Әлеумет

Ақпарат ғасыры: авторсың ба? құқыңды біл!

Биыл қаңтар айының аяғында зияткерлік меншік құқығын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Материалдық емес құндылықтарды — шығармашылықтарды, туындыларды, өнертабыстарды, т.б. адамның ақыл-ойының жемісі болып саналатын барлық дүниелерді қорғау — қызмет көрсетудің жаһандануы, соған сәйкес тауарлар белгілерінің артуы, интернет кеңістігін бизнеске, билікке, т.т. қолдану аясының кеңеюі етек жайған ақпараттық ғасырдағы басты мұраттардың бірі болып отыр. Оны былай қойғанда, зияткерлік меншік саласындағы заңдарды жетілдіру — біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміздің бір шарты.

Осы өзгерістер мен толықтыруларға қатысты облыстық әділет департаментінің санаткерлік меншік құқығы бөлімі меңгеруші Ержан НАҚЫЛОВПЕН сұхбаттасқан едік:

 

—    Бұл заңға қатысты көпшілікті толғандыратын мәселелер негізінен интернетке қатысты. Авторлық шығармаларды интернеттен көшіру және интернетке салуға қатысты ереже, тәртіптерге қатысты туындайтын сұрақ көп. Заң бойынша кез келген адам интернеттен зорлық-зомбылыққа үгіттейтін шығармалардан басқа ән-күйлерді, фильмдерді, кітаптарды көшіріп алуына болады, ол жауапкершілікке тартылмайды. Ал егер интернеттен көшіріп алған сол дүниесін басқа адамдарға интернет арқылы немесе компьютерлік клуб арқылы тарататын болса, ол құқық бұзушылық болып есептеледі. Мәселен, мен интернеттен белгілі бір шығарманы, киноны, әнді, күйді, кітапты көшіріп алдым делік. Сосын оны компьютерлік клубқа келген адамдарға қарағаны, оқығаны, тыңдағаны үшін ақы алып, таратамын. Немесе, соны автордың рұқсатынсыз интернеттегі өзімнің сайтыма, блогыма, басқа да әлеуметтік желілердегі жеке парағыма салып қоямын. Екі жағдайда да мен заң бұзған болып есептелемін және соған сай жауап беретін боламын. Бұл — бір. Бұл мәселенің екінші жағы бар: қазір осындай шектеулердің бар екенін біліп алған кейбір алаяқтар ақша жасауға ден қойған сияқты. Олай дейтін себебім, қазір сіз интернеттен қандай да бір өзіңізге қажет дүниені көшіріп алғаннан кейін кей жағдайда экраныңызда: «Сіз заңсыз көшіріп алдыңыз, сондықтан сізге осынша мөлшерде айып салынды, осы ақшаны мынадай шотқа немесе мына телефон бойынша аударыңыз», — деген мағынада хабарлама келеді. Бұл өтірікке алданып қалмаңыздар. Себебі, біріншіден, интернеттен көшіру — заңсыздық емес, екіншіден, заңсыздық орын алғанның өзінде оның заңсыздық екенін дәлелдеу, соған сай іс қозғау, айыппұл салу тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылады. Осыны ескеру керек.  

—    Қазір электронды үкімет бағдарламасына сәйкес барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер жеке сайттарын ашып, соның жұмысын жүргізіп келеді. Меніңше, кейбір мекемелер тек сондай талап қойылған соң амалсыз, жүрдім-бардым жұмыс жасайтын секілді. Осы бағытта сайт ашушы заң бойынша қандай ережелерді, қандай тәртіптерді білуі керек?

—    Осы жерде бір қызықты жайт бар. Қазір интернет саласы дамыған сайын оған қатысты түрлі терминдер де кең тарап келеді. Киберствоттинг деген сөз бар. Киберскво́ттинг ағылшынның «cybersquatting» сөзінен шыққан, ол — домен аттарын әрі қарай сату мақсатында өзіне тіркеп алу деген мағына береді. Осындай жұмыспен айналысатын адамдарды киберсквоттерлер деп атайды. Киберсквоттерлер, яғни, бос тұрған сайтты сатып алып, кейін оны сататындар қазір баршылық. Мысалы, Қазақстан Республикасы Парламентінің домені, яғни сайтының аты — parlam.kz. Неге ол  parlament.kz емес? Себебі біреу — ол домен бос емес, оны біреу сатып алған. Бірақ біздің мемлекетте парламент біреу. Демек, parlament.kz доменін әлдекім кезінде осы домен түбінде сұранысқа ие болуы мүмкін деген ниетпен сатып алған. Мысалы, іздеу сайттарына кіріп, parlament.kz деп терсеңіз, оның сатылатыны туралы хабарландыру оқи аласыз. Доменді сатып алу аса қымбат емес, оны қайта сату қымбат болуы мүмкін. Сквоттерлер сол себепті осындай әрекетке барады. Ақпараттық сала дамыған сайын мұндай әрекеттер де дами түседі. Мысалы, сквоттерлер ертең кz доменінде сайт ашуы мүмкін деген ниетпен түрлі компаниялардың, мысалы, lg.kz, panasonic.kz, samsung.kz секілді компаниялардың аттары жазылған домендерді сатып алып, кейін оны компаниялардың өзіне сатуы мүмкін.

—    Сонда егер мен мысалы, Элджи, Панасоник, Самсунг компанияларының немесе Үкімет Парламентінің өкілі болмасам, оларға ешқандай қатысым жоқ болса да, сол атпен домен аша беремін бе? Заңда оған қатысты ештеңе қаралмаған ба?

—    Жоқ. Ешбір мекеменің, компанияның өкілі болмасаңыз да, соның атынан домен аша аласыз.

—    Түсінікті.    

—    Тағы бір мәселе. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазір барлық мемлекеттік мекеме, оған қоса жекелеген компаниялар өздерінің жеке сайттарын ашу барысындағы кейбір заңдылықтарға мән бермейді. Кез келген мекемеде сайт ашу жұмыстарымен айналысатын бір жауапты адам болады. Ол адам сайтты ашу кезінде бұл жұмысты тезірек бітіру үшін сайтты мекемеге емес, өз атына тіркейді. Мысалы, akimat.kz деген сайтты сол әкімдіктің программашысы өз атына тіркеді делік. Кейін ол адамның белгілі бір себептерге байланысты жұмыстан кеткенде: «Бұл — менің атымда тіркеулі тұрған сайт, мен оны өзіммен бірге алып кетемін» деуге толық құқы бар. Себебі, ол сайт — оның меншігі болып табылады. Міне, осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін не істеу керек? Сайтты мекеменің атына ашу керек. Не болмаса, мекеме мен программашының арасында сайт программашының атына тіркелгенімен, ол мекеменің меншігі екендігі көрсетілген келісімшарт жасалуы керек.

—    Бұл зияткерлік меншік құқы тек интернет қана емес, барлық салаға тән ғой. Егер мен белгілі бір нәрсе ойлап тапсам және соны өзім қызмет етіп жүрген мекеменің жұмысын жақсарту үшін пайдалансам, тек мен ғана емес, менің әріптестерім де пайдаланатын болса, кейін ол өндіріске тұтас енгізілсе, мен автор ретінде оны пайдалануға тыйым сала аламын ба?

—    Әлбетте, тыйым сала аласыз. Өйткені, сіз авторсыз. Авторды авторлық құқынан ешкім айыра алмайды. Мысалы, мен Исмаилов деген автордың өзі салған жалғыз дана суретін сатып алдым дейік. Сатып ала отырып, арада келісімшарт жасасуым керек. Егер келісімшарт болмаса, мен оны сатып алғандығыма қарамастан, автордың рұқсатымен пайдаланатын боламын, өйткені ол суретті менен кейін 100 адам сатып алса да авторы бір адам болып қалады. Белгілі бір автордың шығармасы ол дүниеден өткеннен кейін 70 жылдан кейін ғана қоғамдікі болып есептеледі.        

Бұл шығармашылық жұмыспен айналысатын журналистерге де қатысты. Мысалы, сіз жақсы бір мақала жаздыңыз делік. Өз газетіңізге жарияланғаннан кейін оны басқа басылымдарға бергіңіз келді. Егер сіздің өз басшылығыңызбен арада «осы жерде жұмыс жасап жүрген кезде жазылған мақалалардың барлығы редакцияның меншігі болып табылады» деген мағынадағы меншік құқына қатысты келісімшарт болмаса, оны автор ретінде қай басылымға берсеңіз де, еркіңіз. Егер, басшылығыңызбен арада жоғарыдағыдай келісімшарт болса, сіздің жазған дүниелеріңіздің барлығы осы редакцияның меншігі болып табылады.

Мысалы, бір адам бір мекеменің жұмысын жақсарту үшін қызықты әрі пайдалы бағдарлама ойлап тапса, оны мекеме өз жұмысына енгізсе, мекеме басшылығы автормен бағдарламаны одан әрі қолдану, тарату, өзгерту құқын иелену үшін келісімшартқа отырады.     

—    Ал егер мен автор болсам, міндетті түрде сол мекеменің басшылығымен келісімге отыруым керек пе?

—    Өз еркіңіз. Келісімшарт жасамаймын, автор ретінде өзім әрекет етемін деуге де құқыңыз бар. 

—    Заң бойынша зияткерлік меншік екі санатқа бөлінеді — өнеркәсіптік меншік және авторлық құқық. Осы екеуінің қайсысы қазір көбірек бұзылады?

—    Авторлық құқық болар. Өйткені, өнеркәсіптік меншікке патент берілетін  өнертабыстар, селекциялық жетістіктер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары және тауар шығуының атауы кіреді, ол енді қарқын алып дамып келе жатыр. Авторлық құқық объектілеріне роман, поэма және пьеса сияқты әдеби туындылар, драмалық және музыкалық туындылар, бейнелеу, мүсіндеу, графика, сәулет туындылары, фотосурет туындылары, тағы басқалары жатады. Бір мысал ретінде компьютерлік бағдарламаларды айтуға болады. Қазір компьютермен жұмыс жасаудың кең тарағандығы соншалықты, ешбір мекеме өз жұмысын компьютерсіз елестете алмайды. Ал компьютермен жұмыс жасау үшін міндетті түрде компьютерлік бағдарлама керек қой. Microsoft, Photoshop, Corel, бухгалтерияда қолданылатын 1С секілді бағдарламалардың лицензиясы барынан гөрі қарақшылық түрін сатып алу арзанға түседі. Сондықтан кейбір мекемелер қарақшылық бағдарламаларды алады. Қарақшылық бағдарламалардың бір жаманы — оларды тоқсан сайын ауыстырып тұру керек және ол істен шықса, компьютердегі қажетті ақпараттарды бір сәтте жоғалтып алуыңыз әбден мүмкін.

—    Қарақшылық бағдарлама екенін білмей алғандар не істейді?

—    Негізінен 85-87 пайызы біліп істейтіндер ғой. Бірақ, қалай болғанда да заң ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Әділет департаменті мекемелерде осындай тексеру жүргізгенде оның қандай бағдарлама пайдаланып отырғандығын, жақында өшіріп тастаған бағдарламаларын, барлығын арнайы бағдарлама арқылы жылдам анықтай алады. Тексерудің және анықтаудың жолы өте жеңіл.

—    Интернеттен қандай да бір бағдарламаларды тегін жүктеген болса ше?

—    Оған ешкім шек қоя алмайды. Интернеттен тегін жүктеп алып өз компьютеріне орнатса, ешкімнің «бұл — заңсыз» деп айтуына құқы жоқ.

Айта кететін мәселе — «менде қарақшылық бағдарлама тұр еді, егер оны біліп  қалса, құртады» деген түсінік болмауы керек ешкімде. Біздің мақсат ұстап алып жазалау, іс қозғау емес, тәртіпке келтіру. Мемлекеттік бақылау туралы заңға сәйкес, белгілі бір мекемеде жоспарланған тексеріс болатын болса 30 күн бұрын ескертіледі. Егер осы 30 күнде олар жұмыстарын тәртіпке келтірсе, құба құп. Жоспардан тыс тексеріс бір күн бұрын ескертіледі.

Және адамдар біз Microsoft-тың немесе басқа компанияның, не сол компанияның өнімдерін пайдаланатын тараптың мүддесін қорғайды деп ойламауы керек. Біз тек екеуінің арасындағы қарым-қатынастың заңды болуын қадағалаймыз. Егер осы және басқа мәселелерге қатысты сұрақтары бар азаматтар болса, 563080 телефоны арқылы облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік бөліміне хабарласа алады немесе www.adiletaktobe.kz сайтына хат жазуына болады. Барлық сұрақтарыңызға жауап береміз.         

 

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button