыл­малы инфек­ция­лар. Мұн­дай жағдайда иммунологқа кө­рінген абзал.
Иммундық жүйенің қандай органдары әлсіз екендігін арнаулы құрал­дар­дың көмегімен анықтап, оның бел­сен­ділігін арттыратын дәрі-дәрмек болады. Бұл — арнайы мекемелерде жасалуы тиіс нәрсе.
Ал иммундық жүйені табиғи түрде қалай көтеруге болады? Ол үшін таза ауада неғұрлым көбірек жүріп, зиянды әдеттерден мейлінше аулақ болған жөн. Иммунитеттің негізгі шарты — қор­ғау­шы белоктар. Олардың көбірек түзілуі үшін ет пен балық өнімдерін, сон­дай-ақ ірімшік сияқты белокқа бай басқа да тағамдарды үзбей жеу керек.

 

Мектеп асханаларына айыппұл салынды

 

Ақкенже, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— СЭС мамандарының мектептегі асханаға жоспарлы тексеріс жасайтынын білеміз. Жоспардан тыс тексеру жұмыстары не себепті жүргізілмейді?

Жанна Бекетова,  облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы:

— Субъектілерге жоспарлы, жоспардан тыс тексеру жүргізудің тәртібі еліміздегі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Заңымен реттелген.  Соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауда тұрған объектілерге жоспардан тыс тексеру жүргізу аталған Заңның 16-бабы, 7-тармағында көрсетілген негіздер бойынша  жүзеге асырылады. Яғни, аталған баптың 2-тармақшасына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардан адамның өмiрiне, денсаулығына елеулi зиян келтiрiлгенi туралы ақпарат пен өтiнiштер, сондай-ақ мектеп асханаларының санитарлық-техникалық жағдайы, ондағы тағам қауіпсіздігіне  қатысты арыз-шағым түскен жағдайда  мектеп асханасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің аумақтық бөлімшелері арқылы міндетті түрде  жоспардан тыс тексерумен қамтылады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша,  мектеп асханаларына жоспардан тыс 38 тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында  асханалардың  санитарлық-дезинфекциялық режимнің,  ыдыс жуу ережесінің бұзылуы, асхана ыдыстары мен құрал-жабдықтардың таңбаланбауы, азық-түлік өнімдерінің сапасын растайтын сертификаттардың болмауы секілді санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзушылығы анықталды.  Анықталған деректер бойынша 287 280 теңге көлемінде 38 айыппұл салынды.

 

Хат арқылы жауап береміз

 

Ерік Шаймағанбетов, Ақтөбе қаласындағы бірінші топтағы зағип жан:

— Ақтөбе қаласындағы бір топ зағип жанға №14 жолаушылар тасымалдайтын автобустың бағыты қиындық тудырып тұр. Зағиптарға арналған оқу-өндірістік цехы мен кітапханаға, Мәдениет үйіне бару үшін №14 автобусқа мініп, қаланың Сүт зауыты ауданындағы емхана аялдамасынан түсуіміз қажет. Егер №14 автобус сол аудандағы Карета аялдамасы арқылы бағытын сәл өзгертсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға жолдан өтуде әрі уақыт ұтуда көп жеңілдіктер болар еді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Айбек Сәрсенғалиев, «Автопарк» ЖШС бөлім бастығы:

— Бұл мәселе бойынша тұрғындар Ақтөбе қаласындағы Маресьев көшесі 4 «а» мекен жайында орналасқан «Ақтөбе қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесіне жазбаша түрде хат жолдауы қажет. Бұл мекеме қоғамдық көліктердің бағытына қадағалау жасайды, жол белгілері мен аялдаманың болуына жауап береді. Кейде тұрғындардан келіп түсетін осындай ұсыныс-пікірлер негізінде «Автопарк» мекемесі мамандары мен МАИ қызметкерлерінен құралған комиссия мәселенің анық-қанығына жету үшін жұмыс жүргізеді. Жазбаша түрде жауап қайтарылады.

 

Оқырман сауалдарына жауап іздеген Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button